Таразда «Тараз – мәдениет мекені» тұжырымдамасы жоспарлы іске асуда, деп хабарлайды BAQ.KZ редакторы.
Қала мәдениеті – қашанда ауқымды тақырып. Таразда осы мәселені өрбіту мақсатында «Тараз – мәдениет мекені» тұжырымдамасы қабылданған болатын.
2023 жылы қарашада БАҚ өкілдерімен болған кездесуде қала әкімі Бақытжан Әмірбекұлы қаланың өзіндік мәдениетін қалыптастыру қажеттілігін талқыға салып, жан-жақты зерделеуді бастаған еді. Нәтижесінде 2024-2026 жылдарға арналған «Тараз – мәдениет мекені» атты тұжырымдамасы әзірленіп, іске асыруға тапсырылған.
Бүгінгі таңда тұжырымдама аясында біршама жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда: Тұжырымдаманың «Тараз – таза қала» бағыты бойынша: «Құрылыс-2015» ЖШС мен жасалған келісім шартқа сәйкес қаладағы 328 қоқыс алаңдарының айналасын бетон бағаналармен қоршау жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта 6 қоқыс алаңы жаңа дизайында санитарлық талаптарға сәйкестендірілді және жаңа 50 контейнер орнатылды. Қаланың күре жолдары мен орталықтарындағы 20 қоқыс алаңы жаңартылды, - дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил.
Сонымен қатар, қала әкімі аппаратының бас инспекторлары жергілікті полиция басқармасымен бірлесе отырып бейберекет жатқан қоқыстар мен құрылыс материалдары үшін әкімшілік ықпал ету шарасы ретінде 3000-нан аса әкімшілік хаттамалар толтырылып, тиісті шаралар қабылданды.
Тұрғындар арасында экологиялық мәдениет пен жауапкершілікті арттыруға бағытталған «Жасыл ел» жасақтарымен бірлесе отырып эко челлендж, «Үздік ЭКО волонтер», «Таза аула» байқауы, «ЭКО Life» эстафетасы және оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру мақсатында барлық мектептерде «Эко-юрист» байқауы, «Табиғат лирикасы» суреттер байқауы өткізілді. «Жасыл клуб» мүшелері арасында «Таза бейсенбі», «Бір оқушы, бір ағаш» акциялары аясында бірқатар мектептерде ата-ана мен оқушылар ағаштар отырғызды.
Сондай-ақ «Тараз – қауіпсіз қала» бағыты аясында қалада қоғамдық көліктердің қатары 133 жаңа автобуспен толықты. Қоғамдық көліктердің 68 пайызы жаңаланып, шалғай аумақтарға қатынайтын қоғамдық көліктердің саны артты және жаңа бағыттарға 5 маршрут ашылды.
Қала аумағында электромобильдерді зарядтау станциялары іске қосылды. Осы жоба аясында қала көшелері, аулалар жарықтандырылып, жаяу жүргіншілер жолдары жөнделді.
Отбасылық құндылықтарды қалыптастыру бағытында «Қаржылық сауаттылық» семинарлары, «Ешкімді де назардан тыс қалдырмаймыз» тақырыбында мүмкіндігі шектеулі балалар мен жастарды, оның ішінде үйде оқитындарды (ерекше қажеттіліктері бар) әлеуметтендіру қызметі, «Армандар орындалады» акциясы шеңберінде қайырымдылық акциялары, «Біз бақытты отбасы» қалалық отбасылық спорттық эстафета өткізілді.
Қоғамдық сананы жаңғырту, адам бойында рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру бағытында «КitapFest-2024» республикалық фестивалі, «Қазақ музыкалық аспаптары» акустикалық кеші, жарнамалардарғы кемшіліктермен күресу, қала тұрғындары арасында мемлекеттік тілді дәріптеу бойынша іс-шаралар өткізілді.
Білім беру жүйесінде отбасы құндылықтарын насихаттау аясында «Менің отбасым – шығармашыл отбасы», «Менің отбасым – көптілді отбасы», «Менің отбасым – биші отбасы» конкурстары өткізілді. «Тараз – таланттыларды іздейді» қалалық балалар шығармашылығының фестиваль-көрмесі өткізіліп, 185 бала қатысты. «Шежіре: менің тегімнің тарихы» атты балалар бейнероликтерінің байқауы да өткізілді.
Туристік қызметтерді жетілдіру бағытында ұлттық асханалар желілері ашылып, «Ашық аспан астында» тарихи-мәдени іс-шаралар өткізіліп, «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты халықаралық көрме ұйымдастырылды. Облыстағы туристік бағыттағы мекемелер мен қонақ үйлерге «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты үш тілде әзірленген ақпараттық журналдың 2000-нан астам данасы таратылды.
Дене шынықтыру және спорт – қала тұрғындарының салауатты өмір салтының негізгі құрамдас бөлігі бағытында «Fitness Park» жобасы аясында шалғай аумақтарда спорттық нысандар ашылып, аулаларда спорт алаңшалары мен 9 футбол алаңы салынып тұрғындардың игілігіне берілді. Қала мәдениетін арттыруға бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады, - дейді қала әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил.