Қалдық тапсырып, ақша табуға болады: EcoQolday қосымшасы қалай жұмыс істейді?

Қалдықтарды жай қоқысқа тастамай, қайта өңдеуге өткізіп, одан табыс табуға болады. Қазақстанда бұл процесті жеңілдететін EcoQolday мобильді қосымшасы жұмыс істейді.

 ©BAQ.KZ/Жанерке Жәкен 24 Қыркүйек 2026, 12:05
24 Қыркүйек 2026, 12:05
166
Фото: ©BAQ.KZ/Жанерке Жәкен

Қазақстанда қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеуге тапсыруға мүмкіндік беретін цифрлық жүйе дамып келеді. Соның бірі – «Жасыл даму» акционерлік қоғамы жүзеге асырып жатқан EcoQolday мобильді қосымшасы. Жүйе арқылы тұрғындар қайта өңдеуге жарамды қалдықтарды жинап, оларды қабылдаушыларға өткізе алады. Ал кәсіпорындар үшін бұл қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеу тізбегін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы «Жасыл даму» АҚ өкілі Нұржан Дүйсебай айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

 EcoQolday жүйесі іске қосылған 2024 жылғы тамыздан бері қайта өңдеу саласына 5,291 млрд теңге төленген. Осы уақыт аралығында жүйе арқылы 162,38 мың тонна қалдық қайта өңдеуге жіберілді, ал 149,87 мың тоннасы қайта өңделді деп есептен шығарылған. Оның ішінде ең көп көлемді қағаз қалдықтары құрайды – 116,29 мың тонна.  

Скриншот

EcoQolday қалай жұмыс істейді?

EcoQolday – қалдықтарды жинаушылар мен қайта өңдеуші кәсіпорындарды тұрғындармен байланыстыратын жүйе. Қосымша арқылы азамат қалдықтың түрін көрсетіп, оның көлемін белгілеп, қабылдаушы компанияға өтінім бере алады.

Қазір жүйеге 179 компания өтінім берген. Оның ішінде 123-і – қалдық жинаушылар, 32-сі – қайта өңдеушілер, 24-і – толық циклді кәсіпорындар. Ал 109 компаниямен келісімшарт жасалған.

Фото: ©BAQ.KZ/Жанерке Жәкен

«Жасыл даму» АҚ өкілі Нұржан Дүйсебайдың айтуынша, EcoQolday-дың негізгі мақсаты – қалдықтарды полигонға жібермей, қайта өңдеуге бағыттау.

Біздің мақсатымыз – қалдықтарды жинаудан бастап, оларды сұрыптау, қайта өңдеу және дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбекті қалыптастыру. Бұл бір жағынан полигондарға түсетін жүктемені азайтса, екінші жағынан қалдықтарды қайтадан экономикалық айналымға енгізуге мүмкіндік береді, – деді ол.

Қосымшаны App Store және Google Play платформаларынан жүктеуге болады.

Фото: "Жасыл даму" АҚ

Қандай қалдықтарды тапсыруға болады?

EcoQolday арқылы негізінен қағаз-макулатура, картон, пластик, шыны және ескі шиналарды қайта өңдеуге тапсыруға болады.

Жүйедегі қабылдау бағасы қалдықтың түріне, сапасына, көлеміне және логистикасына қарай өзгеруі мүмкін. Мысалы, ұсынылған шамаланған бағалар бойынша:

  • картон – 25–40 теңге/кг;
  • А4 қағазы – 40–80 теңге/кг;
  • мөлдір ПВД, стрейч – 80–120 теңге/кг;
  • ПЭТ – 80–120 теңге/кг;
  • ақ шыны – 30–40 теңге/кг;
  • жасыл шыны – шамамен 10 теңге/кг.

Ал қосымшадағы ең төменгі бағдарлы бағалар бойынша картонға 40 теңге, пластикке 70 теңге, шинаға 80 теңге көлемінде төлем қарастырылған. Нақты баға қалдықтың сапасы мен нарықтағы жағдайға байланысты өзгеруі мүмкін.

Жеке тұлғалар үшін қалдықтың ең төменгі көлемі 10 килограмнан басталады. Ал заңды тұлғалар үшін ең төменгі көлем 30 килограммнан жоғары болуы керек.

Фото: ©BAQ.KZ/Жанерке Жәкен

Нұржан Дүйсебай қалдықты жай ғана жинап қою жеткіліксіз екенін атап өтті. Оны қайта өңдеуге жарамды күйде тапсыру қажет.

Ең бастысы – қалдық таза болуы керек. Мысалы, картон мен пластиктің ішінде су немесе басқа қоқыс болмауы қажет. Яғни қалдықты жай ғана жинап өткізу емес, оны алдын ала сұрыптап, дайындау маңызды, – деді «Жасыл даму» АҚ өкілі.

Тұрғын өз қалдығына бағаны ұсына алады. Кейін жинаушы компаниялар өтінімге жауап беріп, көрсетілген мекенжайдан қалдықты алып кетеді. Яғни тараптар баға бойынша өзара келісімге келе алады.

162 мың тоннадан астам қалдық қайта өңдеуге жіберілді

EcoQolday жүйесі іске қосылғаннан бері оған 1012 есеп жолданған. 2026 жылғы 11 қыркүйектегі жағдай бойынша қайта өңдеуге жіберілген қалдықтардың жалпы көлемі 162,38 мың тоннаға жеткен.

Оның ішінде: 116,29 мың тонна – қағаз; 33,99 мың тонна – шыны; 10,21 мың тонна – шиналар; 1,8 мың тонна – пластик; 0,09 мың тонна – комбинацияланған материалдар.

Жылдар бойынша қарасақ, 2024 жылы 11,07 мың тонна, 2025 жылы 49,34 мың тонна, ал 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында 101,97 мың тонна қалдық қайта өңдеуге жіберілген.

Ал қайта өңделді деп есептен шығарылған қалдықтардың көлемі 149,87 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде қағаз – 107,43 мың тонна, шыны – 30,74 мың тонна, шиналар – 9,96 мың тонна, пластик – 1,66 мың тонна, комбинацияланған материалдар – 0,08 мың тонна.

Қайта өңдеуге қанша қаражат бағытталды?

EcoQolday аясындағы төлемдер кәдеге жарату төлемдері есебінен жүзеге асырылады. 2026 жылғы 11 қыркүйектегі жағдай бойынша жүйе іске қосылғаннан бері 5,291 млрд теңге төленген.

Оның ішінде:

  • 2024 жылы – 4,6 млн теңге;
  • 2025 жылы – 884,4 млн теңге;
  • 2026 жылы – 4,402 млрд теңге.

Бұл қаражат қайта өңдеу саласындағы кәсіпорындардың жұмысын қолдауға, техникаларды жаңартуға және жаңа технологияларды енгізуге бағытталады.

Нұржан Дүйсебайдың айтуынша, жүйедегі кәсіпорындардың басым бөлігін қалдық жинаумен айналысатын компаниялар құрайды.

Қазіргі кезде қалдық жинаушы компаниялар көбейіп келеді. 109 келісімшарттың ішінде олардың үлесі басым. Сонымен қатар жинау, сұрыптау және қайта өңдеуді бір өндірістік циклге біріктірген толық циклді кәсіпорындар да жұмыс істейді, – деді ол.

Мысалы, Алматыдағы KAZ Waste Recycling кәсіпорны Қазақстанның әр өңірінен жиналған макулатураны қайта өңдеп, одан жаңа өнім шығарады.

Қайта өңделген қалдықтан не жасалады?

Қайта өңдеудің нәтижесінде қалдықтың бір бөлігі қайтадан өндірістік айналымға түседі. Мәселен, ескі макулатурадан жаңа картон және гофрокартон өндіруге болады.

Ал пайдаланылған шиналар да полигонға жөнелтілмей, қайта өңделіп, резеңке төсеніштер жасауға пайдаланылады. Мұндай материалдар тұрғын үй кешендеріндегі балалар алаңдарын жабдықтауға қолданылуы мүмкін.

Ескі макулатура картонынан жаңа картон, соның ішінде гофрокартон шығаруға болады. Ал ескі шиналарды қайта өңдеу арқылы балалар алаңдарына арналған төсеніштер жасауға мүмкіндік бар. Яғни қалдықты полигонға жібергеннен гөрі, оған екінші өмір беруге болады, – деді Нұржан Дүйсебай.

Астанада 70-тен астам тұрғын үй кешеніне контейнер қойылған

Нұржан Дүйсебайдың айтуынша, қалдықтарды сұрыптауды тұрғындардың күнделікті өміріне енгізу мақсатында Астанада «Таза үй, таза ел» пилоттық жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Қазірдің өзінде елордадағы 70-тен астам тұрғын үй кешенінде арнайы контейнерлер орнатылған. Тұрғындар онда картон мен пластикті бөлек жинап, тапсыра алады.

Бұл қаржы үй аумағын абаттандыруға, мысалы, гүлдер немесе қажетті жарықтандыру құралдарын сатып алуға жұмсалуы мүмкін.

Қалдықтарды өткізгеннен кейін КСК басшылығы тұрғын үй кешеніне гүлдер алуға немесе шам сияқты қажетті заттарды сатып алуға мүмкіндік алады. Өйткені бұл қалдықтан олар өздеріне қаражат таба алады, – деп атап өтті Нұржан Дүйсебай.

Мектептерде экологиялық сабақтар өткізіліп жатыр

Қалдықтарды сұрыптау мәдениетін ерте жастан қалыптастыру үшін «Жасыл даму» АҚ Қазақстанның 15 облысындағы мектептерде экологиялық сабақтар өткізіп жатыр.

Білім беру ұйымдарына арнайы контейнерлер орнатылып, оқушылар мен мұғалімдерге қалдықтарды дұрыс сұрыптау жолдары түсіндіріледі.

Астана мен Жезқазған қалаларында оқушылар арасында қалдықтарды сұрыптау бойынша сайыстар да ұйымдастырылған. Жезқазған қаласындағы №27 мектеп белсенділік танытып, марапатқа ие болған. Жиналған қалдықтарды тапсырудан түскен қаражатты мектепке қажетті заттарға жұмсауға мүмкіндік берілген.

«Жасыл даму» АҚ өкілі мұндай тәсілдің балаларға экологияның маңызын түсіндірумен қатар, қалдықтың да экономикалық құндылығы бар екенін көрсетуге мүмкіндік беретінін айтты.

Бала қалдықты жай ғана қоқыс ретінде емес, қайта өңдеуге болатын ресурс ретінде түсінуі маңызды. Мектептерде оны өткізу арқылы қаражат жинап, сол ақшаға қажетті заттарды алуға болады. Осылайша оқушылар экологияға жауапкершілікпен қарауды да, қалдықтың экономикалық құндылығын да үйренеді, – деді ол.

Наверх