Алматы гарнизонының әскери сотында Айтжан Әубәкіровке қатысты қылмыстық іс қаралды. Оған ауыр зардаптарға әкеп соқтырған қаруды қолдана отырып, билікті асыра пайдаланған деп айып тағылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Жабық сот отырысында сотталушы ҚК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармағы бойынша айыпталды.
Сотталушы биліктің өкілі бола отырып, өзінің құқықтары мен өкілеттіктерінен тыс әрекеттер жасады. Нәтижесінде ауыр зардаптар - екі жәбірленушінің өліміне алып келді. Сотталушының кінәсі сараптамалардың қорытындыларымен, куәлардың, сарапшылардың айғақтарымен, оқиға болған жерді қарап тексеру хаттамаларымен және заттай дәлелдемелермен дәлелденді,- деді Алматы гарнизонының әскери соты.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Дегенмен сотталушы кінәсін мойындамады. Жәбірленушілердің өкілдері сотталушыны заңның бар қатаңдығы бойынша жазалауды сұрады.
Сот шешімі бойынша сотталушы 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол әскери атағынан айырылды. Жәбірленушінің пайдасына 20 млн теңге моральдық залал өндірілді. Сот үкімі заңды күшіне енген
жоқ.