- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қанат Көпбаев: Көшпенділер ойындарындағы жеңіс – ұлттық спорттың биік деңгейін көрсететін маңызды жетістік
Қанат Көпбаев: Көшпенділер ойындарындағы жеңіс – ұлттық спорттың биік деңгейін көрсететін маңызды жетістік
Бәйге федерациясының президенті Қанат Көпбаев ұлттық спортқа көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау, жүйелі жарыстардың маңызы және бәйгені халықаралық деңгейде дамыту перспективалары туралы пікір білдірді.
11 Қыркүйек 2026, 23:03
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттап, ұлттық спорттағы жоғары нәтижелерді атап өтті. Тәуелсіздік сарайында өткен салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қазақстан құрамасының жалпыкомандалық есепте бірінші орын алғанын, спортшылардың 74 медаль, оның ішінде 32 алтын жүлде иеленгенін айтып, бұл жетістіктің ел мерейін асқақтатқанын атап өтті.
Бәйге федерациясының президенті Қанат Көпбаев ұлттық спортқа көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау, жүйелі жарыстардың маңызы және бәйгені халықаралық деңгейде дамыту перспективалары туралы пікір білдірді.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақстандық спортшылардың жоғары нәтиже көрсетіп, 74 медаль, оның ішінде 32 алтын медаль жеңіп алғанын атап өтті. Бұл жетістіктің Қазақстандағы ұлттық спортты одан әрі дамытудағы маңызын қалай бағалайсыз?
— Иә, Қазақстан жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Менің ойымша, спортшыларымыздың кез келген жетістігі - ол олимпиадалық немесе ұлттық спорт түрлерінде болсын - еліміздің абыройын асқақтатып, Қазақстанның мерейін үстем етеді. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында біз көшпенділер өркениетінің бесігі саналатын ел екенімізді тағы бір мәрте дәлелдедік. Бұл біз үшін үлкен маңызға ие. Біз өз дәстүрлерімізді қастерлеп, сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келеміз. Бұл жетістік ұлттық спорт түрлерінің дұрыс бағытта дамып келе жатқанын көрсетеді. Қол жеткен нәтижемен тоқтап қалмай, осы жұмысты одан әрі жалғастыруымыз қажет. Себебі басты міндеттердің бірі - ұлттық дәстүрлерімізді сақтап, оны келешек ұрпаққа аманат ету.
— Мемлекет басшысы ұлттық спорт түрлерінің мәртебесі заң жүзінде олимпиадалық спорт түрлерімен теңестірілгенін атап өтті. Бұл шешім ұлттық спортқа деген көзқарасқа қалай әсер етті және спортшылар мен федерациялар үшін қандай жаңа мүмкіндіктерге жол ашты?
— Әрине, Мемлекет басшысының ұлттық спорт түрлерінің заң жүзінде олимпиадалық спорт түрлерімен теңестірілгенін атап өткеніне өте қуаныштымыз. Президенттің ұлттық спортқа көрсетіп отырған мұндай қолдауы салаға жаңа серпін беріп, оның болашағына деген сенімді арттырады деп ойлаймын. Бұл шешім ұлттық спортқа деген көзқарасты өзгерткеннен гөрі, оған көрсетілетін қолдауды күшейтіп, әрі қарай дамуына жаңа серпін береді деп ойлаймын.
Бұл, ең алдымен, балалар мен жасөспірімдер клубтарын, өңірлердегі спорт секцияларын дамытуға мүмкіндік береді. Ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізуге бюджеттен қаражат бөлініп, балалардың жастайынан ұлттық спортпен айналысуына жағдай жасалады.
Яғни ұлттық спорт түрлерінің олимпиадалық спорт түрлерімен теңестірілуі оларға жаңа мәртебе береді. Бұл ұлттық спорттың ешбір жағынан кем түспейтінін, оның да жоғары деңгейде дамуға мүмкіндігі бар екенін көрсетеді. Сонымен қатар спортшылар үшін жаңа даму кезеңіне жол ашып, ұлттық спортқа балалар мен ересектерді, ерлер мен әйелдерді көбірек тартуға мүмкіндік береді.
— Бүгінде Қазақстанда ұлттық спорт түрлері бойынша жыл сайын мыңнан астам жарыс өткізіледі. Сіздің ойыңызша, жарыстар жүйесінің дамуы спортшылардың шеберлігін арттыруға және жастар арасында жаңа спорттық мәдениетті қалыптастыруға қалай ықпал етеді?
— Әрине, бәйге бойынша мыңдаған жарыс өткізіледі. Мысалы, Федерация чемпионаты аясында Қазақстанның әртүрлі қалаларында сегіз, тоғыз, кейде он кезең ұйымдастырамыз. Жалпы, ұлттық спорттың басқа түрлері бойынша да тұрақты жарыстардың өтуі спорттың дамуына үлкен ықпал етеді.
Жарыстар жүйелі түрде ұйымдастырылған кезде спортшылар оған арнайы дайындалып, жаттығу жоспарын құрып, уақытын соған қарай үйлестіреді. Сонымен қатар жарыстарда жүлде қорының болуы да спортшыларға үлкен мотивация береді. Мысалы, Федерация тарапынан жүлделі орындарға қаржылай сыйақылар қарастырылған. Бәйге бойынша жеті жүлделі орын белгіленеді. Мұндай қолдау адамдардың ұлттық спортпен тұрақты айналысуына және жарыстарға белсенді қатысуына ынталандырады.
Бұған қоса, Қазақстан чемпионы атану спортшы үшін үлкен мәртебе. Мемлекет тарапынан спортшыларға спорттық разрядтар мен атақтар беру мүмкіндігі қарастырылған. Мысалы, спорт шеберлігіне кандидат, бірінші разряд сияқты спорттық дәрежелердің берілуі де спортшылардың кәсіби тұрғыда өсуіне жол ашады.
Яғни мұның барлығы ұлттық спорттың дамуына серпін береді. Жастардың ұлттық спорт түрлеріне қызығушылығын арттырып, осы салаға келуіне ықпал етеді. Себебі ұлттық спортта спортшы ретінде кәсіби деңгейге жетіп қана қоймай, өз еңбегі арқылы табыс табуға да мүмкіндік бар. Бұл тұрғыдан алғанда, ұлттық спорттың кәсіби спорттың басқа бағыттарымен қатар дамуына толық негіз бар.
— Бәйге федерациясының директоры ретінде ұлттық спорт түрлеріне көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдауды ескере отырып, бәйгені одан әрі дамыту және халықаралық деңгейде таныту бағытындағы перспективаларды қалай бағалайсыз?
— Бәйге федерациясының президенті ретінде бәйгені одан әрі дамыту мен халықаралық деңгейде таныту бағытында үлкен перспективалар бар деп ойлаймын. Әрине, бұл ұлттық спорт түрі болғандықтан, оны әлемдік деңгейде дамыту оңай емес. Бәйгемен негізінен Қазақстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан, Тыва сияқты өңірлерде айналысады. Өзбекстанда да бұл бағытқа қызығушылық бар. Биылғы жарыстарға Тывадан спортшылардың арнайы келгені де қуантты. Олардың Қырғызстанға дейін осындай қашықтықты еңсеріп келгені ерекше әсер қалдырды.
Мемлекеттік қолдауды ескере отырып, алдағы уақытта халықаралық жарыстардың санын арттырып, қатысушы елдердің қатарын кеңейтсек деген ниет бар. Егер бәйгені әлемдік деңгейде танытуды мақсат етсек, шетел азаматтарын ұлттық спорт түрлеріне үйрететін халықаралық орталық ашу туралы да ойлануға болады. Мысалы, Көкпарға АҚШ-тан спортшылар келіп, Астанада өткен Көшпенділер ойындарына қатысты, Қырғызстанда да жарыстарға қатысты. Ендеше, бәйгеге де шетелдік спортшылардың қызығушылығын арттыруға мүмкіндік бар.
Ең оқылған:
- Алаяқтар несиелерге қатысты жаңа схема ойлап тапты
- Атырауда екі жасөспірім мопедпен полициядан қашып, қуғынды видеоға түсірген
- eGov «қызметкері» Тараз тұрғынының атына 7 несие рәсімделгенін айтып, 2 млн теңгесінен айырды
- Бұрынғы шенеуніктер қаруынан айырыла ма? Арменияда күтпеген шешім қабылданды
- «Роллтон» мен «Доширак» кеспесінен қауіпті пестицидтер табылды