Қарағанды облысында 5 жылда 4,2 млн ағаш егілмек

16 Мамыр 2024, 10:51
432
Бөлісу:
Қарағанды облысында 5 жылда 4,2 млн ағаш егілмек
Фото: Артём Чурсинов - архив

Алдағы жылдары кеншілер аймағының орман қоры ұлғайып, облыста қарағай, қарағаш пен үйеңкінің 4,2 млн данасы егілмек, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінде Қарағанды облысының мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы 127 мың гектар, оның 69 мыңын орман алқабы алып жатыр.

Алдағы бес жылда облыстың орман қорының 1750 гектар аумағында 4,2 млн ағаш егуді жоспарлап отырмыз. Биыл көктемгі ағаш егу шаралары аяқталды. Облыс бойынша 223 гектар алқапқа 614 мың қарағаш пен үйеңкі егілді. Жалпы жыл соңына дейін Кувский орман қорының, Егіндібұлақ елдімекенінің, Теміртау қаласының маңайында 620 гектар аумаққа 1,2 млн ағаш егілетін болады, - дейді Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бақтияр Санбаев.

Облыстың орман қорын сақтау, орман өртін болдырмау мақсатында өткен жылы бюджеттен 1,1 млрд теңге бөлініп, орман мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалған. Басқарма басшысының айтуынша биылғы жылы да өрт сөндіру машиналар, патрульдік кешендер сатып алынып, өрт сөндіруші станция салынбақ.

2023 жылы орман өртінің алдын алу мақсатында 5 бірдей орман өртін сөндіру станциялары салынды, трактор, су тасушы, өрт сөндіруші және патрульдік көлік сияқты 42 арнайы техника сатып алынды. Қызметкерлер арнайы формамен қамтамасыз етілді. Жаңа жұмыс орындары құрылды. Қазіргі уақытта облыста тоғыз өрт сөндіруші станция бар. Биыл Шахтинск қаласында да өрт сөндіруші станция салынатын болады. Сондай-ақ, орман өртін жедел анықтау жүйесі орнатылмақ. Бейнекамералар мен жылу датчиктерінен тұратын ақылды жүйе орман өртін бастапқы кезеңде анықтауға мүмкіндік береді, - дейді Бақтияр Санбаев.

Өзгелердің жаңалығы