Атырау облысы Жылыой ауданының тұрғыны бауыр еті баласын өлтірген қылмыскерлердің жазаланғанын қалайды. Себебі оқыс жағдайға себепшілер әлі табылмаған, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Қайғылы оқиға осыдан бір ай бұрын Жылыой ауданында болған. Айгүл Қиықованың сөзінше, тұңғыш ұлы 15 тамыз күні сауық кешіне кетіпті. Досын туған күнімен құттықтап болған соң, сол күні марқұм болған Аслан өзге жолдастарына қол ұшын созу мақсатында кештен кетуге бел байлайды. Отырыстан Асланды жібергісі келмеген достары сол жерде сөзге келіп, төбелес шығарады. Жұдырық ала жүгіргендердің арасында Айгүл Қиықованың ұлы мерт болған.
Кеше ғана сот сараптамасының қорытындысы шықты. Ұлым басынан, құлағынан, желкесінен соққы алған. Дегенмен кінәлілер әлі жазаланған жоқ. Шөлмекпен, таспен аяусыз ұрған. Адам өлтіргендер жазасыз қалмау керек, - дейді марқұмның анасы А.Қиықова.
Қазір марқұмның өліміне себепкерлер әлі анықталған жоқ. Сол мезетте оқиға орнында болған бір топ жігіттің біреуі ғана қамауда. Оның өзі адам өліміне қатысы бар деп емес, денсаулыққа зиян келтіргені үшін тергеліп жатқан көрінеді.
Облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасы қылмыстық кодекстің 106 бабы, 3 бөлігіне сәйкес тергеу жүргізіп жатыр. 1995 жылғы күдікті қазір қамауда. Сараптамалар тағайындалды. Тергеу барысында күдіктілер саны өзгеруі мүмкін. Өзге ақпарат қк 201 бабына сәйкес жариялауға жатпайды,- дейді Облыстық ПД баспасөз хатшысы М.Ердәулет.
Ұлын үйлендіріп, енді қызығын көремін деп отырған келіншек қайғыдан қан жұтып отыр. Бауыр еті баласын жерлей салысымен құзырлы органдарға шағымданған ана жауаптылардан әлі ақпарат ала алмай дал. Шарасыз тұрғын мәселе облыс деңгейінде шешілмесе, жоғарғы жоғарғы сотқа шағымданбақ. Қылмыс жасап, ізін суытқандарға шара қолданылу керек деген ойда.