Қарағанды – Қарқаралы тас жолында соңғы айлардың ең ауыр апаттарының бірі болды. Екі жеңіл көліктің соқтығысуы салдарынан бес адам қаза тауып, тағы екі адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқиға 13 қыркүйекте Шешенқара ауылының маңында болған. 33 жастағы Ford Mondeo жүргізушісі жүк көлігін басып озбақ болып, қарсы жолаққа шыққан сәтте Changan автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан.
Соқтығыс салдарынан Changan көлігінің 38 жастағы жүргізушісі мен жолаушысы, сондай-ақ Ford көлігіндегі үш жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Тағы екі адам түрлі жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілді.
Ford жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс қозғалып, ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.
Жол қозғалысы ережелерін сақтамау орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Жылдамдықты арттыру, қауіпті маневрлер мен қарсы жолаққа шығу – әрдайым өмірге төнген қауіп, – деп мәлімдеді Бұқар Жырау аудандық полиция басқармасы.
Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккендердің жағдайы ауыр.
Ауруханаға бір ересек пен екі бала жеткізілген.
Балалар санитарлық авиациямен облыстық балалар клиникалық ауруханасына жеткізілді. Қазіргі уақытта барлығы жансақтау бөлімінде жатыр, – делінген ведомство таратқан мәліметте.
Еске салайық, Жетісуда жантүршігерлік жол апатынан 10 адам қаза тапты.