Қаңтар трагедиясы. Қанша адам лаңкестік актісі бойынша тергеліп жатқаны белгілі болды

18 Ақпан 2022, 11:16
3414
Бөлісу:
Қаңтар трагедиясы. Қанша адам лаңкестік актісі бойынша тергеліп жатқаны белгілі болды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Прокуратураның мәліметінше, қаңтар оқиғасы бойынша барлығы 3096 сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелген. Олардың басым көпшілігі өзгенің мүлкін қирату, бұзақылық және қаруды жымқыру қылмыстары.

Еліміздің құқыққорғау органдары қаңтар оқиғасында жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырғандарды, әкімшілік ғимараттарды өртеп, ірі сауда орындарын тонағандарды, полиция мен әскерилерге қарсылық көрсетіп, оларға күш көрсеткендерді, сондай-ақ қару-жарақ дүкендерін тонап, қару қолданған адамдарды ұстау жұмыстарын жалғастырып жатыр.  

Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов ОКҚ-да өткен брифингте Қаңтар оқиғасына қатысты лаңкестік пен экстремизмге қарсы күрестің бүгінгі нәтижелерімен таныстырды.

Қаңтар трагедиясы. Қанша адам лаңкестік актісі бойынша тергеліп жатқаны белгілі болды

Оның айтуынаша, арнайы прокурорлар қазір лаңкестік туралы 181 қылмыстық істі тергеп жатыр. Барлығы 3096 сотқа дейінгі тергеп-тексерулер тіркелген. Оның ішінде 741 азамат тонау, қару-жарақ ұрлау, тәртіп сақшыларына күш қолданды деген күдікке ілінген. Одан бөлек 113-і бұған дейін сотталған болса, 42 қатысушы – республикада тыйым салынған экстремистік топ мүшесі деп танылған.

Арнайы прокурорлардың басқаруымен ведомствоаралық тергеу тобы жаппай тәртіпсіздік және лаңкестік актілер бойынша 181 қылмыстық істі тергеп жатыр. Қылмыстық кодекс бойынша азаматтарға күш қолдану мен бизнес нысандарын, билік өкілдеріне қарулы қарсылық көрсетуге ұласады. Алайда жекелеген тұлғалардың әрекеті халық арасында үрей туғызып, мемлекеттік ғимараттарға мемқызметті тоқтату үшін әрекет етті, - деді ол.

Мұндай іс-әрекеттер ҚР ҚК-ның 255 бабы бойынша лаңкестік акт ретінде қаралады екен.

Ұрланған қару іздестірілуде

Жалпы, қаңтар оқиғасы кезінде барлығы үш мыңға жуық қару ұрланған. Әзірге тәртіп сақшылары олардың үштен бір бөлігін ғана тауыпты.

Ал, кұқық қорғау органдарының ғимаратын басып алудың негізгі мақсаты – атыс қаруын иемдену болған. Алматы облысының полиция департаментінен 53 автомат, 23 мың патрон ұрланған. Сондай-ақ, Алматы қаласында 8 қару-жарақ дүкені тоналған.

Қаңтар трагедиясы. Қанша адам лаңкестік актісі бойынша тергеліп жатқаны белгілі болды

ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділовтің соңғы берген мәліметінде ұрланған қарудың мыңға жуығы табылғаны мәлім болды. Ұрланған қаруды іздеу мен алу бойынша іс-шаралар әлі де жалғасуда. Бүгінгі таңда алынған қарудың жалпы саны 967 бірлікті және 19 мыңнан астам оқ-дәріні құрайды. Ал 2 мыңнан астам – соның ішінде тапанша, граната, пулемет, мылтықтар әлі де қылмысткерлердің қолында. Дегенмен қару-жарақ дүкені мен Полиция басқармасына шабуыл жасап, ондағы қаруларды қолды еткендер шетінен ұсталып жатыр екен. Мәселен, 5 қаңтарда Талдықорған қаласындағы жаппай тәртіпсіздіктерге белсенді қатысып, қалалық Полиция басқармасының ғимаратынан 7 Макаров тапаншасы мен 1 Калашников автоматын ұрлаған қаланың үш тұрғыны жақында ұсталыпты. Сол сияқты еліміздің өзге өңірлерінде де қару-жарақ дүкендерін тонағандар ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынып жатыр екен.

Жамбыл облысында Тараз қаласының тұрғыны ұсталды, оның гаражында 4 автомат,    8 жарақаттайтын тапанша, 1 газды тапанша, олардың оқсалғыштары, 945 бірлік оқ-дәрі және суық қару табылып алынды. Қарудың 68 бірлігі ерікті түрде тапсырылды. Азаматтарды тауып алған қаруды ерікті тапсыруға тағы да шақырамын. Ол әкімшілік те қылмыстық та жауапкершілікті туындатпайды, - дейді Әділов.

Әскерилер мүгедек болып қалды

Сонымен қатар ол қаңтар оқиғасы кезінде қоғамдық тәртіпті орнату үшін, яғни қызметтік міндетін орындау барысында 300-ге жуық әскери қызметкер жарақат алғанын, оның көбі мүгедек болып қалғанын айтты. Тәртіпсіздіктер кезінде 3 мыңнан астам құқыққорғау органы қызметкері мен әскери қызметкерлер әртүрлі дене жарақатын алған. Оның ішінде атыс және пышақтау жарақаттары да бар екен.

Қазір медицина мекемелерінде жаппай тәртіпсіздіктерде ауыр жарақат алған 273 қызметкер мен әскери қызметші емделіп жатыр. Олардың бір бөлігі осы уақытта жансақтау бөлімінде. Өкінішке қарай, олар әрі қарай жұмыс істей алмайды. Іс жүзінде мүгедек болып қалды, - деді ол.

Әділов атағандай, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерге шабуыл жасалған бейнежазбалар баршылық. Олардың көбін тәртіпсіздікке қатысушылардың өздері таратқан. Қазір бейнежазбалар бойынша қылмыстық шабуылдарға қатысқан адамдар анықталып жатыр екен.

Қаңтар трагедиясы. Қанша адам лаңкестік актісі бойынша тергеліп жатқаны белгілі болды

Қаңтар оқиғасы кезінде 600-ден астам адам оқ тиіп, медициналық көмекке жүгінген. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша ол күндері 1726 адам медициналық көмекке жүгінген, оның ішінде 673-і оқ-дәрі жарақаттарымен, 469-ы пышақталған және тесілген жарақатпен, 463-і дене жарақатымен тіркелген. Олардың басым бөлігі Алматыда болған және  бұл әскерилер емес, тек азаматтық тұлғалар.


Шетелдік аккаунттар

Құқыққорғау органдары соңғы өткізген брифингте шетелде тіркелген 50 аккаунт анықталып, 13 қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қаңтар оқиғасы басталғалы әлеуметтік желілер арқылы жалған ақпарат тарату жиілеген. Фейк хабарлардың негізгі үлесі шетелден таратылған.

ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділовтің мәліметінше, бүгінгі таңда шетелде тіркелген 50 аккаунт анықталған. Ол бойынша Қылмыстық кодекстің 274 бабы бойынша 13 қылмыстық іс тіркелген. Сондай-ақ жалған ақпарат тартқаны үшін екі адам қамауға, екі адам үйқамаққа алынған.

Азаматтарды арандатуға көнбеуге және тексерілген ақпаратқа ғана сенуге шақырамыз. Құқық қорғау органдары тергеу бойынша қажырлы жұмыс атқарып жатыр. Тергеу амалдарына шыдамдылықпен қарауға шақырамыз, -дейді Әділов.

Азаптауға қатысты шағымдар

Қаңтар оқиғасына байланысты қамалғандардың азапталып жатқаны жайлы көп айтылып жүр. Ұсталғандар полиция тарапынан көп жәбір көргендерін, ұрып-соғу, үтікпен күйдіру, ыстық су құйып азаптағандарын айтып, шағымдануда. Кеше прокуратура бұған қатысты да жауап берді. Осы күнге дейін қамауда отырған 150-ден астам адам босатылып, полицияның жұмысына қатысты 363 шағым түскен.

Қаңтар трагедиясы. Қанша адам лаңкестік актісі бойынша тергеліп жатқаны белгілі болды

Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжановтың айтуынша, жеке бастарын, денсаулық және өзге де сипаттайтын материалдарды ескеріп, 157 адамға қолданылған қамауға алу,ешқайда кетпеу туралы қолхатқа кепіл, үйқамақ және жеке кепілгерлікке ауыстырылған.

Қазір прокуратураға азаптау дерегі бойынша 363 шағым түсті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ісінде 178 қылмыстық іс бар. Арнайы прокурорлар 8 қылмыстық істі қарап жатыр. Оның ішінде Батырбаев, кәмелетке толмаған Есболатұлының және басқаларға күш қолдану туралы арыздары бар. Сондай-ақ өзге де резонанс тудырған істер бар, – деді Қилымжанов.

Қазір көпшілік арасында ұсталып, түрмеде азапталған адамдар жазықсыз қамалды деген әңгімелер тарап жатыр. Алайда, сарапшылар ондай оймен келіспейді. «Ақиқат» қоғамдық комиссиясының төрайымы Айман Омарова Алматыда өткен баспасөз жиынында ұсталғандардың барлығы кінәлі немесе жазықсыз деп айтуға болмайтынын жеткізді. Оны тергеу барысы анықтап, сот шешім шығарады.

Қаңтар трагедиясы. Қанша адам лаңкестік актісі бойынша тергеліп жатқаны белгілі болды

Сонымен қатар ол полиция ұсынған видео материалдарға қарап Қасіретті қаңтар оқиғасына қатысушыларды шартты түрде бірнеше бөлікке бөлген еді.

Біріншісі – бейбіт шерушілер, екіншісі – хаос тудыру үшін қарапайым халық пен құқық қорғау органдарын қағыстырушы арнайы топ, үшінші – қарапайым адамдарды қорқытып, мәжбүрлі түрде жаппай тәртіпсіздікке тартушылар, төртінші – басқарушылардан команданы күтушілер, бесінші – арнайы дайындықтан өткен тәжірибелі адамдар, олардың қатарында ҰҚК-нің қызметкерлері де болуы мүмкін. Өйткені жаппай тәртіпсіздік кезінде ҰҚК-нің қызметкерлері ғимаратты қараусыз қалдырып, ондағы қаруларды шерушілерге тастап кетті, - деген еді Омарова.

Қаңтар трагедиясы. Қанша адам лаңкестік актісі бойынша тергеліп жатқаны белгілі болды

Сондай-ақ ол шеруге шыққандардың ішінде қолына қару ұстай алатын, төбелеске бейім адамдар көп болғанын және мұндай жағдай бұрын-соңды болмағанын айтқан.

Шеруге шыққандардың 1 пайызы ғана әйелдер. Әуежайды және басқа да стратегиялық нысанды басып алған бейбіт шеру бұған дейін болмаған. Әдетте бейбіт шерушілер алдымен өз талаптарын қояды, ол орындалмаса арты наразылыққа ұласады. Кейбір адамдар террористер неге маджахеттер сияқты үндеу жолдамады, бұны біз мойнымызға аламыз деп айтпады деп жатыр. Біріншіден, бұл адамдар партизандық соғыста жүрген жоқ, екіншіден, бұл тұлғалардың басым көпшілігі орындаушылар, яғни өз азаматтарымыз. Оларды басқарып отырғандар да біздің азаматтар. Егер олар бұны өз мойныма алам десе оны қамап тастайды ғой. Сондықтан бұл оқиғаның осындай ерекшеліктері болды, - деді комиссия төрайымы.

Айта кетсек, Қаңтар оқиғасы кезінде еліміздің ҰҚК-нің басшысы Кәрім Мәсімов және оның орынбасарлары қамауға алынған еді.

 

Өзгелердің жаңалығы