Қанат Жолдықараев: Дайын емес спортшыны жарыстарға жіберу, ұлттық құрама үшін үлкен қателік

30 Наурыз 2022, 15:44
4698
Бөлісу:
Қанат Жолдықараев: Дайын емес спортшыны жарыстарға жіберу, ұлттық құрама үшін үлкен қателік

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы уақытта Түркістан спортшылары халықаралық және республикалық жарыстар болсын жүлделі қайтып жүр. Жалпы спорт саласы киелі өңірде қалай дамып жатыр? Облыста спорт инфрақұрылымы мен ұлттық спорт түрлері және футбол, секциялар қалай дамуда? Өткен жылы атышулы болған ипподром мәселесі қалай шешілді, қанша спортшы бар, түркістандықтар спорттың қай түріне көбірек қызығады? Осы және басқа да сауалдар бойынша Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараевпен сұхбаттасқан болатынбыз. 

– Қанат Жарылқапұлы Түркістан облысы бойынша дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатындардың саны қанша екенін айтудан бастасаңыз. 

– Өткен жылдың 12 айының қорытындысы бойынша облыста дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын азаматтар саны 718 004 адамды құрады, бұл халық санының 34,59%. Аталған индикатор орындалды. 2022 жылға аталған көрсеткішті 38,86 пайызға, ал 2025 жылға дене шынықтырумен және спортпен шұғылданушылардың санын елу пайызға жеткізу жоспарын алға қойып отырмыз.

Түркістан облысы бойынша қанша спортшы және қандай Олимпиада жеңімпаздары бар? Мәселен Жазира Жаппарқұлова, Cәкен Бибосынов т.б. спортшыларды Олимпиада ойындарынан кейін қолдау жағы қалай? Олардың атында спорт кешендері, спорт сыныптары т.б. ашыла ма? Неге кейбір спортшылар көбіне елеусіз қалып кетіп жатады? 

– 2021 жылы Токио, 2020 жазғы Олимпиада ойындарына облысымыздың атынан үш спортшы, Паралимпиада бойынша бір спортшымыз еліміздің намысы қорғауға аттанған болатын. Нәтижесінде боксшымыз Сәкен Бибосынов қола медаль иегері атанды. Сонымен қатар, Олимпиада, Әлем чемпионанттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне заңға сәйкес қолдау көрсету мақсатында Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосыновқа мемлекеттік «Ел қорғаны» медалі және Түркістан қаласынан екі бөлмелі жаңа пәтердің кілті табыс етілді. 

Түркістанда қанша спорт түрі бар, қай спорт түріне сұраныс көп?

– Түркістан облысында 59 спорт түрі бойынша 29 олимпиадалық, 30 олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша 72 спорт мекемесінде 51390 спортшы тіркелген. Түркістанда жекпе-жек спорт түрлеріне сұраныс көп. Мысалы, бокс, таэквондо, дзюдо, күрес түрлері, қазақ күресі, аралас жекпе-жек, т.б.

Спорт инфрақұрылымы туралы айта кетсеңіз яғни облыста спорттық нысандар жеткілікті ме? Қандай спорт түрінен ғимараттар салынуы керек?

– 2021 жылдың қорытындысы бойынша облыста 4643 спорт ғимараты жұмыс істейді. Оның ішінде, 21 стадион, 1 спорт сарайы, 2 құрама командалардың оқу-жаттығу орталығы, 41 спорт кешені, 103 спорт манежі (102 футбол манежі, 1 ат манежі), 1 шаңғы базасы, 135 атқыштар тирі, 16 теннис корты, 2 ипподром, 22 жүзу бассейні (50 метрлік – екеу, 25 метрлік – 20, 25 метрден аз – 7), 998 спорт зал, жазықтықты құрылғылар 3256 (6 спорттық ядролар, 2350 спорттық алаң, 900 алаң) және 45 жапсарлас спорттық залдар бар. Қазіргі таңда, Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, 2022-2024 жылдар аралығында «Теннис орталығы», «Мұз сарайы», «Ескек есу каналы», «Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спорт кешені», «Дарынды балаларға арналған облыстық спорттық мектеп интернаты», «Жоғары шеберлік спорт мектебі», «Облыстық медициналық дене шынықтыру диспансері», «Түркістан қаласының олимпиадалық резерв мектебі», сондай-ақ «Ат спорты кешені» сияқты бірқатар қазіргі заманғы  үлгідегі спорт нысандары пайдалануға берілді. Жоғарыда аталған спорт объектілері мен «Мұз сарайы» салынған жағдайда кейбір қысқы спорт түрлері дамитын болады.

– Кез келген спортшыны ынталандыру үшін қандай талап қоясыздар? 

– Жалпы спортшыларды ынталандырудың бірнеше жолдарын айтуға болады. Спортшыларды ең бастысы жаттығу жасайтын орындарын, спорттық құрал-жабдықтармен, спорттық киімдермен қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар облыс құрамасына еніп, әрі қарай ұлттық құрамаға енген спортшыларға спорттық нәтижесіне қарай облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес жоғарғы жетістікке жеткен спортшыларға және жаттықтырушыларына ай сайынғы ақшалай жабдықталым (стипендия) төленеді. Спортшыларды ынталандыру жолында жаттықтырушының да алатын орны ерекше. Сондықтан жаттықтырушылар оқу-жаттығу және жарыс барысында спортшылармен бірге барып жеке жаттығу жұмыстарын жүргізуге көңіл бөледі.

– Күнгейдегі ҚР чемпионаттары, Әлем чемпионаты, Азия чемпионаттары туралы айтып беріңізші.

– 2021 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысының спортшыларының Әлем чемпионаттары мен Әлем кубоктерінде жалпы саны 156 медаль, оның ішінде 80 алтын, 44 күміс, 32 қола медаль иеленді. Азия чемпионаттарында жалпы саны 114 медаль, оның ішінде 53 алтын, 31 күміс, 30 қола медаль алса, Қазақстан Республикасы чемпионаттарында 908 медаль, оның ішінде 366 алтын, 237 күміс, 305 қола медаль жеңімпаздары мен жүлдегерлері болды. Түркістан өз алдына бөлек облыс болғалы төрт жылдықтың басты додасы – жазғы Олимпиада ойындарына бірінші рет қатысты. 2021 жылы Токио қаласындағы XXXII жазғы Олимпиада ойындарында жерлесіміз Сәкен Бибосынов бокстан 52 келі салмақ дәрежесінде қола медаль жеңіп алып, Қазақстанның мерейін үстем етті.

Бізде ел арасында жарысқа, әлемдік дода Олимпиада т.б. сайыстарға көбіне танысы мен ақшасы бар спортшылар барады да, шын жүйрік таланттар тасада қалып кетеді, шеттетіледі деген қауесеттерді естіп қалып  жатамыз. Осыған басқарма басшысы ретінде қандай пікір айтасыз? Жұрттың айтып жүрген дақпырт әңгімесі қаншалықты шындыққа жақын?  

– Түркістан облысының спортшылары қазіргі таңда өзіміздің елде ғана емес Азия, Әлемдік додаларда өз шеберліктерін көрсетіп жүлделі орындарға ілініп, тіпті жеңімпаздар қатарынан көрініп жатқандары бар. Бұның дәлелі ретінде 2021 жылдың жарыс қорытындысынан көруге болады. Мен басқарма басшысы ретінде қауесеттерге сенбеймін, оның бірден бір себебі, бүгінгі таңда өздеріңізге белгілі, барлық мәліметтер және спортшылардың жетістіктері мен көрсеткен өнерлері әлеуметтік желіде бірден тарап отырады. Оны сіз де, біз де көріп, өз бағамызды беріп отырамыз. Әлемдік додаларға әбден шыңдалған яғни оқу-жаттығу жиындарынан көзге түскен және Әлемдік додаларда жүлделі орындардан көрініп жүрген спортшыларды жібереміз. Себебі, дайын емес спортшыны жарыстарға жіберу, облыс құрамасы мен ұлттық құрама үшін үлкен қателік болып саналады. 

Түркістанның спорт деңгейін әлемдік деңгейге көтеру үшін ең бастысы не қажет деп ойлайсыз? 

– Өздеріңізге белгілі, Түркістан өңірінің өз алдына облыс болып құрылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Бірақ соған қарамастан қазірге кезде біршама облыстарды басып озып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Облыста бұдан да жоғары нәтиже көрсету үшін, шалғай аудандардан, ауылдардан спорттық ғимараттар салынса дейміз. Әрине спорттық ғимараттар жоқ деп айтуға да болмайды, біршама ғимараттар қолданысқа беріліп, спортшыларға жаттығу жасауына мүмкіншілік жасалуда. Облыстың спортын әлемдік деңгейде көтеру үшін, біз Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтып өткендей, бұқаралық спортты дамытқанымыз жөн. Бұқаралық спортымыз дамымай, облыстың спортын әлемдік деңгейде көтеру мүмкін емес. Бірақ қазір де спортшыларымыздың бірқатары әлемдік деңгейде өнер көрсетіп, жүлделі орындардан көрінуде. Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының 2021-2025 жылдарға арналған стратегиялық дамуға арналған салалық бағдарламасында белгіленген бағыттары бойынша дамуда. Осы орайда, спорт саласындағы басым бағыттарының бірі қазақстандықтардың дені сау ұлт болып қалыптасуы үшін дамытылуы тиіс жайт – ол бұқаралық спортты жандандырып, көпшіліктің айналысуына жағдай жасау. Бізде тұрғындар өзіңіз білесіз көбіне жалқау, спортқа, өз денсаулығына немкетті қарайды. Бұқараның спортпен айналысуы үшін спорт ғимараттары қолжетімді болуы тиіс. Бұл ретте Түркістан аймағында 1500-ден аса іс-шара өткізіліп, оған екі жүз мыңға жуық адам тартылды, сонымен бірге ауылдық жердің азаматтары да қамтылды. Дегенмен, денсаулықты ойлау, өзіне қамқор болу әрбір азаматтың жеке таңдауы. Біздің мақсат – салауатты өмірді насихаттау, қажетті ғимараттармен қамтамасыз ету.

– Ал Түркістан футболы қалай дамуда? 

– Облыстың футбол спортына тоқталар болсақ, оның дамуына бірқатар жұмыстар жасалып, өз нәтижесін беріп те жатыр. Соның дәлелі ретінде алғашқы маусымда бір облыс атынан екі футбол командасы Тұран және Мақтаарал елімізде ең жоғарғы саналатын Қазақстан Олимпбет «PremierLeague» ойындарында  өнер көрсететін болады. Сонымен қатар, облыста қыздар футболына көңіл бөлініп, «Тұран-Томирис» футбол клубы құрылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша «Тұран-Томирис» 2021 жылдың турнирлік кестесі бойынша 2 орынды иемденіп, қыздар арасындағы UEFA чемпиондар лигасына жолдама алды. Осы жетістіктер қорыта айтқанда облыста футболдың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.

Кейбір құраманың ойыншылары дайындықты шетелге барып жасайды дейді. Оның барыс-келісі қанша шығын екені, қазақ спортына әкеп жатқан пайдасы бар-жоғы ескеріле ме? Мәселен футбол құрамы дайындық үшін шетелге барып келгеніне қанша ақша бөлініп жатыр? Бірақ одан нәтиже де, басқа да жоқ екені жасырын емес, бұған не дейсіз? – Cпортшылардың шетелге барып оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жүргені өтірік емес, ол рас, бірақ барлық спорт түрлерінде ондай жағдайлар кездеспейді. Себебі, облыста спорттың бірнеше түрі бар, олардың ауа райына байланысты шетелдерде дайындық жасауына тура келеді. Сонымен қатар шетелдегі дайындықтардың біздің спортшылар үшін ең басты пайдасы –  тәжірибе алмасу, шеберліктерін арттыру болмақ. Мұндай дайындықтар үлкен тартысты жарыстардың алдында өткізіліп тұрады. Бұдан бөлек, облысымызда шетелдерде орны бар спортшылар да кездеседі, сол себепті сол спортшыларды өзге елдердің спортшыларымен бірдей немесе одан да жоғары нәтиже көрсетуіне жағдай жасау.

2021 жылдың 1 мамырынан бастап балалар спорт секцияларын жан басына қаржыландыру енгізілген болатын. Осы жүйе бойынша облыста қанша спорт кешені жұмыс істеп жатыр? Бұл кәсіби спортшы шығаруға қаншалықты кері және оң әсерін береді? Естуімше спорт басқармасының спортшылары мұны өзіне бақталас санап, үйірмедегілер оқушыларды тартып алып қойып жатыр деген ойда екен. Себебі баланы екі жаққа бірдей тіркеуге болмайды дейді. Осыған басшы ретінде көзқарасыңыз қалай?

– Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпы ұлттық іс-шаралар туралы жоспары бекітілген болатын. Мемлекет басшысының балаларды тегін спорттық секциялармен қамту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында 2021 жылдың 1 мамырынан бастап мемлекеттік спорттық тапсырыс бойынша жан басына шаққандағы қаржыландыру механизмі енгізілді. Одан әрі artsport.edu.kz платформасы іске қосылып, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан тиісті жұмыстар жалғасын тауып келеді. 2021 жылға тамыз-желтоқсан айларына облыстық бюджеттен 175 812,0 мың теңге қаржы бөлініп, толық игерілді. Нәтижесінде 90 спорт секциясы ашылып, 6103 бала қосымша спорттың 17 түрімен шұғылдануға мүмкіндік алды. 2022 жылға 700 000,0 мың теңге қаржы бөлінген. Бүгінде artsport.edu.kz платформасында тіркелген балалардың саны 27 203 жетті. Оның ішінде ваучер алғаны 26044 бала. Қажеттілік 3,0 млрд теңге. 2022 жылға қаңтар айына 65 өтінім берушіден 198 табель қабылданып, 90 440 653,22 мың теңгені құрады. Бұл өз кезегінде 12834 баланы қамтып отыр. Одан әрі платформада тіркелген ваучерлер санын ескеретін болсақ, ақпан айында спорт секциясына тартылған 20 мың балаға 251 000,0 мың теңгені қажет етіп отыр, яғни бөлінген 700 000,0 мың теңге қаңтар-наурыз айларында толық игеріледі деп жоспарлануда. Қазіргі таңда, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептеріне арналған e-sport платформасы әзірленуде. Аталған платформа әзірленгеннен кейін artsport.edu.kz платформасымен интеграция жасалады деп күтілуде. Жоғарыда аталған шаралар аяқталғаннан кейін ондай олқылықтар түзелетін болады.

Өткен жылы Шымкент қаласындағы облысқа қарасты ипподром мәселесі шу болғаны белгілі. Бұл мәселе қалай болып жатыр, шешімін тапты ма? Бюджет атынан қанша жылқы сатып алынған? Облыстың өз ипподромы бар ма? 

– 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, 2024 жылы Түркістан қаласында «Ипподром» салу жоспарлануда. Түркістан облысы мен Шымкент қаласы әкімінің келісіміне сәйкес, 2019 жылдың қаңтар айынан бастап облыстық ипподром Шымкент қаласының балансына өтті. Қазіргі уақытта «Түркістан облыстық ұлттық спорт түрлері бойынша мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» МКҚК келісім бойынша ипподром аяқталғанға дейін Шымкент қаласында орналасатын болады. «Түркістан облыстық ұлттық спорт түрлері бойынша мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» МКҚК-ның балансында 66 жылқы бар.

Облыста қанша спорт федерациялары, спорттық клубтар, ұйымдар бар? Спорт кадрлары туралы айтсаңыз, жеткілікті ме? Қанша спорт  секциясы ашылды?

– Облыста жалпы спорт мекемелерінің саны – 72. Оның ішінде: 22 облыстық, 50 қалалық және аудандық спорт мекемелері. 39 спорт федерациясы, қалалық, аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт клубтары Түркістан, Кентау, Арыс, Ордабасы, Мақтаарал, Отырар аудандарында жалпы 7 қала, ауданда құрылды. Жалпы 2021 жылдың қорытындысы бойынша облыста спорт нысандарының саны – 4643. Түркістан облысы бойынша облыстық спорт мекемелерінде 1450 жаттықтырушы 9453 шұғылданушымен күнделікті жаттығу жұмыстарын жүргізуде, қала аудандық спорт мекемелерінде 1025 жаттықтырушы 41937 шұғылданушымен жаттығу жұмыстарын жүргізуде. 22 облыстық және 50 қала, аудандық спорт мекемелерінде спорт кадры бойынша жетіспеушіліктер жоқ. 2020 жылы 453 спорт секциясында 43 243 бала шұғылданды. 2021 жылға ашылған спорт секцияларының саны Түркістан облыстық спорт мекемелерінде жұмыс жасап жатқан 524 спорт секциясында 2020 жылға қарағанда 15,8 %  артып, 51 390 шұғылданушымен күнделікті жаттығу жұмыстарын жүргізуде.

Ұлттық спорт қалай дамуда? 

– Облыста ұлттық спорт түріне кеңінен көңіл бөлініп, оңтайлы дамып келеді. Соның бір дәлелі ұлттық спорт түрлерінен спортшыларымыз әлемдік додаларда көзге түсіп жүр. Ұлттық спортты әлемге таныту үшін біршама жұмыстар атқарылды, оның ішінде өзіміздің елде өтіп жатқан жоғары деңгейдегі Халықаралық, Әлемдік деңгейдегі жарыстар. Облысымызда дамып келе жатқан спорт түрлерін айтар болсам, олар: көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, бәйге, саят, асық ату, қазақ күресі, тоғызқұмалақ секілді спорт түрлері.

Мүгедектер спортына тоқтала кетсеңіз? Оларға қалай жағдай жасалған, ғимарат т.б. бәрі бар ма?

– Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының «Облыстық мүгедектерге арналған «Сауран» спорт клубы» КММ облыс әкімінің 2021 жылдың 10 наурыздағы №70 қаулысы бойынша ашылды. Түркістан облысы аумағында 94 508 мүмкіндігі шектеулі адамдар тіркелген. Оның ішінде спорт және дене шынықтырумен айналысуға қарсы көрсетілімі жоқ 45000 адам бар. Дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны 4113 құраса, (2020 жылы – 3639 адам), ауылды жерде 2959 құрап отыр. Бұл спорт және дене шынықтырумен айналысуға қарсы көрсетілімі жоқ мүмкіндігі шектеулілердің тоғыз пайызын құрайды. Шұғылданушылар санынан 1222 адам тірек-қимыл аппараты зақымданған (2020 жылы – 1337 адам). Есту қабілеті зақымданған 1323 адам (2020 жылы – 900 адам). Көру қабілеті бойынша 1568 адам (2020 жылы – 1402 адам). Бүгінде облыстың 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасына сәйкес, өңірдегі дене шынықтыру және сауықтыру кешендеріне мүмкіндігі шектеулі спортшылардың кіріп-шығуы үшін жағдай жасау жұмысы алға қойылып отыр. Бүгінге дейін 20 пайыз спорт ғимараттарына жағдай жасалған, 2025 жылға дейін 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

 

Өзгелердің жаңалығы