Қаланың қақ ортасында тынымсыз жүріп, ауыр техниканың тізгінін ұстаған еңбек адамын көпшілік байқай бермейді. Бірақ таңмен таласа тұрып, Астананың көшелерін қар мен қоқыстан аршып, шаңнан тазартып жүрген арнайы техника жүргізушілерінің еңбегі елорданың айнасындай айқын, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Солардың бірі – "Астана Тазалық" ЖШС-да еңбек ететін тәжірибелі маман Ерназар Қалдар.
Оңтүстіктің ыстығын артқа тастап, Арқаның аязды таңдарына үйреніп кеткен Ерназар мырза бүгінде Елорда тазалығын қамтамасыз етіп жүрген кәсіби жүргізушілердің бірі. Техниканың жілігін шағып, майын ішкендей меңгерген ол 2017 жылдан бері елорданың санитарлық тазалығына атсалысып келеді.
.jpeg)
Бұл мамандықты бала кезімнен қаладым. Жүк көліктеріне, ауыр техникаға деген қызығушылығым ерте оянды. Тіпті нағашым техника жүргізуші еді, соның қасында жүріп қызықтым. Кейін училищеде оқып, осы жолды таңдадым. Содан бері руль тізгіндегеніме он жылдан асыпты, – дейді ол.
Ерназар Қалдар қазір жүк тиеуіш техниканы басқарады. Қыста – қар тазалайды, жазда – көшедегі қоқыс жәшіктері мен топырақтарды жинайды. Таңғы сағат 7-де жұмысын бастап, кешкі 4-ке дейін тынымсыз еңбектенеді. Қар қалың жауған күндері жұмыс уақыты 10 сағатқа дейін ұзарып кететін кездер болады.

Бұл техника маған сеніп тапсырылды. Содан бері мен оны сенімді серігім деп есептеймін. Әр болт, әр механизмін сеземін, оның күтімі де, мінезі де таныс, – дейді жүргізуші.
.jpeg)
Оның айтуынша, арнайы техника тізгіндеу – жай ғана көлік айдау емес, үлкен жауапкершілік.
Айналада адамдар, басқа техникалар жүріп жатады. Әр қимылың есеппен болуы керек. Бұл жұмысты әйелдер де игере алады деп ойлаймын. Бүгінде нәзік жандылар автобус жүргізіп жүр ғой, – дейді кейіпкеріміз сеніммен.
Техниканың тізгінінде жүріп, төтенше жағдайларға да тап болған сәттері аз емес. Мәселен, көктемгі су тасқыны кезінде Жібек жолы ауылында апатты жағдайда көмекке барып, дамбы жасап, бірнеше апта бойы құтқару жұмыстарына қатысқан.

Арнайы техника жүргізушісі болу – бұл жай кәсіп емес, бұл – қоғамға деген қызмет. Әр жол, әр көшенің артында біздің ізіміз жатыр. Сол үшін де мұқият болу, төзімділік, техниканы шын жүрекпен сезіну маңызды, – дейді Ерназар.
Бүгінде Ерназар Астанаға тұрақтап, отбасымен бірге осы қалада тұрып жатыр. Бір баласы бар. Жұбайы да, ағасы мен інісі де "Астана Тазалық" мекемесінде еңбек етеді – бірі КАМАЗ жүргізсе, бірі – машинист. Бір әулеттің бірнеше мүшесі бір мекемеде еңбек етіп, елорданың тазалығы үшін тер төгіп жүр.
Жалақымыз уақытылы түседі. Қыста тегін ыстық тамақ беріледі, балаларымызға Жаңа жылдық сыйлықтар табыстайды. Кәсіподақ тарапынан түрлі қолдау бар. Біздің еңбегіміз еленіп, жағдайымыз ескеріліп келеді, – дейді ол.
.jpeg)
Еңбектің қадірін бала күнінен ұғынған Ерназар үшін бұл мамандық – өмірінің бір бөлшегі. Техниканы жөндеуді хобби ретінде көретін ол бүгінгі таңда да кәсіби деңгейін көтеріп, жаңа техника түрлерін меңгеруге дайын екенін айтады.
2025 жыл – Жұмысшы мамандықтарының жылы болып жарияланды. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Жұмысшының еңбегі бағаланса, ол адам өз ісіне одан да беріліп істейді. Ал қаланың тазалығы – жалғыз мекеменің емес, әр тұрғынның азаматтық борышы, – деп ағынан жарылды спикер.
.jpeg)
Еңбекпен тапқан нан тәтті. Ерназар Қалдар сынды азаматтардың арқасында Астана айнадай жарқырап тұр. Олар көрінбейтін еңбек иелері болса да, қаланың көркін келтіріп жүрген үнсіз қаһармандар. Сондықтан олардың еңбегін бағалау – баршамыздың парызымыз.