Астана көшелерінің қысы-жазы таза болып тұруы – өз ісіне адал еңбек ететін адамдардың тынымсыз жұмысының нәтижесі. Таң ата бере қаланың төрт бұрышында қызғылт сары арнайы техника көрінсе, оның ішінде елорданың тынысын ашып жүрген машинист-мамандардың бірі отырғаны анық. Сол жандардың бірі – "Астана Тазалық" компаниясының үш жылдан бері қызмет етіп келе жатқан машинисі Нұрдәулет Әбіш Талғатұлы.
Оның айтуынша, бұл салаға келуіне туысы, осы мекемеде 17 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан ағасы себеп болған.
Ағам осы жерде ұзақ жылдан бері жұмыс істейді. Сол кісінің айтуымен келдім. Бала кезден техникаға жақын болдым, арнайы көліктерге әуестік ерте оянды. Содан бері осы салада еңбек етіп келемін, – дейді Нұрдәулет.
Жұмыс күні таңғы 7:30-дан басталады. Алдымен медициналық тексеріс: қан қысымын өлшеу, жүрек қағысын тексеру, алкосынама тапсыру. Бұрын дәрігерлер қарап шықса, қазір бұл қызметті арнайы аппарат атқарады. Медициналық рұқсаттан кейін ғана техника қабылданып, жұмысқа шығуға болады.
Техниканы толық қарап шығамыз: майын, щеткаларын, гидравликасын тексереміз. Бәрі дұрыс болса, маршрут аламыз. Бір апта күндіз, бір апта түнде кезектесіп істейміз. Өзім 037-бөлінген техниканы жүргіземін, – дейді ол.
Нұрдәулеттің міндеті маусымға қарай құбылып отырады:
- Қыста – қар тазалау, мұзды қыру, жол ашу.
- Жазда – қоқыс жинау, көшені тазалау.
Ауа райына қарай жұмыс та қиындайды. Қыс өте күрделі: боран, аяз, жел – бәрі де жұмысты баяулатады. Жолдың жиегіне дұрыс қойылмаған көліктер де көп кедергі келтіреді. Ондайда жүргізушіні іздеп, уақыт жоғалтатын кездер болады. Ал жазда жеңілдеу, бірақ күннің ыстығы шаршатады, – дейді ол.

Бала күнінен ауыр техникаға қызыққан Нұрдәулет үшін бұл кәсіп – жауапкершілігі жоғары жұмыс.
Қыста Камазбен қар тиеймін, жазда су шашатын техниканы жүргіземін. Үйреніп алсаң, қиын емес, бірақ мұқият болуды талап етеді. Айналада жүргізушілер, жаяу адамдар жүргендіктен әр қадамыңды есеппен жасау қажет, – дейді маман.
Қауіпсіздік ережесі – олардың жұмысының маңызды бөлігі.
Арнайы киім кию, жұмыс аймағына белгілер қою міндет. Техниканың ақауы болса, дереу хабарлаймыз. Қауіпті аймақта жұмыс істегенде жай ғана рульде отыру аз — жан-жағыңды бақылай білу қажет, – дейді ол.
Нұрдәулет үшін бұл мамандықтың мағынасы терең.
Қала тазалығы – тұрғындардың денсаулығы үшін өте маңызды. Таза қала – адамға жайлылық береді. Өз еңбегімнің нәтижесін көзіммен көргенде, күндегі шаршау ұмытылады, – дейді жүргізуші.
Ол үшін таңғы ауысым ең ыңғайлысы.
.jpeg)
Таңертең көлік аз, жұмыс тыныш жүреді. Түнде де өзіне тән ыңғай бар, бірақ таңғы уақыт өзіме жақынырақ, – дейді арнайы техника жүргізушісі.
Жұмыс барысында есте қалған ерекше оқиғалар да бар.
Кеше ғана сияқты, былтыр қатты аязда бір көлік жүргізушісі жанармайы таусылып, жолда қалып қойды. Түн ішінде барып, жанармай әкеліп бердік. Адамға жақсылық жасау – өзімізге де қуаныш, – дейді ол.
Нұрдәулет тұрғындар қоқысты дұрыс тастаса, көліктерін жол бойына ретпен қойса, біздің жұмыс әлдеқайда жеңілдейтінін айтып, ағынан жарылды.
Қар жауған кезде техника жүретін жолды бос қалдырса, қала тазалығы тез орнайды, – дейді ол.
Адал еңбегімен нәпақасын тауып жүрген Нұрдәулет сынды азаматтар – елорданың көрінбейтін, бірақ өте маңызды қаһармандары. Қаланың тынысы, тәртібі мен тазалығы – олардың маңдай терінің жемісі. Ел Президенті жариялаған "Жұмысшы мамандықтары жылы" дәл осындай жандардың еңбегін бағалаудың маңызын қайта еске салады.