Қарағанды облысында әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға газға қосылуға көмектеседі

23 Мамыр 2022, 20:08
2133
Бөлісу:
Қарағанды облысында әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға газға қосылуға көмектеседі
Фото: ашық дереккөз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында газға қосылуға субсидия төленеді. Көмекті азаматтардың әлеуметтік осал санаттары ала алады. Ол үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлінеді.

Өңірді одан әрі газдандыру туралы аппараттық кеңес барысында энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов баяндады.

2021 жылдың қазан айында Жезқазған, Теміртау және Қарағандыда алғашқы іске қосу кешендерінің газ тарату желілері іске қосылды. Салынған нысандар «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ сенімгерлік басқаруына өтті. Үш қалада жеке сектордағы 2705 тұрғын үйге газ тартылды.

Газдандыру жұмыстары әлі де жалғасуда.

Қарағанды мен Теміртауда екінші іске қосу кешенінің құрылысы аяқталу сатысында. Жезқазғанда 1-ші кезектегі екінші іске қосу кешенінің салынған желілерін сенімгерлік басқаруға беру жүргізілуде. Барлық үш қала бойынша үш іске қосу кешенінің құрылысы 2023 жылдың бірінші тоқсанында аяқталады. Саран қаласында газ құбырын тарту жұмыстары жалғасуда, – деді Ұлантай Үсенов.

Оның айтуынша, жыл соңына дейін үш қалада тағы 4000 үйге газ тарту жоспарланған.

Шахтинск қаласында, Жаңаарқа және Осакаровка кенттерінде газбен жабдықтау желілерінің құрылысына шарттар жасалды. Бұқар Жырау және Шет аудандарын, Қаражал қаласының Жәйрем кентін газдандыруға ЖСҚ әзірленуде.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек тұрғындарды газға қосу жұмыстарын белсендірек жүзеге асыруды тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы