SCAT AIRLINES әуекомпаниясының «Қарағанды-Анталия» бағындағы 5268 рейсінің 300-ге тарта жолаушысы бір тәуліктен астам уақыт бойы рейстің орындалуын күтуге мәжбүр болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұшу уақыты бірнеше рет кейінге шегерілген.
Қарағандының «Сары-арқа» әуежайында 3 шілдеде таңғы 05:05-де орындалуы тиісті «Қарағанды-Анталия» бағытындағы рейс 30 сағатқа кешігіп, 4 шілде 10:00-де ұшқан. Жолаушылардың айтуынша, бастапқыда рейстің не себепті кешіктірілгендігі жайлы оларға нақты ақпарат берілмеген. Әуекомпанияның өкілдері бірде жанар-жағармай таусылып қалды десе, бірде әуе кеңістігі бос еместігін айтқан. Дегенменде, Қарағанды әуежайы рейстің кешіктірілуі ұшақта ақаулардың анықталуына байланысты екендігін растады.
Біздің рейс бір тәуліктен астам кешіктірілді. Отбасымызда 6 адамбыз, оның төртеуі бала. Демалысқа 2,5 млн теңге қаржы жұмсадық. Алайда әуекомпанияның кесірінен демалысымыздың бір күнін жоғалттық. Рейстің 300 жолаушысы төлқұжаттық бақылаудан өтіп, әуежайдың шағын күту залында күтуімізге тура келді. Жолаушылардың барлығына отыратын жер жетпеді. Әуекомпания, тіпті, жолаушыларды тамақтандырмады да. Әуежай бутерброд пен су берді. Оның өзі балаларға ғана. Тек 1 тәуліктен кейін ыстық тамақ берді. Оның өзінде отбасымыздағы екі адамға ғана берілді. Күту залында шағын екі кафе бар. Екеуінде де жүрек жалғайтын ештеңе қалмады. Балалар да, үлкендер де аш болдық, - дейді қарағандылық Амина Байтасова.
Жолаушылар транспорттық прокуратура мен полиция шақырып, ұжымдық арыз қалдырған. 300-ге тарта жолаушыны зарықтырған рейс тек бір тәуліктен кейін 10:00-де Қарағандыдан Анталияға қарай жолға шықты.