Қаңыраған ауыл, құлазыған көңіл

7 Қыркүйек 2022, 09:40
3421
Бөлісу:
Қаңыраған ауыл, құлазыған көңіл
PHOTO
Фото: автордан

Қостанай облысының інжу маржанындай қарасаң көздің жауын алатын аққайың мен қарағайы қатар өскен Әулиекөл ауданындағы орман өртінен қауіп әлі де болса сейілген жоқ. Қазіргі жағдай бойынша өрт әлі күнге дейін толыққанды өшірілген жоқ, деп хабарлайды Қостанай облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

Тілсіз жаумен күні-түні күресіп жатқан құтқарушылардың таратқан соңғы  мәліметтерге сәйкес, Озерное, Лесной, Аманқарағай ауылдарында әлі күнге бықсып жанып жатқан жерлер мен баспаналар бар.  Ал Бағаналы ауылында өртті  ауыздықтау әлі мүмкін болмай тұр. Елді мекендерге төнген  қауіп әлі сейілген жоқ. 

Бұл күнде Әулиекөл ауданының іргесіндегі Аманқарағай ауылына келгендер бейне бір қорқынышты кинодағы «өлілердің мекеніне» тап болғандай күй кешеді. Қарап тұрып төбе құйқаң шымырлайды.

Қаңыраған ауыл, құлазыған көңіл

Елордамен байланыстырып тұрған күре жолдың бойында екі жағынан сәнденіп сап түзеген қарағай мен аққайыңның қара күйе жамылғанын көргенде кім-кімнің де жүрегі сыздайтыны анық. Оның үсіне жол бойындағы отқа оранып, қабырғалары қақыраған  дәмханалар, дүкендер, тұтас ауылда көшелерді бойлай қаздай тізілген үйлер мен жайқалған бау-бақшалар, өрттен жансауғалайтын пана таппай тірідей жанып  теңкейіп жатқан тұрғындардың ақ адал малдарының өлексесін көргенде тірідей тозаққа тап болғандай күй кешеді екенсің.

Нағыз тозақ ортасынан жансауғалап тірі қалған аманқарағайлықтар ауыр сынақтан әлі ес жия алмай отыр. Бар жиған тергендерінен бір сәтте айырылып, нағыз қыс жақындаған кезде далада қалған  халықтың мұңлы жанарынан бір ғана сауалды аңғаруға  болады. Ол сауал бұндай жағдайға қалай жол беруге болады деген сауал. Бірақ, оған жауап іздеп табу қиын.

Қаңыраған ауыл, құлазыған көңіл

Жергілікті тұрғындардың айтуына қарағанда, орман өрті жыл сайын қайталанатын үйреншікті жағдай деуге болады. Бірақ, бұл жолғы өрт талай шаңырақты бір сәтте күлге айналдырды. Осындай сұмдықты ешкім көрмепті. Аманқарағай аулының жанынан өтетін темір жолдың ар жағында орналасқан Дмитрий Евдокимов баспанасының өрттен аман қалғанына шүкіршілік етеді. Бұл осы ауылдағы өрттен аман қалған бірнеше үйдің біреуі. Олардың баспанасын аман алып қалуға өрт сөндіретін пойыздың көмегі тиіпті. Ал басқа ауылдастарына Дмитрийдің бақыты бұйырмаған. Себебі, небір қызықты сәттерін өткізген алтыннан қымбат баспаналарын тұтқиылдан келген тілсіз жау бір сәтте жалмап өтті. 

Баспанасы аман  қалған Дмитрий Евдокимов бұл күнде қол қусырып қарап отырған жоқ, баспанасыз қалған ауылдастарына қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да қол ұшын созып, көмегін көрсету үшін даладан темір-терсек жинап түскен ақшаны өрттен зардап шеккен тұрғындар үшін арнайы ашылған қорға аударып отыр екен. Осыған қарап ауыл халқының бірлігіне еріксіз бас шайқайсыз. 

Қаңыраған ауыл, құлазыған көңіл

Мен бұндай апатқа қалай жол берілгенін білмеймін.  Өрттің негізгі ошағы біздің ауылдан 40 шақырым қашықтықта тұтанса да, бір сәтте осындай лаң салып, Аманқарағайды жермен-жексен етеді деп ешкімнің ойына кіріп шыққан жоқ. Қатты жел болды делік, сонда арнайы қызмет қайда қарап отыр. Енді осындай орманды қайта қалпына келтіру үшін неше жыл кететінін ешкім де болжай амайды. Ауылда бұған дейін мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған, - дейді Аманқарағай ауылының тұрғыны Дмитрий Евдокимов.

Біз барғанда ауылдағы  Горький көшесі бойында  өрттен зардап шеккен тұрғындар күлге айналған баспанасының маңайын торуылдап, осында өткізген қызықты сәттерін еске түсіріп, айналсоқтап жүр екен. Жүректері қан жылап тұрса да бір-бірлеріне үміт сыйлап, жігерлендіріп қояды. 
Алдымыздан  шыққан Степан Ольховский сол араға келген ауылдастарымен шүйіркелесіп, аман қалғандарына қуанып жүр. 

Қаңыраған ауыл, құлазыған көңіл

Осында бүкіл ғұмырын өткізген мен секілді зейнеткерлерге өте қиын. Қартайған шағымызда осындай сұмдықты көреміз деп ойламадық.  Орман адамға күш беріп, ерекше әсер сыйлайтын еді. Оның сырын осында өскендер ғана біледі. Енді табиғат сыйлаған осындай көркем байлығымыздан қапияда айрылып отырмыз. Оның қалпына келеді дегеніне сену қиын, - дейді қария Степан Ольховский. 

Баспанасынан айрылған тағы бір ауыл тұрғыны Александр Клименко. Ол үйі өртенгеннен бері бірнеше күн болса да өзінің автокөлігінде ұйықтап, сол жерде тамақтанады. Бір сөзбен айтқанда, оның қолында қалған жалғыз мүлігі осы. Ол тұрғындарды көшірген  арнайы орынға барудан бас тартыпты. Себебі, өрттен кейін жұртында қалған кейбір заттары иесіз қалған ауылды торуылдаған ұрылардың оңай олжасына айнала ма деп қорқады. 

Енді не болатынын ойлағымда келмейді. Себебі, не істеу керектігін білмеймін. Әйелім түнде Арқалықтан пойызбен келеді. Содан кейін ақылдасып шешеміз. Ол мына сұмдықты көрген жоқ  деп күрсінеді Александр.  Біз ең бірінші түтінді Новонежинка ауылы жақтан байқадық. Бірақ соңы осылай болады деп ойладық. Біз мұндай сұмдықты ешқашан көрген емеспіз. Бізді эвакуациялаған кезде өрт сөндірушілер де болған жоқ. Бар болғаны ауылдың инспекторы келіп бізге қажетті құжаттарды жинап, кету керектігін айтты, - деп сол күнді өкінішпен еске алады  Александр Клименко.

Александр Клименко жақында ғана үйіне  сумен газ кіргізу жұмыстарын қолға алыпты. Өз қаражатына қажетті электр бағанын да орнатқан екен.

Қаңыраған ауыл, құлазыған көңіл

Газды үйге толық кіргіздім. Ал су бойынша азын-аулақ жұмыстар қалған еді. Бар арманым ауылда тұрсамда қаладағыдай өмір сүргім келді. Енді сол армандардың бәрі күлге айналы, - дейді Александр.

Орман өртенген кезде онда мекендеп жатқан аң-құстарға да оңай соқпаған көрінеді. Кейбірі жанын қоярға жер таппай бас ауған жаққа қарай қашса, қалғаны тілсіз жаудың құрбанына айналыпты.

Қаңыраған ауыл, құлазыған көңіл

Мұнда бәрі өртеніп жатқанда, орманнан жол бойындағы көпірге қарай бұғы, елік, иттер қашып шықты. Барлығы өрттен құтылуға тырысты, - дейді қорқынышты көріністі көзімен көрген жергілікті тұрғын.

57 жастағы аманқарағайлық  Иван Камерлохтың өрттен бұрын 49 шаршы метрлік хан сарайындай үлкен үйі және үлкен жер учаскесі болыпты. Онда ол шошқа өсіріп, тақтай тілетін шағын цехымен өз күнін көріп, жағдайын жасап отырыпты.  Енді олардың бірі де жоқ.  Өткенді еске түсіретін жұртында қалған кірпіштен салынған даладағы  дәретханасы мен тамақ істейтін пеші ғана тұр. Қалғанының бәріне бейне бір бомба түскендей опырылып жатыр.

Қаңыраған ауыл, құлазыған көңіл

Мен мұнда әйелім, қызым үшеуміз тұрдық. Ол 1 қыркүйекте 17 жасқа толды. Қазір біз уақытша әпкеміздің үйін паналап отырмыз. Өрт басталған кезде үйімізден ештеңе алып шыға алмадық. Машинама да оның тіркемесіне де үйдің бір қажетті мүлікті салып алып кетуге мүмкіндік болған жоқ. Ішім удай ашитыны құны 10 мың доллар тұратын ағаш шеберіне қажет фрезерлік-көшіру машинасын өрттен аман алып қала алмадым. Бұған дейін шошқа өсіріп келгем. Биыл өсіріп отырған шошқаларымның бәрін сатып ағаштан түрлі бұйым жасайтын шеберхана ашам деп жоспарлаған болатынмын. Енді оның бірі де жоқ. Мен не істеймін, білмеймін, - деп өкінішін өксігімен жеткізді Иван Камерлох.

Иванның қорасында өртке дейін 300 бас шошқа болыпты. Өрттен аман қалғаны 50 бас қана. Иесі шошқаларды құтқармақшы болып, қорадан алып шыққанымен шошыған хайуандар айдауына көнбепті. Сонымен, өрттің салдарынан 250 бас шошқасынан айрылып отыр. Қазір Иван өртенген үйінің жанындағы шошқаларының жемтігін жинастырып жүр. 

Бір кездері сәулеті мен дәулеті жарасқан сұлу табиғатымен көз тартқан Аманқарағайдың қазіргі жағдайы осындай. Қаңыраған ауыл мен құлазыған көңілді көргенде жанынды қоярға жер таппайды екенсің.

Өзгелердің жаңалығы