Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Шаһар әкімдігінің қызметкерлері, қоғам белсенділері мен қала мәслихатының депутаттарынан құралған мониторинг тобы 14-ші шағын ауданда бақылау рейдін өткізді.
Журналистермен бірге жүрген адамдарды көрген кей кәсіпкер жалға беріп отырған ойыншық машиналар, самокат, велосипед, тағы да басқа заттарды асығыс-үсігіс жинап тұра қашты.
Ең сорақысы сол, балалар мініп жүргізетін кішігірім машиналардың аккумуляторын қуаттау үшін сол жердегі электр бағаналарына заңсыз қосылып алғаны анықталды.
Ауа райы шуақты күндері 7,9,14 және 15-ші ықшам аудандағы жағалауда адам көп жүреді. Осыны білетін кейбір адамдар осындай рұқсат етілмеген сауда жасап, заңға қайшы әрекетін жалғастырудан тыйылатын емес. Ойыншық машина, самокат, велосипедтерді жалға беру үшін әкімдіктің «Ақбота» саябағында бөлінген арнайы орны бар. Бүгінде осы жерде «жабайы саудасын» қыздырған бірнеше азаматқа ескерту жасалды. Ендігі қайталанатын болса, қолданыстағы заң талаптарына сәйкес әкімшілік шара қолданылатын болады, – дейді Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Төлеген Едігеев.
Айта кету керек, көпшілік кішкентай балалармен серуендейтін қала жағажайларында велосипед, самокат, тағы басқа да ойыншық машиналармен жүруге қауіпті болғасын, оларды қолдануға тыйым салынған.
Әкімдік өкілдері мен полицейлер бұған дейін де бірнеше адамға ауызша ескерту берген болатын. Алайда, қаланың инфрақұрылымдық желісіне заңсыз пайдалану арқылы өзі түгелі өзгелердің өміріне қауіп төндіретіндер әлі де қарасы азаймағанын бүгінгі рейд көрсетіп отыр.