Қанат Ысқақов: Түркі елдері медиа өнімдерін өзара таратып, бірлескен контент әзірлейді

 ©BAQ.KZ/Артём Чурсинов 16 Қазан 2026, 11:16
16 Қазан 2026, 11:16
150
Фото: ©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Түркі мемлекеттері ұлттық телеарналар мен ақпарат агенттіктері арасындағы байланысты күшейтіп, ортақ медиа жобаларды іске асыруға ниетті. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Вице-министрдің айтуынша, түркі елдерінің мәдениеті, ортақ тарихы мен рухани мұрасы ақпараттық ынтымақтастықты дамытуға негіз бола алады. Ол үшін ақпарат алмасуды кеңейтіп, бірлескен жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыру қажет.

«Ұлттық телеарналар мен ақпарат агенттіктері арасында медиа өнімдер алмасуды кеңейтіп, бірлескен контент өндіруді жолға қоюымыз керек. Бұл ынтымақтастығымыздағы келесі қадам болады деп санаймын», – деді Қанат Ысқақов елордада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының БАҚ және ақпарат саласына жауапты министрлері мен жоғары лауазымды тұлғаларының 8-отырысында. 

Сондай-ақ ол телевизия мен цифрлық платформалар түркі мемлекеттерінің мәдени мұрасы мен бүгінгі жетістіктерін кеңінен танытуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар ортақ жобаларды әзірлегенде әр елдің ана тіліндегі контентке қолжетімділігін ескеру маңызды деп отыр.

Журналистер тәжірибе алмасуы қажет

Қанат Ысқақов кәсіби байланысты нығайту үшін журналистерге арналған оқыту бағдарламалары мен тағылымдамаларды ұйымдастырудың маңызын да алға тартты. Оның пікірінше, медиа мамандарының тәжірибе алмасуы ортақ жобалардың сапасын арттырып, түркі елдерінің ақпараттық байланысын күшейтеді.

Осы ретте журналистермен қатар медиа компаниялар мен білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты дамыту ұсынылды. Бірлескен шеберлік сабақтары, тағылымдамалар мен зерттеу жобалары мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға ықпал етеді.

Спикер жас журналистер мен цифрлық контент авторларына ерекше назар аудару керектігіне де тоқталды. Өйткені болашақ медиа кеңістігін қалыптастыруда жас буынның рөлі зор.

Оның сөзінше, алдағы жұмысты нақты міндеттерге негіздеп, әр кездесудің нәтижесін іс жүзіндегі бастамалармен бекіту керек. Бұл контент алмасуды кеңейтуге, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және түркі әлемінің ақпараттық кеңістігін нығайтуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Астанада Түркі мемлекеттері ұйымы медиа және ақпарат мәселелерін талқылап жатыр. 

Наверх