Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте Бас прокуратураның бірінші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты.
Ол Бас прокуратура азаматтардың Конституциялық құқықтарын қорғау және қаңтардағы оқиғаларда жасалған қылмыстардың мән-жайларын анықтау жұмыстарын жалғастырып жатқанын айтты.
Елдос Қилымжанов ел Президентінің ауыр жайттар болмаса, жазаны жеңілдету жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанына тоқталды.
Бүгінгі күні соттар қаңтар оқиғаларына байланысты 9 257 әкімшілік істі қарады. Олардың жартысына жуығы ешқандай жаза қолданбай қаралды. 4 584 адамға сот ескерту жасады. Қазіргі уақытта прокурорлардың өтініштері бойынша қамауға алудан 1 149 адам босатылды, 577 өтініш бойынша айыппұлдар ескертулерге ауыстырылды, - дейді Елдос Қилымжанов ОКҚ-да.
Оның сөзінше, 393 қылмыстық іс толығымен тоқтатылды.
Сотпен әкімшілік қамауға алынған 3 314 тұлғаның ішінен бүгінгі күні тек 63-і қамауда. Бұл ретте прокурорлардың әкімшілік жазаны жеңілдетуге арналған тағы 13 өтініш хаттары соттарда қаралып жатыр.