Қарағанды облысының «Астана – Қарағанды – Алматы» республикалық жолында жол апаты болып, бес көлік соқтығысқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2026 жылғы 10 наурыз сағат 15:00 шамасында республикалық маңызы бар «Астана – Қарағанды (айналма жолы) – Алматы» автожолының 250-шақырымында, Қарағанды – Ақсу-Аюлы бағытындағы жол учаскесінде, Атамекен ауылы маңында бес көліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Бұған дейін ауа райының күрт нашарлауына байланысты (ұйытқыған қар, боран, екпінді жел, көріну деңгейінің төмендеуі) сағат 10:40-тан бастап аталған автожол учаскесінде барлық көлік құралдарының қозғалысына уақытша шектеу енгізілген болатын. Соған қарамастан, аталған көлік құралдары жол қозғалысына қойылған шектеуді елемей, жабық учаскеге шығып кеткен, - деп хабарлады "ҚазАвтоЖол" компаниясының баспасөз қызметі.
Жол қызметкерлері оқиға орнына жеткен кезде көлік жүргізушілері орнында болмаған. Сонымен қатар кейбір көлік құралдарында мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері жоқ болған.
Еске салайық, бұған дейін Астана – Қарағанды жолында бірнеше көлік соқтығысып, бір адам қаза тапты.