"Қаныштың ізімен". Жас ғалымдар экспедицияға қайда аттанады

27 Мамыр 2024, 15:25
273
Бөлісу:
"Қаныштың ізімен". Жас ғалымдар экспедицияға қайда аттанады

Ертіс өңірінің жас зерттеушілері ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы аясында "Қаныштың ізімен" атты экспедицияға аттанады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ғалымдар тобы Қаныш Сәтбаев жүріп өткен жерлерді аралап, тың ақпараттар жинауды көздеп отыр. Олар алдымен Ұлытау облысына аттанады.

Экпедция мүшесі Замира Солтанованың айтуынша, экспедицияның басты мақсаты – ғалым тұлғасын жан-жақты ашып, жұртшылыққа насихаттау.

Қаныш атамыз мәдениет, әдебиет, музыка, өнер салаларын дамытуда да өшпес із қалдырғаны белгілі. Мәселен, атамыз жаз кезінде ән шырқап, халықтың музыка шығармаларын да жинаған. Ол кезінде Затаевичке 25 әнді тапсырып, кейін музыка үлгілері "Қазақтың 500 әні мен күйі" атты жинағында басылып шыққан. Тағы бір мысал, академик ел аузынан жазып алған "Едіге батыр" жырының нұсқасы 1927 жылы Мәскеуде "Ер Едіге" атауымен жарық көрді. Ғалым бұл еңбегі үшін қудаланғаны тарихқа мәлім, - дейді Замира Солтанова.

Ә. Марғұлан атындағы университет жанындағы ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері Болатбек Мұзафардың айтуынша, экпедиция аясында Қаныш Сәтбаевпен қасиетті жезді өңір, Қарсақбай жерінде жанаса еңбек атқарған азаматтардың ұрпақтарымен кездескісі келеді.

Сол азаматтармен жүздесіп, академик туралы тың деректер жинаймыз деген ойдамын. Жергілікті ғалымдар мен зерттеушілер, музей қызметкерлерімен де кездесеміз. Сонымен қатар "Қазақмыс" кәсіпорнын араламақпыз, - дейді экспедиция мүшесі.

"Қаныштың ізімен" экспедиция құрамында 30-дан астам жас болады. Олардың қатарында ғалымдар, өнерпаздар мен өзге сала қызметкерлері бар. Үш күндік сапар аясында шатырлар тігіліп, жұмыстардың барлығы ашық аспан астында жүргізілмек.

Өзгелердің жаңалығы