Қант қызылшасына жаңа әдіс қажет

19 Қыркүйек 2024, 15:23
1252
Бөлісу:
Қант қызылшасына жаңа әдіс қажет
Фото: автордан

Өңірде қызылша алқабын көбейтпей-ақ көп өнім алуға болады. Тек ескірген әдістен арылу қажет, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қызылша саласы үлкен реформаны күтіп отыр

Қазір өңірлік ауылшаруашылығы басқармасы алқапты көбейтсек мол өнім ала аламыз деген байырғы үрдісті жаңғыртып жатыр. Алайда қытайлық мамандар тамшылатып суару әдісі арқылы 3 есе көп өнім алуға болатынын дәлелдеп берді. Бұл жұмыс күшіне ғана емес, әуелі суға да үнем технология ретінде көпті таңғалдыруда. Бұл орайда Мемлекет басшысының соңғы Жолдауы еріксіз еске түседі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Суды барынша үнемдеу жұмысын ұйымдастыру керек. Бұл – ең алдымен, ауылшаруашылығына қатысты мәселе, яғни су үнемдеу технологиясын, әсіресе, ауылшаруашылығында кеңінен қолдану қажет» деп нақтылап айтқан еді. Бұл алдымен аграрлы өңірлердің алдында тұрған үлкен мәселе ретінде ойланатын дүние.

Қант қызылшасына жаңа әдіс қажет

Өңірде су тапшылғы білініп отыр. Әрине бұл егін шаруашылығына үйір халық үшін үлкен соққы болатыны сөзсіз. Сондықтан мәселенің алдын алу үшін жаңа технологияға жүгінген абзал. Мәселен тамшылатып суару тәсілі арқылы өнімді еселеп өндіруге болады. Ол үшін компьютер арқылы басқарылатын апараттар қажет. Ол құрылғылар өнімнің бойындағы ылғалды аңғарып отыр, қажетінше үлестіріп отырады. Яки дихан не егінші болсын алқапты алыстан бақылап отырады. Бұл алдымен жұмыс күшіне үнем ғана емес, шығынға да үлкен көмек. Тыңайтқышты да қажетінше құрылғы аздан, баппен беріп отырады. Қазір өңір үшін ең тиімді тәсіл қытайлық технологияны барынша игеру, - дейді профессор, агроном Еділ Кенжебеков.

Мәселен жақында осы тақырып төңірегінде Жетісу жерінде үлкен семинар өтті. Мұндағы көтерілген мәселелердің дені су мен жаңа технологияға келіп тірелді. Естерңізде болса, Мемлекет басшысы шаруаларға бағытталған заманауи ауылшаруашылық технологияларын үйрететін орталықтар ашу жайлы да тапсырмалар берген болатын. Семинарда сол ұсыныстардың жүйелі жобалары ұсынылды.Тамшылатып суару үшін әуелі кәсіп иелері заманауи апараттарды меңгеру шарт. Оның құны өте қымбат, бірақ тілін білген адамға пайдасы көл-көсір. Мұны «Alem agro», «KWS» компанияларының ұйымдастыруымен өткен семинарда шаруалар көтерді. «Кең дала» шаруа қожалығының қызылша алқабында алдағы жоспарлар сараланды.

Қант қызылшасына жаңа әдіс қажет

Кеңес өкіметі тұсынан келе жатқан қант қызышасын өсірудің әдісі қазіргі агрономия кеңістігінде жүн-жұрқасы шыққан технология ретінде қарастырылады. Дегенмен жылдар бойы жиналған текті тәжірибе уақыт өткен сайын бағаалана түседі. сондықтан Жетісу жеріндегі тәтті түбірдің тарихы тереңде жатыр. Мәселен, Ақсу, Көксу, Қаратал өзендерінің бойына алғаш қант қызылшасының тұқымы себілгеннен бері бір ғасырға жуық уақыт болды. Осы уақыт шеңберінде елге сыйлы, жұртқа өнегелі көптеген қызылшашының шыққанын ел біледі. Олардың есімін ардагер агрономдар әлі күнге айтып жүр. Тіпті, өнегелі өмірін, еңбекке деген құштарлығын аңыз қылып айтатындар да бар. Содан да болар Жетісу – қант қызылшасының Отанына айналды.

Сушы емес, сусорғы апараттар қажет

Жылдағы үрдіс бойынша қант қызылшасының аумағы кеңейіп келеді. Әрине оның пайдасын мемлекет пайымдап отыр. Биыл облыста 13 мың гектарға жуық алқапқа қант қызылшасы егілді. Бұл көрсеткішке жету облыстық әкімдік тарапынан қызылшашыларға көрсетілген көмек пен қолдаудың нәтижесі десек болады. Дегенмен заман өзгерді, техника түрі уақыт көшінен қалысар емес, агрономия саласыда ілгеріліп кетті. Яки бұрынғыдай соқамен жерді жыртып, тұқымды қолмен себетін күндер келмеске кетуі қажет. Тіпті, қазір сушылардың да қажеті шамалы. Қызылша ылғалды жақсы көретін көкөніс болған соң баяғыдай апталап суаратын кездерді жаңа апараттармен әдептеуге болады.

Жалпы қазір егін басында таңнна кешке дейін жүретін сушы емес, заманауи сусорғы апараттар қажет. Өңірде игерілмей жатқан жерлер өте көп. Соны іске асырудың амалы, шетелдік әдістерді пайдаланып, құдық қазып, шалғай ауыл-аймақтарға егін егу қажет. Өңірдің қызылшасымен айналысқанына ғасырға жуық уақыт болса да күтімді көбірек талап ететін дақылды өсіру бұрындағыдай қол күшіне сүйенеді. Шағын шаруалар әлі де арамшөпті қолмен жұлып жүр. Мұны қытайлықтар көрсе күледі. Бұрын техниканың жетіспеушілігіне байланысты шаруашылықтар 8 мың гектардан астам алқапқа ғана қызылша екті. Қазір аумақ едеуір ұлғайды. Әйтсе де ескірген техниканы әлі пайдаланып жүрген шауралар бар. Оларға айып таға да алмайсыз, себебі шамасы жеткен жері сол. Қалтасы жұқа. Одан соң ауыспалы егінді дамыту керек. Бұл бос жатқан жерлерді тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, - дейді ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты Әбілқайыр Бексұлтанов.

Жалпы кейінгі жылдары қызылшашы шаруаларға Үкімет тарапынан көмек ерекше бөліне бастады. Алдынғы жылдары қант бағасы шарықтап кеткенкендіктен мемлекет тарапы отандық тәтті түбірдің орнын бағамдай бастады. Мәселен облыстық әкімдік қант қызылшасының өнімділігін көбейту мақсатында әуелі жер жыртып, тұқым себетін, одан қалды алқапты баптауға қолданылатын, жиын-терім уақытында егінді жинауға арналған техниканың түр-түрін жеңілдетілген несиемен үлкенді-кішілі шаруаларға жеткізіп берді. Бүгінде соның нәтижесінде шаруалар заманауи техниканың күшімен егістік жұмыстарын толық игеруге мүмкіндік алып отыр.

Бір жылы өнім жақсы шықса, келер жылы көздеген межеге жете алмауы мүмкін. Бұл бұрыннан келе жатқан қасаң қағида. Көп жағдайда ауа райы бөгет болады. Күтпеген жерден табиғат тосын мінез көрсетеді. Оның азабын алдымен шаруалар тартатыны белгілі. Оны неге айтып отырмыз, биыл өңірде жауын-шашын жылдағыдан көбірек болды. Бұл тәтті түбірдің өнімділігін арттыруға көмектескенімен арам шөптердің қаулап өсуіне де күш берді. Шаруалар біраз әбігерге түсті.

Қант қызылшасына жаңа әдіс қажет

Жетісудың жері құнарлы. Арам шөбі бар, адал шөбі бар санасаңыз мыңнан асады. Одан бөлек облыста қурай шөптердің біржылдық және көпжылдық 50-ге тарта түрі өседі. Бұлардың бәрі қант қызылшасының күш жинауына мүмкіндік бермейді. Осы күнге дейінгі қолданып келген классикалық гербицидтер осы арамшөптердің 90 пайызын тұншықтырғанмен шырмауық, сары шырмауық, қамыс тұқымдас шөптерге қуаты жетпейді. Сол себепті шаруалар қосымша қол күшіне жүгініп, олардың алдын алу үшін адам жалдайды. Ол енді артық шығын ретінде қалтаға салмақ салады. Қазір шетелдік сорттар кіріп жатыр, арамшөпке жол бермей, бірден өзі өнім шығады. Оған бар шаруаның шамасы жетпейді. Өңірде 200-ге тарта шаруа қызылшамен айналысады десек, соның 70-80 пайызы 2-3 жылдық тәжірибесі бар қызылшашылар, - дейді ардагер дихан Алғабай Тоқтамысұлы.

Айта кетейік, арамшөптен келген келеңсіздікті болдырмау үшін былтырдан бері облыстық ауылшаруашылығы басқармасы тарапынан немістер ойлап тапқан «Smart kambyza» бағдарламасын енгізутуралы бастама көтерілген. Оның пайдасы туралы мәліметтерді шаруларға түсіндіру жұмыстары да жүрген. Сол арқылы арамшөппен алыспайды, неміс тұқымы таза өнімді ғана көктетіп, арамшөптін алдын алады. Яки, арнайы дәрісімен бірге себіледі. Осы ретте «Alem agro» компаниясының жетістігіне тоқалып кеткеніміз жөн бар. Себебі аталған серікстестік тынымсыз еңбегінің нәтижесінде қант қызылшасын өсіретін шаруашылықтар жоғары сапалы тұқымдарға қол жеткізуніе жол ашып келеді. Одан бөлек өсімдіктерді қорғауды, сондай-ақ макро-микро тыңайтқыштарды пайдаланудың заманауи әдістерін үйретті. Осылайша флора мен фаунаны қорғаудан бастап, өсімдіктерді қоректендіруге дейінгі кеңестерін пайдалана отырып, жоғары өнімділікке қол жеткізуге жол салып берді.

Шаруалардың тәжірибесі төмен

Қызылша саласына да үлкен тәжірибе қажет. Кейбір шарулардың ісі шала шығып, шығынын ақтамайды. Одан кейін бір жерге 4-5 жыл қатарынан қызылша себеді. Бұл жер эрозиясын бұзып, өнімнің қуатын азайтады. Тіпті қара жердің құнарын құртып, күлге айналдырып жіберу де мүмкін. Себебі өнім жоғары шығу үшін түрлі химиялық тыңайтқыштар қосылған соң топырақтың да тынысы тарылады.

Жас шаруалар қант қызылшасынан түсер пайданы көздеп, мыңдаған гектар жерге егін егеді. Ал оның азабын бағамдамайды. Мәселен менің ауылшаруашылығы саласында қызмет етіп жатқанымызға 20 жылдан асты. «Alem agro» ЖШС-да елімізден бастап, көршілес Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде 240-тан астам адам жұмыс істейді. Ал еліміздің әр облысында өзінің өкілдігі бар. Компания 4 мыңға жуық шаруа қожалығымен бірлесе ауылшаруашылығын өркендетуге күш салып отыр. Еліміздің әр өңірінде 30-дан астам филиалы болса, Алматы, Талдықорған қаласында компанияның 30-дан астам қоймасы шаруалардың қажеттілігін қамтамасыз етуде. Біздің ұстанымымыз – дұрыс сервис, білімді команда, шаруашылықтарға тұқымды еккеннен бастап, алынған өнімді сатуға дейін жәрдемдесу. Себебі, Солтүстік, Орталық Қазақстан және Қостанай облыстарында бірнеше элеваторымыз бар. Осы арқылы жиналған өнімді сақтап қана қоймай, сатуға да жәрдемдесеміз, - дейді «Alem agro» компаниясы оңтүстік дирекциясының басшысы Думан Жүнісқан.

Тәжірибе уақыт өте келетіні аян. Оған бар шаруаны шыдамы жете бермейді. Сондықтан үлкен, бұрыннна келе жатқан шаруашылықтармен тәжіибе алмасуы шарт. Мәселен аталған компания өңірегі шағын шаруашылықтарға ісін дөңгелету үшін қаржы беруге дайын. Осы күнге дейін түрлі тыңайтқыштарды сатумен айналыссақ, биыл «Ваidala» компаниясымен ынтымақтаса отырып, минералды тыңайтқыштарды сатуға бағыт түзеген. Қант қызылшасын өсіретін шаруашылықтарды қаржыландыру мәселесін де қарастырырып отыр.

Біздің қызылша саласында жүргенімізге де біраз жыл болды. Осы жылы «Alem agro» және «KWS» компанияларымен бірлесе үшінші мәрте қант қызылшасын өсіруге байланысты семинар өткізіп отырмыз. Бәрімізді бір ғана қант қызылшасының өнімділігін жоғарылатып, сапасын жақсарту мақсаты біріктіреді. Шаруашылығымыздың қант қызылшасы алқабы көктемде суарылып егілді. Биыл өнім жылдағыдан мол аламыз деген үміт зор. Егінді күтіп-баптау жұмысы заманауи технологияның күшімен атқарылды. Біз секілді шаруаларға осындай тәжірибе алаңы қажет. Аграрлы өңірдің алдына қойған мақсаты қант қызылшасының алқабын екі есе арттыру. Ол үшін жас шаруаларға кеңес қажет. Ардагер қызылшашылар арнайы дәріс оқып, жердің құнарлығын зерттейтін маманарды тарту керек, - дейді «Кең дала» шаруа қожалығының жетекшісі Қалибек Алпысбаев.

Тәтті түбірдің талабы ауыр

Тәтті түбір еге салса, шыға салатын өнім емес. Жүгері секілді бір биіктеп алса бой бермейтін де қуатқа да ие емес. Оны маусым бойы қадағалап, көзден атса қылмау қажет. Себебі түрлі сырқаттар да жүреді. Және ол бір-біріне жұқпалы болуы да мүмкін.

Мәселен қазір жаңа технологияның тілін, тұқымның сортын салмақтайтын, тіпті тыңайтқыштын төзімділігін саралайтын, суару құрылғыларын құрастыратын, одан қалды шаруаға жігер бере отырып, қаржы көзіне айнала алатын команиялар көп. Атап айтсақ «Вaidala», «BKH AGRO», «METZER», «DAGROC», «KWS» кәсіпорындарының мамандарының тәжірибесі мол. Әрине оларға оңайлықпен қол жетпейді. Сол үшін жақында облыс әкімдігінің бастамасымен жергілікті шаруалардың ұсынысымен компания өкілдері егіс алқабындағы жаңалықтарымен бөлісті. Аталған жиында тәтті түбір өсірумен айналысатын көрші облыстар мен аудан, қаладан келген жетісулық шаруа қожалықтарының жетекшілері және ауылшаруашылығына жауапты мамандар, ардагер қызылшашылар емен-жарқын жүздесіп, ой-пікір ортаға салды.

Қант қызылшасына жаңа әдіс қажет

Қазір қант қызылшасына қызығушылық танытып отырған инвесторлардың саны артып келеді. Әсіресе қытайлық мамандар жердің құнарын зерттеп, салаға ақша құйып отыр. Олар тек қана техникасын әкеліп жатқан жоқ, қант қызылшасын егудегі заманауи әдіс-тәсілерді де үйтеріп жатыр. Өкінішке қарай отандық білікті мамандардың тапшылығы анық білінеді. Дегенмен көш жүре түзелетінін ескерсек, көп ұзамай барлық шаруа бір ізге түседі деген ойдамыз. Бұл қатарда Сарқан ауданына қарасты Қарабөгет ауылындағы «Әбілқасымов» шаруа қожалығы да бар. Олар өңірдегі тәтті түбірмен айналысатын байырғы шаруа қожалықтарының бірі саналады. Сол шаруашылықтың негізін қалаған Балтабек Әбілқасымов бүгінде ұлына білгенін үйретіп жүр. Ізін басқан ұлы Нұрлан Әбілқасымов шетелдік мамандардың дәрістерін әлеуметтік желіден тыңдап, өз тәжірибесіне асырып жүр.

Есімде, ең алғаш 40 гектар ғана жерге қант қызылшасын сеуіп басаған болатынбыз. Құдайға шүкір, биыл егіс алқабымыз 400 гектарға дейін ұлғайды. Мәселен, былтыр әр гектарынан 60-70 тоннаға дейін өнім алып, бір марқайып қалдық. Осы жылы одан да көп аламыз деп отырмыз. Оның үстіне бүгінде облыс әкімдігі тарапынан қант қызылшасын өсірушілерге көп қолдау көрсетіп отыр.Өткен жылы қант қызылшасынан мол өнім алып жүрген шаруашылықтарға сыйға берілген екі қызылша қазатын комбайнның біреуі бізге бұйырды. Шыны керек, ескінің өзі жаңаның көзіндей біраз көмек болды. Шама бар, қант қызылшасына қатысты семинар, оқу-жаттығу жиындарын жібермеуге тырысамын. Осы саланың білгір маманы болғым келеді. Келер жылы егіс көлемін арттырып, жаңа технология кіргізсек па деп отырмыз, - дейді «Әбілқасымов» шаруа қожалығының өкілі Нұрлан Әбілқасымов.

Биыл жетісулық шаруалар жаңа рекорд жасамақ ниетті. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасы да өнімнің мол боларына сенеді.

Өзгелердің жаңалығы