Өндірістік альпинистер – әсіресе жаз кезінде сұранысқа ие мамандардың бірі. Олардың жұмыс барысын суретке түсіріп, өндірістік альпинизм саласымен жақынырақ танысу үшін Астанадағы тұрғын үйлердің біріне бардық. Онда альпинистер жоғарғы қабаттағы пәтерлердің бірін жылылау жұмысымен айналысып жатты. Ал оларды жұмыспен қамтып отырған Таңат Ахметбаев өндірістік альпинистердің жұмысы, табысы және осы саладағы қауіпсіздік мәселесі туралы BAQ.KZ тілшісіне айтып берді.
Құрылысшыдан альпиниске
Таңат Ахметбаев – өндірістік альпинист. Ол осы кәсіпте 2008 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Альпинизмді Алматы қаласында үйренген.
Алматыда құрылыста жүріп, осы кәсіпте істеп жатқан балаларға қарап, қызығып жүрдім. Өзім қарапайым құрылысшы болдым. Сөйтіп біздің объектіде жұмыс істеп жатқан альпинист балалардан өндірістік альпинист болуды үйрендім. Ал 2009 жылы Астанаға келіп, жеке фирмамды аштым, - деді Ахметбаев.
Қазір ол бастаған өндірістік альпинистер күрделі әрі биік нысандарды сеніп тапсыратын мамандарға айналды. Мысалы олардың Қазақстанның ең биік ғимараты “Абу-Даби Плаза” көпфункционалды кешеніне Qazaqstan жазуын жазғанын атап өтуге болады. Сондай-ақ альпинист фирмасындағы жігіттер Астанадағы айтулы мерекелерге орай елорданы безендіруге де атсалысады.
Әкімдікпен бірге Астана күніне қарсы шұғыл жұмыстарды атқарамыз. Қаланы безендірумен айналысамыз. Жақын арада “Ханшатыр” сауда, ойын-сауық орталығы маңындағы тұрғын үйде үлкен өрт шықты ғой. Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті қарсаңында сол ғимараттың сыртын жаптық. Сеніп тапсырады. Атқарып береміз, - деді ол.
Таңат Ахметбаев жылдан жылға өндірістік альпинистерге сұраныс артып жатқанын айтады.
Біз бастаған кезде альпинистер тапшы болды. Бірақ бұл мамандыққа сұраныс та аз еді. Ал соңғы жылдары альпинистер де, қала бойынша тапсырыс та көп. Жұмыс бәріне жеткілікті, - деді ол.
Өндірістік альпинистердің табысы қандай?
Халық арасында өндірістік альпинистер көбіне “терезе жуушылар” деп қабылданатыны рас. Алайда Таңат Ахметбаев биіктікте терезе жуудан басқа да жұмыстар жеткілікті екенін айтады.
Қасбетін алып, үйді жылылаймыз. Ғимаратты бояу жұмыстарымен айналысамыз. Кондиционер қоямыз. Терезе, қасбет жуамыз. Баннер ілеміз, шыны ауыстырамыз. Жұмыс көп. Биіктіктегі жұмыстардың бәрін істей береміз, - деді альпинист.
Ол сондай-ақ өндірістік альпинист болу үшін қандай дағдылар қажет екенін айтты.
Ең бірінші биіктен қорықпау керек. Жерде жүріп жұмыс істеген бөлек қой, биікте жүріп жұмыс істеген бөлек. Жерде жүріп шеге қаққан оңай. Ал арқанмен ауада отырып, жоғарыдан қарап шеге қағу қиындау. Сосын бұранда бұрау, балғамен жұмыс істеу сияқты құрылыс дағдыларын білу керек. Бұл жұмыстарды төбеде жақсы жасау үшін жерде тіпті жақсы жасау керек, - деді альпинист.
Бірақ Таңат Ахметбаев өндірістік альпинистердің айлық табысы жұмысына сай екенін жеткізді.
Айлық табыс әр кезде әртүрлі шығады. Маусым уақыттарында 2 миллион теңгеге жуықтайды. Басқа уақыттарда 1 миллион теңгенің көлемінде, - деді ол.
“Қауіпсіздік сақталмайтын жағдайлар бар”
Таңат Ахметбаевтан өндірістік альпинистер көбіне қандай салалардан келетінін сұрап көрдік.
Құрылыстан да, шеттен де келе береді. Биіктіктен қорықпайтын балаларға да жұмыс істете беретіндер бар. Маусым уақытында сондайлар көп болады, - деп жауап берді маман.
Ол әсіресе жұмыс қызған жаз кезінде Қазақстандағы өндірістік альпинизм саласында қауіпсіздік шаралары сақталмайтын жағдайлар жиі кездесетінін жеткізді. Оның соңы адам өліміне әкелуі мүмкін екенін айтты.
Маусым кезінде ақша табу үшін біреудің інісі, туысы қалаға келеді. Оларға 7-15 мың тұратын “өндірістік альпинизмді оқыды” деген сертификат сатып береді. Оны КСК, ОСИ-ларға көрсетеді. Өндірістік альпинист болуға оқымайды да. Жұмысты сол жердегі өзі үйренген бір кісі бір рет көрсетіп береді. Болды. Осылай салғырт қараудың кесірінен былтырлары альпинистер құлап жатқан жағдайлар болды. Бұл мәселені шешудің жалғыз жолы – күрделі нысандарға альпинист болып шығу үшін міндетті түрде халықаралық сертификат қажет деген талап қою, - деді альпинист.
Өндірістік альпинистерді арқанмен қол жеткізу жүйелерін пайдаланудың қауіпсіз әдістеріне IRATA (Industrial Rope Access Trade Association) халықаралық қауымдастығы оқытады.
Біздің фирмадағы 9 адамның IRATA халықаралық сертификаты бар, тіркеліп тұр. Сәуір айында Ыстамбұлға барып, емтихан тапсырып, құжатты өтіп келдік. Енді халықаралық деңгейде де жұмыс істей аламыз. Сол сертификатты Қазақстанға да енгізу керек, - деді Ахметбаев.