Атырауға 100-ден аса қандасымыз оралды

23 Мамыр 2019, 08:57
2562
Бөлісу:
Атырауға 100-ден аса қандасымыз оралды

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Жыл басынан бері 100-ден астам шетелдік қандасымыз Қазақстан азаматтығын қабылдап, Атырауға қоныс аударған.

Олардың басым көпшілігі Өзбекстан мен Қытай Халық Республикасынан келген. Көші-қон қызметіндегілер азаматтық алу үшін кемінде 5 жыл сол елде тұруы тиіс немесе ел азаматтарымен кемінде 3 жыл некеде болуы қажет екенін айтады. Ал жоғарғы оқу орындарында білім алатын этникалық қазақтар мен Қазақстанның аумағында тұрып жатқан оралмандар азаматтықты жеңілденген тәртіппен ала алады. Дегенмен, кейде оларға азаматтық беруден бас тартатын жағдайлар да кездеседі.

«Бүгінгі таңда елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша оралман мәртебесінің мерзімі өтіп кеткен этникалық қазақтардың осы мәртебесін 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзарту акциясы өтіп жатыр. Осыған орай, Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен ала алмай жүрген этникалық қазақтардың оралман мәртебесін ұзарту үшін Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына хабарласуларын сұраймыз», - дейді Атырау облыстық ПД Көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы Жанаргүл Жұмабаева.

Өткен жылы облыс бойынша 400-ге тарта адам азаматтық қабылдаған. Олардың 50-ге жуығы - өзге ұлт өкілдері. «Қазақстан азаматы» атанғандардың басым көпшілігі Өзбекстан Республикасынан. Түркия, Грузия, Әзербайжан мен Палистина мемлекеттерінен келгендер де бар. Сондай-ақ, былтыр 5 адам шетелге біржола қоныс аударған.


Өзгелердің жаңалығы