Қарағанды облысында 3 жекеменшік мектеп рұқсат құжаттарынсыз ашылған

Бүгiн, 17:47
123
Бөлісу:
Қарағанды облысында 3 жекеменшік мектеп рұқсат құжаттарынсыз ашылған
Фото: Артём Чурсинов - архив

Биылғы оқу жылында аймақта 3 жекеменшік білім ордасы ашылды. Алайда жекеменшік мектептер лицензиясыз, рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеп келген, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қарағанды облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті биыл аймақта ашылған 3 жекеменшік мектептің үшеуі де рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істегенін мәлімдеді.

Демографиялық өзгерістер мен оқушылар санының өсуіне орай білім беру мекемелеріне деген сұраныстың артуына байланысты жекеменшік мектептердің ашылуы заман талабына сай болып отыр. Биылғы оқу жылында біздің облыста 3 жекеменшік мектеп ашылды. Өкінішке орай, жекеменшік мектептер өз жұмысын рұқсат құжаттарынсыз бастады. Заңнамаға сай лицензия алу үшін мектеп біліктілік талаптарына сай болуы қажет. Лицензиясыз жұмыс істегені үшін жекеменшік мектептер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салынды, - дейді департамент басшысы Шынар Ақпарова.

Департаменттің мәліметінше, қазіргі уақытта аталған жекеменшік мектептердің тек біреуі рұқсат құжаттарын алған. Қалған 2 мектептің құжаттары департаменттің қарауында.

ҚР Заңнамасына сай көрсетілетін қызметтің сапалы болу қажеттілігіне кәсіпкерлердің назарын аударғым келеді. Сонымен қатар, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету де басты мәселе болу керек. Балаларға барынша қауіпсіз, әрі жайлы жағдай жасау олардың сапалы білім алуларына мүмкіндік береді. Жекеменшік мектеп ашқысы келетін кәсіпкерлердің назарын осыған аударғым келеді. Лицензияны 6 ай бойы алмаған мекеменің жұмысы сот шешімімен тоқтатылатындығын ескерткім келеді, - дейді Ш. Ақпарова.

Өзгелердің жаңалығы