Әлеуметтік желіде бүгін коммуналдық қызмет үшін келген төлемдерге қатысты шағымдар жиілеп отыр. Әсіресе тұрғындар жылу ақысының көлеміне наразылық білдіруде. Осыған байланысты BAQ.KZ тілшісі «Астана - Теплотранзит» кәсіпорнынан жылыту төлемдерінің есептелу тәртібіне қатысты түсініктеме алды.
Ең алдымен айта кету керек, жылу энергиясы үшін ақы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес есептеледі.
Онда Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі 488-бабының 1-тармағына сәйкес, тұтынушы нақты пайдаланған энергия көлемі үшін төлем жасайды. Яғни, есеп айырысу негізінде - іс жүзінде тұтынылған жылу мөлшері жатады.
Есептеу қалай жүргізіледі?
Маман сөзінше жылу ақысы екі тәсілдің бірімен анықталады.
Есепке алу құралы арқылы – егер үйде ортақ жылу есептегіші орнатылған болса, төлем сол құрылғының нақты көрсеткіштері негізінде есептеледі.
Екіншісі, есептеу әдісімен – есептегіш болмаған немесе уақытша істен шыққан жағдайда бекітілген нормативтер мен шарттық көрсеткіштер қолданылады.
Неліктен осы айда баға жоғары?
Кәсіпорын берген ресми мәлімдеме сөзінше, жылыту құны төмендегі факторлар бойынша жүргізіледі.
- уәкілетті орган бекіткен тариф;
- сыртқы ауаның орташа айлық температурасы;
- есептеу тәсілі.
Төлем мөлшеріне ең үлкен ықпал ететін жағдай - ауа райы. Температура төмендеген сайын жылу көзінен берілетін энергия көлемі көбейеді. Бұл тұрғын үйдің ішкі температурасын қалыпты деңгейде сақтау үшін қажет. Соның салдарынан айлық тұтыну көлемі артып, төлем сомасы өседі,- делінген хабарламада.
Мысалы, 2025 жылғы қараша айында орташа ауа температурасы +0,36 °C болса, желтоқсанда −8,1 °C, ал 2026 жылғы қаңтарда −14,3 °C болған. Сондықтан баға да солай келіп жатыр.