Қарағанды облысында 734 шақырым жол жөнделеді

6 Сәуір 2023, 13:06
803
Бөлісу:
Қарағанды облысында 734 шақырым жол жөнделеді
PHOTO
Фото: автордан

Биыл Қарағанды облысының бірқатар аудандарында жол жөндеу жұмыстары жүріп, бірнеше көпір қалпына келтірілетін болады, деп хабарлайды Қарағанды облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Көктем келе Қарағандыда қар ғана емес, асфальт та еріп, автокөлік жүргізушілерінің мазасын қашырды. Қарағандының бірнеше аудандарына жолаушы тасып, қызмет көрсететін такси жүргізушілері жолдардың сапасына наразы.

Көлікпен жүру қиындап кетті. Асфальт шұрық-тесік. Жолдың мұндай жағдайы жол-көлік оқиғаларының көптеп болуына әкеледі. Бұл адам өміріне де қауіп төндіреді. Жолдардың нашарлығынан көлігімізді айына бірнеше рет жөндеуге мәжбүрміз. Қарағанды мен аудандардың арасын қосатын жолдар тезірек жөнделсе екен дейміз, - дейді қала тұрғыны Асылбек Құманов.

Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының айтуынша, биыл облыс бойынша жалпы ұзындығы 734 шақырым жол жөнделеді. Оның 317 шақырымы облыстық деңгейдегі жолдар.

Қарағанды облысында 734 шақырым жол жөнделеді

Биыл жөнделетін жолдардың 317 шақырымы облыстық деңгейдегі жолдар. Мұнда 103 шақырым жолға қалпына келтіру жұмыстары жүргізілсе, 214 шақырым жолға күрделі және орташа жөндеу жүргізілетін болады. Бұған бюджеттен 15,1 миллиард теңге бөлінген. Сондай-ақ, 4 көпір мен жалпы ұзындығы 103 шақырым болатын  6 жол учаскесінде қайта қалпына келтіру жұмыстары жалғасын табатын болады. Бұл үшін 4,1 млрд теңге бөлінген. 9 жол учаскесіеде орташа жөндеу жұмыстары жүреді. Жолдардың жалпы ұзындығы 195 шақырым. Бюджеттен 9,3 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылған, - дейді басқарма басшысы Мақсұт Қожанов.

Қарағанды облысында 734 шақырым жол жөнделеді

Сонымен қатар, облыстық деңгейдегі «Қарағанды-Саран-Шахтинк» бағытындағы жолды күрделі жөндеу жалғасатын болады. Биыл аталған жолдың 19 шақырымы жөнделеді, оған 1,4 млрд теңге бөлінген. Абай ауданының «Жартас-Долинка» учаскесінде 21 шақырым жолдың төсемі жаңартылады. Сондай-ақ, Шерубай-Нұра өзеніндегі көпірді жаңарту жобасы биыл басталады. Жобаның жалпы құны 734,5 млн теңге.

Қарағанды облысында 734 шақырым жол жөнделеді

Басқарманың мәліметінше, Бұқаржырау ауданында «Новодолинка-Шахан-Молодецкое» бағытындағы автокөлік жолының 17 шақырымында қайта қалпына келтіру жұмыстары жалғасын табады. Қазіргі уақытта көлік жолдарындағы жөндеу жұмыстар аяқталған, тек биыл аббаттандыру бойынша шаралар атқарылады. Сондай-ақ, аталған жолды кесіп өтетін Нұра және Соқыр өзендерінің бойындағы 2 көпірді жаңарту жұмыстары жолғасын табады. Осакаров ауданында «Оскаров-Молодежный» бағытындағы жолдың 16 шақырымы, «Нұра-Осакаров» жолының 20 шақырымын жөндеу жоспарланып отыр. Нұра ауданындағы «Нұра-Шахтер» трассасының 20 шақырымы жөнделеді. Аталған жолдардағы жөндеу жұмыстарын 2024 жылы аяқтау көзделіп отыр.

Қарағанды облысында 734 шақырым жол жөнделеді

Биылғы жылы «Қарағанды-Қарқаралы» трассасында 44 шақырым жол төсемін жөндеуді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні жолды жөндеу жұмыстарымен айналысатын мердігер компаниялар анықталған. Жолдың 34 шақырымын ТОО «Қарағанды Жолдары» және 10 шақырымын ТОО «Райс.кз» компаниялары жөндейтін болады, - деді Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы.

Жолдардағы жөндеу жұмыстары асфальт-бетон зауыттары өз жұмысына кіріскен кезде басталатын болады.

Өзгелердің жаңалығы