Қаңтар оқиғасы жайлы маңызды деректер

22 Шілде 2022, 13:19
15882
Бөлісу:
Қаңтар оқиғасы жайлы маңызды деректер

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазір қоғамда қаңтар оқиғасы алдағы уақытта қайталануы мүмкін деген қауесет тарап жатыр. 

Көпшілік оған бірнеше себеп келтіреді, оның ішінде азық-түлік бағасының қымбаттауы, Президент тапсырмаларының баяу орындалуы және бұрынғы жүйеге қызмет еткен адамдардың әлі де билік басында көптеп отыруын алға тартады.

Назарларыңызға қаңтар оқиғасы қалай басталып, одан бері қандай өзгерістер болғаныны жайлы шолуды ұсынамыз.

Қарапайым митингтен қарулы қақтығысқа дейін

Жаңаөзеннен басталған наразылық әлеуметтік мәселесінің шешілмеуінен орын алғаны белгілі. Жаңа жылдан бастап газ бағасының бірден 120 теңгеге көтерілуі халықты еріксіз алаңға шығаруға мәжбүрледі. Оған Маңғыстау облысының өзге өңірлері де қосылды. Президенттің тапсырмасы бойынша арнайы Үкіметтік комиссия құрылып, өңірге вице-премьер Ералы Тоғжанов барды. Алаңға жиналған халық сұйытылған отынды арзандату туралы талап қойды. Митинг бірте-бірте еліміздің өзге аймақтарына жайылды.

Қаңтар оқиғасы жайлы маңызды деректер

4 қаңтарда Атырау, Қызылорда, Алматы, Ақтөбе және Жамбыл облыстары мен Семей қаласында алаңға жиналғандар әкімдіктер мен құқық қорғау органы ғимараттарын басып алды. Әр өңірде алаңға жиналғандар саны 500-ден 4000-ға дейін жетті. Басқа облыстарда да осындай топалаң болды. Кінәсіз адамдар, оның ішінде тәртіп сақшылары мен әскерилер соққыға жығылды.

Әсіресе Алматыдағы ахуал күрт шиеленісті. Алаңға шыққан бейбіт халықтың наразылығын өзге топтар пайдаланып кетті. Қаскөйлер әкімдікпен қатар телеарналарға кіру үшін қарулы шабуыл жасады. Алғашқы қақтығыста сақшылар мен әскерилер қарсы тұрды. Бірақ 5 қаңтарда толқу қайта басталды. Бұл жолы 20 мыңдай адам жиналып, Алматының ортасында ойран салып, әкімдікті өртеп жіберді. Олар ғимараттарды қиратып, полиция автокөліктерін өртеп, жан-жақтан өрт қоя бастады. Қаладағы 9 қару-жарақ дүкені тоналып, оқ-дәрілер қолды болды.

Қарулы қақтығыстан қираған қалаға дейін

Қаңтар оқиғасы кезінде 227 адамның қаза тапқаны айтылды. Оның ішінде балалар мен әйелдер де бар, 19-ы құқық қорғау қызметкері.

Қаңтар трагедиясы кезінде Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Семей және басқа да қалаларда 1466 нысан бүлінген. Оның ішінде – 71 мемлекеттік мекеме, атап айтсақ 12 әкімдік ғимараты, 27 полиция бөлімшесі. Оған қоса 1395 бизнес нысаны бүлінген. ІІМ-нің мәліметіне қарағанда 700 көлік қираған. Оның ішінде жекеменшік авто, жедел жәрдем, полиция, өрт сөндіру мен қызмет көліктері бар.

Қаңтар оқиғасы жайлы маңызды деректер

Жалпы қаңтар оқиғасы бойынша 3770 қылмыстық іс қозғалды. Дегенмен, Ұлттық қауіпсіздік органы мен полиция қызметкерлері тарапынан ұсталғандарды азаптау, қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану фактілері де тіркелді. Ол бойынша 243 іс қаралды.

Қираған қаладан қылмыскер КНБ-чникке дейін

Бас прокурор Берік Асылов сол кездері 35 мыңнан астам жедел-тергеу іс-қимылдары жүргізіліп, 766 күдікті ұсталғанын мәлімдеген болатын. Олардың дені - 30 жасқа дейінгі жоғары білімі жоқ, жұмыссыз жастар екені және араларында 19 адам деструктивті діни ағымда болғаны айтылды. Сондай-ақ, тыйым салынған экстремистік ұйымдардың 27 белсендісі болған. Ұйымдасқан қылмыстық топтардың 24 мүшесі бар. 113 адам бұрын кісі өлтірген, ұрлаған, тонаған және қарақшылық жасағаны үшін сотталған. Сондай-ақ бас прокурор аумақтық тұтастығымыз бен мемлекеттігімізге үлкен қауіп төнгенін де баса айтқан еді.

Қаңтар оқиғасын ұйымдастырып,  елге опасыздық жасады деген күдікпен  билік басындағы біраз адам ұсталды. 6 қаңтарда мемлекетке сатқындық жасады деген айыппен сол кездегі ҚР ҰҚК-нің төрағасы Кәрім Мәсімов ұсталды.  Кейін осы оқиғаға қатысы бар деген күдікпен ҰҚК-де басшылық қызметте болған бірқатар азамат қамауға алынды.

Қаңтар оқиғасы жайлы маңызды деректер

Одан бөлек осы оқиғаларға қатысы бар деген күдікпен «Дики Арман» лақап атымен танымал қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмакелдиев, әрекетсіздігі үшін бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов, кәсіпкер Қайрат Құдайберген, Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев та қаңтар оқиғасы бойынша күдікті деп танылып, қамауға алынды.

Қылмыскер КНБ-чниктен қамаудағы Қайраттарға дейін

Сондай-ақ ел қаржысын жымқырды, рейдерлікпен айналысты деген күдікпен тұңғыш президенттің жақындары ерлі-зайыпты Қайрат пен Гүлмира Сатыбалдылар, Дариға Назарбаеваның құдасы кәсіпкер Қайрат Боранбаев қамауға алынды. Жақында іздеуде жүрген Кәрім Мәсімовтың інісі Нұрлан Мәсімов те ұсталды. Оған ірі көлемде пара алды деген айып тағылған. Ол бұған дейін Павлодар облысы Полиция департаментін басқарған. Кеше Қаржы мониторингі агенттігі кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың ағасы Мұрат Боранбаевқа іздеу салынғанын жариялады. Ол 2017 жылы AlanParking ЖШС басшысы болып тіркелген. Қазір A-Parking жобасына жауапты тұлғаларға қатысты аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен соталды тергеу жүріп жатыр.

Қаңтар оқиғасы жайлы маңызды деректер

Жақында Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов қаңтар оқиғалары бойынша сотқа барлығы 479 қылмыстық іс жолданып, олар бойынша 545 адам сотталғанын мәлімдеді. Нақты бас бостандығынан айыру жазасын билік өкілдеріне қатысты күш қолданған, мүліктерді зақымдауға байланысты ауыр қылмыстарды жасағандар, сондай-ақ залалды өтемеген және өтелмеген соттылығы бар 83 сотталушы барын да айтты.

Қамаудағы Қайраттардан қайта оралған қаржыға дейін

Қаңтар оқиғасынан кейін мемлекет басшысы Үкімет басшысынан бастап көптеген кадрларды ауыстырып, елдің әл-аухатын көтеру бойынша көптеген тапсырмалар бергені белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры құрылды. Көмекке мұқтаж азаматтар мен қаңтар оқиғасында зардап шеккен құқық қорғау қызметкерлерінің отбасына осы қордан көмек көрсетілді.

Жақында Алматы әкімі Ерболат Досаев қаңтар оқиғасында зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілеріне өтемақы төлеу аяқталғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, барлығы 14,5 млрд теңгеге 1 594 өтінім мақұлданған. Қаңтар оқиғасы кезінде қала бойынша 1 600-ге жуық бизнес субектісі зардап шекті. Оның 96 пайызы шағын және орта бизнес өкілдеріне тиесілі.

Қаңтар оқиғасы жайлы маңызды деректер

Оған қоса шетелге заңсыз шығарылған миллиардтаған қаражат елге қайтарыла бастады. Жақында Бас прокуратура Қайрат Сатыбалды мен Гүлмира Сатыбалды, Қайрат Боранбаев пен «оператор РОП» ісіне қатысты жаңа мәліметтер жариялады.

Қайта оралған қаржыдан қалпына келген Қазақстанға дейін

Қазіргі уақытта мемлекет балансына қайтарылған активтердің сомасы шамамен- 230 миллиард теңге. Оның бір бөлігі шетелде болған. Айыпталушылар Люксембургтен 170 миллион АҚШ долларынан астам қаражатты өз еркімен қайтарған. Тергеп-тексеру органы «Қазақтелеком» АҚ, «Көліктік сервис орталығы» АҚ және басқа мүлікті жымқыру істері бойынша шамамен 36 млрд теңгені өтетті. Сондай-ақ, ӨКМ Операторы ісі бойынша шамамен 180 млрд теңгені жымқыру әрекетінің жолы кесілген.

Бұдан бөлек, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшылары мен қызметкерлерінің ісі бойынша Гонконг пен Біріккен Араб Әмірліктерінен шамамен 3 миллион доллар қайтарылған. Қаржылық мониторинг агенттігі, Боранбаевқа қатысты істі тергеп-тексеру барысында «Қазмұнайға» 11,3 млрд теңге қайтарылғанын мәлімдеді. «Олимп» букмекерлік кеңсесінің басшыларына қатысты істе 5,5 миллион доллар және 200 мың еуроны Ұлттық Банкке аудару процесі жүріп жатыр. Мемлекет пайдасына 4 ұшақ, 5 жер учаскесі, 15 автокөлік және Алматы қаласынан 30 жылжымайтын мүлік тәркіленген. Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия сондай-ақ, Алматыдағы ірі көтерме сауда базары мен «Қазақстан» шипажайы мемлекетке қайтарылуы мүмкін екенін айтты.

Халықтың әл-аухатын көтеру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр, еліміз бір қалыпты дамып келеді. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жарты жылдық нәтижеге тоқталып, экономика 3,4 пайызға, ал нақты сектор 4,1 пайызға өскенін жеткізді. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібі саласында айтарлықтай ілгерілеу барын атап өтті. Дегенмен, Президент Үкіметтің жұмысына орташа деген баға беріп, қазіргі кезеңде босаңсуға болмайтынын жеткізді.

Қаңтар оқиғасы жайлы маңызды деректер

Жұмыс қарқынын барынша күшейту қажет. Жаңа, тың әдіс-тәсілдерді қолдану керек. Үкімет жедел әрекет ететін оперативтік штаб қана емес, нақты реформаларды ұсынатын және жүргізетін басты мемлекеттік мекеме болуы керек. Қазақстанда экономистер, кәсіпкерлер көп. Шетінен білімді, дарынды. Бірақ, олардың нақты ұсыныстары аз, тіпті, жоқ деп айтуға болады. Күзге қарай, мүмкін, кадрлық шешімдер қабылдау керек болады. Ерекше дағдарыс жағдайында бұл өте қажет екені түсінікті, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Өзгелердің жаңалығы