Қаңтар оқиғасы. Мәжілісте алғашқы жалпы отырыс өтеді

4 Қаңтар 2023, 17:52
1134
Бөлісу:
Қаңтар оқиғасы. Мәжілісте алғашқы жалпы отырыс өтеді

5 қаңтарда 10:00-де Мәжілістің биылғы алғашқы жалпы отырысы өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Қадірлі қауым! 
«Қаңтар оқиғасына» тура бір жыл толып отыр. Бұл жағдай еліміз үшін тәуелсіздік жылдарындағы ең ауыр сынақ болды. 
Қаңтардағы қайғылы оқиғалардың жарасы да, салдары да жеңіл болған жоқ. Сондықтан, халқымыз да, қоғам да ол туралы жан жақты әрі ашық ақпарат алғысы келеді. 
Мемлекеттің өзі соған мүдделі. Себебі, Прездиент айтқандай, халықтан жасыратын ештеңе болмауы тиіс, қоғам шындыққа көз жеткізуі керек. Осы ретте, Парламент Мәжілісі болған оқиғаның мән-жайын, тергеп-тексеру барысын үнемі бақылауда ұстап келе жатқанын білесіздер. Өткен жылы мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен бірге ашық талқылаулар өткіздік, - деді Қошанов.

Сол талқылаулар барысында біраз мәселеге нақты жауап берілді. 

Дегенмен, ел арасында Қаңтарға қатысты әлі де сұрақтар жеткілікті. Өткен бір жылдың ішінде қоғамда түрлі пікірлер, қилы қауесеттер тараумен болды. Сондықтан,  осы бір жылдың ішінде жүргізілген тергеу амалдарының нәтижелерін ашық жариялау үшін, 2023 жылғы 5 қаңтарда Мәжіліс қабырғасында арнайы тыңдау өтеді. Тыңдауда Бас прокурор мен құқық қорғау органдары басшылары есеп береді. Қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері қатысады. Арнайы отырыс республикалық «Хабар 24» телеарнасында және Мәжілістің сайтында, әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында тікелей эфирде көрсетіледі, - деп жазды Ерлан Қошанов.

Өзгелердің жаңалығы