Қар шығару қарқын алды

7 Наурыз 2025, 09:03
243
Бөлісу:
Қар шығару қарқын алды
Фото: автордан

Батыс Қазақстан облысының су басуы ықтимал елді мекендерін қардан тазалауға биыл 1,7 млрд теңге бөлініп, 580 мың текше метр қар арнайы белгіленген орындарға тасымалданған. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті. 

Қазіргі уақытта өңірде қардың қалыңдығы 7-38 см аралығында. Ақұлпаның жоғары көрсеткіштері Қаратөбе (36 см), Сырым (38 см), Бөрлі (22 см), Шыңғырлау (25 см) аудандарында тіркелген. Ең жұқа қар жамылғысы Бөкей Ордасы (7 см) ауданында екен. 

Қар шығару және арықтарды тазалау жайы Орал қаласында да басты назарда. Облыс орталығындағы 66 км арықтың қазір 25 шақырымы аршылған. Қала сыртына 262 мың текше метр қар шығарылыпты. 

Соңғы аптада "ЖайықТазаҚала" кәсіпорны екі ауысымдағы еңбек кестесіне көшті. Жұлдыз, Ескі әуежай, Ет комбинаты аудандары мен қаланың орталық бөлігінде жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Өйткені аталған аудандарда еріген қар суы жылда жеке үйлерге қауіп төндіріп жүр, - дейді Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Мержан Шамуров. 

Орал өңіріндегі көктемгі су тасқынын мамандар бірнеше кезеңге бөледі. Әуелі еріген қар суы көшелерге толып, аулаларды басса, одан кейін кіші өзендер тасиды. Ал сәуір айында бастауын Ресейден алатын Жайық, Шаған, Қараөзен, Сарыөзен секілді трансшекаралық дарияларға кезек келеді. Осы ірілі-уақты өзендерден елді мекендерді қорғау мақсатында былтырдан бері ұзындығы 143 км болатын 81 қорғаныс бөгеті салынған, 9 км су бұру каналы, 93 км арық қазылған, елді мекендердің ішінде 582 метр су өткізу тұрбасы орнатылған, 74 км магистральдық канал тазартылған. Мамандар атқарылған жұмыстар нәтижесінде өткен жылғыдай су тасқыны қайталанбайды деген сенімде. 

Тайыр Жәнібек

Өзгелердің жаңалығы