Қарағанды автобустарында жолақы қымбаттады

3 Маусым 2024, 10:53
427
Бөлісу:
Қарағанды автобустарында жолақы қымбаттады
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив

3 маусымнан бастап Қарағанды мен серіктес қалаларға қатынайтын қоғамдық көліктердегі жолақы құны қымбаттады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Енді қарағандылықтар мен қала қонақтары автобустарда ONAY! электронды төлем жүйесі арқылы қолмақол ақшасыз 100 теңге, ал қолмақол ақшамен 200 теңге төлейтін болады. Бұған дейін тариф қолмақол ақшасыз 80 теңге, ал қолмақол ақшамен 160 теңге болған.

Еске салайық, наурыз айында мәслихаттың кезекті сесиясында жолақыны көтеру жайлы шешім қабылданған болатын. 

Жаңа тарифті мамыр айынан бастап қолданысқа енгізу қарастырылғанымен, кейінірек бұл шешім 1 айға шегерілді.

Қоғамдық көліктегі тариф 1 маусымнан бастап қолмақол ақшасыз 100 теңге және қолмақол ақшамен 200 теңге болатындығы жайлы хабарланған болатын. ONAY! электронды төлем жүйесіндегі техникалық баптаулардың жүргізілуіне байланысты тарифті көтеру 3 маусым дүйсенбіге ауыстырылған болатын. Бүгінгі күннен бастап қала ішілік және қала маңы автобустарындағы тариф өсті, - деп хабарлады Қарағанды қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Әсел Сәдуақасова.

Қарағандылықтар бұл жаңалықты қуана қабылдамады. Жолақының өсуі қалтамызды қағады дейді.

Егер де тек жұмысқа барып, үйге қайтып келсеңіз, әрине жолақының қымбаттағаны білінбейтін еді. Кей күні жұмыс барысымен бірнеше автобусқа ауысып мінуге тура келеді, электронды төлем жасағанның өзінде күніне шамамен 600-800 теңге жолға кетеді деген сөз. Кей мемлекетте электронды билет 1 сағатқа дейін жарайды екен. Бізде де осындай өзгеріс жасаса жақсы болар еді. Кейде ауылдан, не басқа қаладан туған-туыстар, таныстар келіп жатады. Олар автобуста қолмақол ақшасыз екі есе жолақы төлеу керек. "Оңаймен" бір автобуста бірнеше адамға төлем жасай алмайсыз, - дейді қала тұрғыны Жұлдыз Әбдіразақова.

Биліктегілер қоғамдық көліктердегі тарифті көтеру уақыт талабынан туған шешім екендігін айтады.

Тарифті көтеру заң аясында жүргізілді. Қала әкімдігі мен жолаушылар көлігі басқармасының қызметкерлері не себепті жолақыны көтеру қажет екендігін түсіндірді. Өздеріңіз білетіндей, 2014 жылдан бері тариф көтерілген жоқ. Одан бері 10 жыл өтті. Осы он жылда жолаушылар тасымалының барлық бағытындағы баға көтерілді. Автобустардың қосалқы бөлшектері, жанар-жағармай, жүргізушілердің жалақысы өсті. Тек өткен жылдың өзінде дизель отынының бағасы 28 пайызға қымбаттаған. Сондай-ақ қала әкімдігі мен автопарктер бірлесе автобустарды жаңарту жұмыстарын да жүргізіп жатыр, - дейді Қарағанды облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Мұқашев.

Басқарма басшысының айтуынша, тек өткен жылы Қарағанды облысына 195 жаңа автобус қолданысқа енгізілген. Оның басым бөлігі, яғни 145 автобус облыс орталығындағы маршруттарда қолданыста. Жалпы қалада қатынап жүрген автобустардың орташа жасы 6 жылды құрайды.

Бұл атқарылған шаралар жолаушылар тасымалы саласындағы қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты қаламыздың тұрғындары тарифтің көтерілуіне түсіністікпен қарайды деген ойдамын, - дейді Мақсат Мұқашев.

Бұған дейін қала автобустарындағы 80 теңге тарифі 2014 жылы қаңтар айында бекітілген болатын. Одан бері тасымалдаушылардың негізгі шығындарының өзі 3,5 пайынға өскен. Бұған жүргізушілердің жалақысын, дизель отынын, дөңгелектерді жатқызуға болады. Соңғы жылдары автопарктер қалаішілік және қала маңы маршруттарына 328 автобус сатып алған. Жолдағы автобустар саны 300-ден 420-ға дейін өсті. 3 жаңа маршрут ашылса, бұрын қолданыста болған 3 маршрут қайта қалпына келтірілді. Майқұдық пен Пришахтинск ықшам аудандарына қатынайтын автобустардың кешкі уақыты 22 сағат 30 минутқа дейін ұзартылды.

Билік өкілдерінің айтуынша, жолақы құны өскенімен, әлеуметтік осал топтарына арналған жеңілдіктер бұрынғысынша қалады. Қарағанды автобустарында 18 жасқа дейінгі балалар, көпбалалы аналар, 1, 2, 3 топтағы мүгедектер, ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары, мүгедектердің қамқоршылары, желтоқсаншылар, жерасты және тау-кен салаларының жұмыскерлері, еңбек жағдайлары қауіпті және ауыр жұмысшылар, қаза болған әскери қызметкерлердің отбасы мүшелері тегін қатынаса, зейнетақысы 22 АЭК-дан төмен зейнеткерлер үшін жолақы құны 50 теңге көлемінде қалмақ.

Субсидиялау бойынша әлеуметтік осал топтар мен басқа да қала тұрғындарына арналған жеңілдіктер қарастырылған. Біз жыл сайын субсидиялауға 18,6 млрд теңге бөлеміз. Осы уақытқа дейін тарифті өсірмей ұстап тұру мүмкін болған еді. Әрі қарай бұл мүмкін болмай отыр, - дейді қала әкімі Мейрам Қожухов.

Осылайша Қарағанды еліміз бойынша автобустарындағы жолақы құны ең қымбат қалалардың қатарына кірді. Қазір қолмақол ақшасыз 100 теңге тарифі Алматы, Қостанай және Павлодар қалаларында бекітілген. Астанада тариф 90, Шымкентте 70, Атырауда 80 теңге.

Өзгелердің жаңалығы