Қанша айтсақ та, нәтиже жоқ. Депутат жұмыссыздық мәселесін көтерді

26 Мамыр 2022, 16:37
1904
Бөлісу:
Қанша айтсақ та, нәтиже жоқ. Депутат жұмыссыздық мәселесін көтерді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен еліміздегі жұмыссыздық деңгейіне қатысты мәселені көтерді.

4,9 млн. Бұл цифр пандемия кезінде де өзгерген жоқ. Соңғы үш жылда да 2 млн-ға жуық адам жұмысқа орналасты деген мәлімет бар. Дегенмен көбі уақытша жұмыс. Бұл мәселе Сенатта бірнеше рет көтерілді және қаражат та бөлінді. «Қаңтар қасіреті» жұмыссыздықтың көлемін көрсетіп берді. Қанша айтсақ та, нәтиже көрініп тұрған жоқ. Енді жұмыссыздар саны нақтылана ма? Оны қайта есептейсіздер ме? Жаңа қабылданған жоба бойынша жұмысқа орналасқандар 2-3 айдан кейін жұмыссыздар қатарын қайта толтыратын сияқты. Бәрі уақытша жұмыс. Қазіргі жаңа жобаның бұрынғы тәжірибеден қандай айырмашылығы бар? – деп сұрады сенатор министрлерден.

Ләззат Сүлейменнің сұрағына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жауап берді.

Бүгінгі таңда жұмыссыздық деңгейін Статистика бюросы жасайды. Олар Еңбек халықаралық ұйымының негізінде 4,9 деп белгілеп отыр. Яғни егер азаматтар 3 ай бойы жұмыс іздеп, Жұмыспен қамту орталығына тіркелсе, соның ғана есебін алады. Платформалық жұмыспен қамтылған азаматтар арасында қаншасы жұмыс істеп жүргені және жұмыс істемей жүргені бойынша ақпарат әлі толық емес. Ол жөнінде Статистика (Статистика бюросы – авт.) да білмейді. Біз бұл жұмысты қолға алдық. Азаматтың көпшілігі өзін-өзі жұмыспен қамтиды, бірақ ол туралы еш жерге ақпарат бермейді, яғни тіркелмейді. Енді оңтайландырылған салық және оңтайландырылған еңбек құқықтарын қорғау мәселесі, сондай-ақ осы азаматтарды әлеуметтік қорғау мәселесін оңтайландырсақ, онда азаматтардың қайсысы жұмыс істейді, қайсысы жұмыс істемейтінін анық білуге болады, - деді министр.

Дүйсенова бұл мәселе бойынша жұмыс жолға қойылатынын айтты.

Өзгелердің жаңалығы