- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қанай Өмірбек: «Алтын Орда – қазақ мемлекеттілігінің тарихи-өркениеттік негіздерінің бірі»
Қанай Өмірбек: «Алтын Орда – қазақ мемлекеттілігінің тарихи-өркениеттік негіздерінің бірі»
Ғалымның айтуынша, Алтын Орданың негізгі аумақтарының едәуір бөлігі қазіргі Қазақстан аумағында орналасқан.
Бүгiн 2026, 20:18
Ғалым Алтын Орданы қазіргі Қазақстан мемлекеттілігінің терең тарихи тамырларымен байланыстырып, оны «дала өркениетінің моделі» ретінде бағалайды.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында бекітілген «Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығы» туралы тұжырым қазіргі қазақ мемлекеттілігінің тарихи тамырын тереңнен қарастыруға мүмкіндік беретін маңызды ғылыми негіз. Мұндай пікірді Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ Еуразия ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Қанай Өмірбек білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алтын Орда және қазақ мемлекеттілігінің тарихи сабақтастығы
Ғалымның айтуынша, осы тұрғыдан келгенде Алтын Орданы қазіргі Қазақстан мемлекеттілігінің маңызды тарихи негіздерінің бірі ретінде қарастыру – әрі ғылыми, әрі тарихи сабақтастық тұрғысынан толық орынды.
«Менің ойымша, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында бекітілген “Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығы” туралы тұжырым – тек символикалық ұғым емес, бұл мемлекеттіліктің тарихи тамырын тереңнен қайта пайымдауға мүмкіндік беретін өте маңызды ғылыми негіз. Осы тұрғыдан келгенде Алтын Орданы қазіргі Қазақстан мемлекеттілігінің іргелі тарихи арқауларының бірі ретінде қарастыруға толық негіз бар деп есептеймін. Себебі біз бұл мемлекетті тек ортағасырлық саяси құрылым ретінде емес, тұтас өркениеттік жүйе ретінде қабылдауымыз керек. Сондықтан Алтын Орда мен Қазақ хандығы арасындағы тарихи байланыс мемлекеттіліктің эволюциясын айқындайды», – дейді Қанай Өмірбек.
Этникалық құрам, саяси құрылым және өркениеттік кеңістік
Ғалымның айтуынша, Алтын Орданың негізгі аумақтарының едәуір бөлігі қазіргі Қазақстан аумағында орналасқан. Сонымен қатар қазақ халқының этникалық құрамын қалыптастырған қыпшақ, найман, керей, қоңырат, жалайыр, қаңлы, арғын сияқты ру-тайпалар сол мемлекеттің саяси және әскери тірегін құраған.
«Алтын Орданың тарихына қарасақ, біз тек саяси құрылымды емес, сонымен бірге этникалық және мәдени сабақтастықты да көреміз. Сондықтан қазақ халқының қалыптасу үдерісін Алтын Ордадан бөле қарау мүмкін емес деп есептеймін», – дейді ол.
Ғалым бұл мәселеде ғылыми ортада ортақ пікір жоқ екенін де атап өтеді. Дегенмен отандық тарихшылардың басым бөлігі Алтын Орданы Қазақ мемлекеттілігінің маңызды тарихи негіздерінің бірі ретінде қарастырады. Оның пікірінше, Қазақ хандығы – Алтын Ордадан кейінгі мемлекеттік дамудың табиғи жалғасы.
«Жошы ұлысы мен Қазақ хандығы арасындағы сабақтастық айқын. Қазақ хандарының Жошы әулетінен тарауы – осы тарихи байланыстың нақты дәлелі», – дейді Қанай Өмірбек.
Сонымен қатар ол Қазақстанды Алтын Орданың жалғыз құқықтық мұрагері ретінде қарастырудан аулақ болу керектігін де айтады. Себебі бұл мемлекет Еуразиядағы алып өркениеттік империя болды және оның мұрасы бірнеше халыққа ортақ.
«Қазақстан – сол өркениеттік мұраның бірегей жалғастырушыларының бірі. Біз бұл мәселені иелік тұрғысынан емес, тарихи сабақтастық тұрғысынан қарауымыз керек», – дейді ол.
Алтын Орда – дала өркениетінің моделі
Астанада өткен халықаралық симпозиумда Алтын Орданы «дала өркениетінің моделі» ретінде қарастыру да осы ғылыми көзқараспен үндес. Ғалымның айтуынша, Алтын Орда көшпелі және отырықшы мәдениеттерді ұштастырған, түркілік мемлекеттік дәстүрді жаңа деңгейге көтерген өркениеттік құбылыс болды.
«Алтын Орда тек саяси күш емес, ол – өркениеттер тоғысқан кеңістік. Мұнда мәдениет, сауда, экономика және ғылым қатар дамыды», – дейді Қанай Өмірбек.
Өз дәуірінде Ертістен Дунайға дейін созылған ұлан-ғайыр аумақты қамтыған Алтын Орда Шығыс пен Батыс өркениеттерінің тоғысуына ықпал еткен ірі саяси-мәдени орталық болды.
Саяси-құқықтық тұрғыдан алғанда, мұнда хан билігі, хан кеңесі, құрылтай дәстүрі, билер мен бектер институты, ұлыстық басқару жүйесі қалыптасты.
«Бұл институттардың тамыры тереңде жатыр. Ол сақ, ғұн, көктүрік, түргеш және қимақ-қыпшақ мемлекеттерінің дәстүрімен тікелей сабақтас», – дейді ғалым.
Қанай Өмірбек құрылтай дәстүрін ерекше атап өтеді. Оның айтуынша, бұл көшпелі саяси мәдениеттегі ұжымдық шешім қабылдау тетігі кейін Қазақ хандығының саяси жүйесінде де жалғасын тапқан.
«Құрылтай – мемлекеттің тағдырын айқындайтын ұжымдық шешім қабылдау алаңы болды», – дейді ол.
Әлеуметтік-экономикалық және мәдени тұрғыдан Алтын Орда дәуірінде Сарайшық, Сығанақ, Сарай-Бату, Сарай-Берке сияқты қалалар Еуразиядағы ірі өркениет орталықтарына айналды.
Ғалым әсіресе Өзбек хан мен Әз Жәнібек хан кезеңін ерекше атайды. Бұл уақытта ғылым мен білім қарқынды дамып, кітапханалар мен ғылыми орталықтар қалыптасқан.
«Астрономия, медицина, математика, география, тарих, әдебиет – осының бәрі жүйелі түрде дамыды», – дейді ол.
Тарихи сабақтастық және мемлекеттілік эволюциясы
Қорытындылай келе, Қанай Өмірбек Алтын Орда кезеңін Қазақ хандығының саяси, құқықтық және мәдени негізін қалыптастырған шешуші тарихи дәуір ретінде бағалайды.
«Сондықтан Конституциядағы “Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығы” ұғымы Алтын Орда дәуірін толық қамтиды. Бұл – мемлекеттіліктің тарихи эволюциясын түсіндіретін маңызды ғылыми тұжырым», – деп түйіндейді ғалым.
Ең оқылған:
- Сәбиімен курьер болған әйел жайлы министр күтпеген мәлімет айтты
- Әдемі дата: Қазақстанда ең көп неке қиылатын күн белгілі болды
- Семейде жоғалып кеткен екі баланың ата-анасы жауапқа тартылады
- ӘЧ: Англия алты голдық матчта жеңіске жетті, Португалия сүрінді
- Жамбыл облысында сеніп тапсырылған 17 жылқыны иемденген күдікті ұсталды
Мақпал ОРЫНБЕК