Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Алматыға жұмыс сапары барысында азаматтық қорғау нысандарының дайындығын тексеріп, сейсмологиялық мониторинг пен халықты құлақтандыру жүйелерінің жұмысымен танысты. Сондай-ақ қалада сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Төтенше жағдайлар министрлігінің «Алатау» жедел мақсаттағы Оңтүстік базасында вице-премьер құтқару бөлімшелері мен мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің дайындығын тексерді. Ол келесі жылы төтенше жағдайларға ден қою мүмкіндігін іс жүзінде бағалау үшін ауқымды командалық-штабтық оқу-жаттығулар өткізуді тапсырды.
«Медеу» сейсмологиялық станциясында жер сілкінісін бақылау жабдықтары мен ерте хабарлау жүйесі таныстырылды. Сонымен қатар Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы базасында қазақстандық-қытайлық бірлескен зерттеу орталығын құру жоспарланып отыр.
Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінде азаматтық қорғау күштерінің дайындығы, 109 бірыңғай байланыс орталығының жұмысы және зардап шеккендерді қабылдау пункттерінің жағдайы қаралды. Қалада мұндай 384 пункт бар, оның 150-і мобильді қоймалармен жабдықталған.
Кеңесте Қазақстан аумағының шамамен 40%-ы сейсмикалық қауіпті аймақтарға жататыны айтылды. Жыл басынан бері елде 1 мыңнан астам жер сілкінісі тіркеліп, оның сегізі 2–4 балл деңгейінде сезілген.
Қанат Бозымбаев ғимараттардың сейсмикалық төзімділігін бақылауды күшейтуді, қауіпті өңірлердегі нысандарды тексеруді және тәуекелдердің цифрлық дерекқорын қалыптастыруды тапсырды. Сондай-ақ тектоникалық жарылымдар мен тау бөктеріндегі аумақтарда құрылыс салуға шектеу қою қажеттігін атап өтті.
Төтенше жағдайлар министрлігіне «Mass Alert» жүйесін енгізуді аяқтау, халықтың жер сілкінісіне дайындығын арттыру және сейсмологиялық мониторингті жетілдіру тапсырылды. Бұдан бөлек, Түркістан, Маңғыстау облыстары мен Тараз қаласының сейсмикалық аудандастыру карталарын әзірлеуді қаржыландыру мәселесін пысықтау қажет.