Қант зауыттарына жеткізілетін шикізаттың сапасын қалай жақсартуға болады?

12 Ақпан 2023, 11:21
1416
Бөлісу:
Қант зауыттарына жеткізілетін шикізаттың сапасын қалай жақсартуға болады?

Өткен жылы Қазақстан қанттың тапшылығына тап болды. Осыған ұқсас жағдайдың қайталанбауы үшін қант зауыттарын шикізатпен тұрақты қамтамасыз ету керек. Ал еліміздегі қант зауыттарының үшеуі Жамбыл облысында орын тепкен. Сондықтан да мұндағы мамандар осы мәселеге бүгіннен бастап бас қатырып жатыр. BAQ.KZ тілшісі де аталған шаруаның мән-жайын анықтап көрді.

Қант қызылшасының өнімділігін арттырудың кепілді жолы – суармалы судың тапшылығын тудырмау. Дегенмен, суаруға жоғары сапалы тұқымдар мен тыңайтқыштар да керек екенін ұмытпау қажет. Бұл – шетелдік агросарапшылардың сан жылдық тәжірибеден түйген пікірі.

Ал жамбылдық диқандар осы үш шарттың барлығын орындау жолын Valley Kusto Kazakhstan Ltd қазақстандық-американдық кәсіпорны ұйымдастырған жаңбырлатып суару арқылы қант қызылшасын қарқынды өсіруге арналған семинарда білді. Бұл жиынды аталған компания Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігімен және Қант тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығымен бірлесіп өткізді.

Шара барысында Ауыл шаруашылығы министрлігі Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті мелиорация басқармасының басшысы Медет Жәдігерұлы атап өткендей, Қазақстанда қант өнеркәсібін дамытудың кешенді жоспары жүзеге асырыла бастады. Оның мақсаты импортқа тәуелділікті азайту әрі отандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету дегенге саяды. Елімізде қант қызылшасы дақылдарын жыл сайын 6,5 мың гектарға, 2026 жылға қарай 38 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда.

«Бұл ретте суару технологиялары әзірленіп, 10 мың гектардан астам жаңа суармалы жерлерді айналымға енгізу жоспарлануда. Сондай-ақ, биылдан бастап салаға жұмсалуы тиіс субсидия мөлшерлемесін 15 мыңнан 25 мың теңгеге дейін көтеруге байланысты өңдеуге жеткізілген қант қызылшасының бір тоннасы үшін оны өсірушілерге 40 мың теңге төленеді», - деді Медет Жәдігерұлы.

Сонымен қатар, оның айтуынша, бүгінде тұқым, гербицидтер мен тыңайтқыштар құнының 50 пайызы субсидияланады.

Айта кету керек, 2021 жылы Valmont Industries, Kusto Group пен Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі арасында ирригациялық жабдықтар шығаратын зауыт салу туралы инвестициялық келісімге қол қойылған. Келісім мақсаттарының бірі – суармалы жер көлемін ұлғайту, оларды тиімді пайдалану үшін фермерлерді технологияға үйрету қажет. Осы келісім аясында Тараз қаласындағы семинар да өтті.

Семинарды ұйымдастырушылардың тағы бір мақсаты – қант қызылшасының сапасын арттыру. Ал, сапасыз қант, Тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Айжан Наурзғалиеваның айтуынша, көп нәрсені жарамсыз күйінде қалдырады.

«Өткен жылы зауыттар бактериоздық құрамы 20 пайызға дейін, сүт қышқылы бар сапасы күмәнді қант қызылшасының өте үлкен пайызын алды. Бұл – барлық қолайлы стандарттардан асып түсетін өте жоғары көрсеткіш. Оның себебі, біріншіден, ауыспалы егістің сақталмауы, бұл – шағын шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлердің ең үлкен қасіреті. Сондай-ақ шикізаттың сапасыздығын су тапшылығымен де байланыстыруға болады. Қызылша – қайталап жиі суаруды қажет ететін өте кінәмшіл дақыл. Қызылша егетін өңірлер үшін алқапты суару өте ауыр мәселе екені ешкімге де жасырын емес. Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы уақытта су тапшылығы бұрынғыдан да көп болуы мүмкін деп алаңдайды, сондықтан қазір суды үнемдеудің жаңа әдістерін қарастыру қажет», - дейді қауымдастық президенті.

Оның үстіне мамандардың айтуынша, қант қызылшасын өсіру кезінде тамшылатып суару жүйесін емес, жаңбырлататын қондырғыларды қолданған дұрыс. Ол өңдеуге арналған шикізатқа емес, қызылша тұқымын алуға қолайлы. Сонымен қатар, егін жинау кезінде тамшылатып суару үшін пайдаланылатын құбырлар қызылшамен бірге комбайнға түсіп кеткен жағдайлар бірнеше рет туындаған. Бұл жабдық жалпы массадан тас түйіршектерімен бірге жойылып кетпейді. Ақырында қызылшамен бірге зауытқа кіріп кетеді. Осыдан келіп сапа бұзылады.

Семинар барысында Ресей Федерациясынан келген ғалым, өсімдіктерді қоректендіру жөніндегі маман, техника ғылымдарының кандидаты Анастасия Голушко сөз сөйледі. Оның пайымынша, зауытты толық қажеттіліктермен қамтамасыз ету үшін топырақтың агрохимиялық талдауын жүйелі түрде жүргізу қажет. 

«Жасыратыны жоқ, кейбір шаруалар ауыспалы егістер тәртібін сақтамайды, бұл жердің құнарының сарқылуына, соның салдарынан егіс өнімділігінің төмендеуіне алып келеді», - деді ауыл шаруашылығы саласының маманы. 

Осы жиынға негізінен аймақтағы бірнеше жылдан бері тәтті түбір өсіріп келе жатқан тәжірибелі қызылшашылар да қатысты. Ал олар қант қызылшасының бір жерде екі есе өсетінін, өссе де өнім бермеуі мүмкін екенін жақсы біледі. Сондықтан қызылша өсіруді үйренуге келген семинарға қатысушылар үшін бұл ақпарат пайдалы болып шықты.

Айтпақшы, Анастасия Голушконың айтуынша, топыраққа агрохимиялық талдау кем дегенде екі жылда бір рет жүргізілуі керек. Бұл фермерлерге қант қызылшасының ғана емес, басқа да дақылдардың өнімділігі мен сапасын арттыру үшін қандай элементтер қажет екенін шешуге мүмкіндік береді. Ең алдымен, топырақтың қышқылдық көрсеткіштерін және маңызды химиялық элементтердің мазмұнын білу қажет.

Өсімдікке қолайлы өмір сүру үшін ақуыздар, майлар және көмірсулар көбірек қажет екендігі белгілі болды.

«Егер қант қызылшасы туралы айтатын болсақ, оның құрамында майлар немесе ақуыздар да болу керек. Біз одан қантты көбірек алғанымыз пайдалы. Шындығында, олар топырақта бар, егер олар жеткіліксіз болса, онда өсімдікте де жеткіліксіз күйде қалады», - дейді Анастасия Голушко.

Семинарда агроном Андрей Поречный мен «Щелково-АгроХим» компаниясының маманы Александр Ким сөз сөйледі. Олардың мәліметтері семинарға қатысушыларды да қызықтырды, өйткені нақты тыңайтқыштар мен гербицидтерді тәжірибеде қолданумен тікелей байланысты.

Басқосудың модераторы, агроном Сергей Стефановтың бастамасымен шараны сұрақ-жауап форматында да жалғасты. Онда да жамбылдық диқандардың белсенділігі айтарлықтай жоғары болды.

«Жалпы, әрбір шаруаның басты мақсаты – пайда табу. Бүгін біз ең жоғары өнімге қол жеткізу үшін қант қызылшасын егуді неден бастау керек, қалай есептеген жөн және ең жақсы нұсқаны таңдау жолдары туралы айттық», - дейді ол.

Десе де кейбір фермерлер бұл ақпараттарды тым ғылыми тілде берілген деп есептейді. Мұның барлығын неғұрлым қолжетімді түрде ұсынуға болар еді. Соған қарамастан залдан жаппай шығып кеткендер байқалмады. Жамбылдық қызылшашылардың көпшілігі тыңайтқыштардың жаңа түрлері мен азықтандыру әдістерімен танысып, бір-бірімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.

«Бұл семинар бизнесті қалай дұрыс жүргізу керектігі жөнінде көбірек ақпарат ұсынды. Жаңбырлатқыштар арқылы суару су тапшылығынан шығудың жолы болып табылатынын түсіндік, тіпті қазіргі құнының өзінде олар өте жақсы пайдалы екеніне көз жеткіздік. Вегетациялық кезеңде қызылшаны қалай дұрыс азықтандыру керектігі жайындағы ақпарат өте тиімді болып көрінді. Бірақ ол біздің жағдайымызға емес, ресейліктерге негізделген. Бізге қант қызылшасын жеңіл саздаққа қалай өсіру керектігі туралы мәліметтер берілді. Ал Әулиеата өңірінде ауыр сазды және құмды сазды топырақтар басым. Мамандар бізге келмес бұрын қант қызылшасын өсірудегі жағдайымызбен танысса, семинардың пайдасы да арта түсер еді», – деп өз әсерімен бөлісті Жамбыл облысы «Әулие-Ата» қант қызылшасын өсірушілер бірлестігінің төрағасы, «Аспан агро» шаруа қожалығының басшысы Саха Манатов.

Қалай болғанда да, жамбылдық диқандар көптеген тың ақпараттар алған соң, оны өз жұмыстарында пайдаланып, қызылшаның жақсы өнімін өсіретініне сенімді. 

Өзгелердің жаңалығы