Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысы полиция департаментіндегі консультативтік-кеңесші орган халықтың полициямен өзара іс-қимылын нығайтуда, оның қызметінде жариялылық пен ашықтық қағидатын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Бұл туралы ведомство бастығы, полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзиннің айтты. Оның құрамына қоғам қайраткерлері, ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің өкілдері және журналистер кіреді екен. Осы орайда, спикер ел полициясын реформалау аясындағы Ішкі істер министрінің тапсырмалары мен талаптарын іске асыру барысы туралы да әңгімеледі. Онда да басты назар халықтың сенімін арттыруға, қауіпсіздік мәселелерін бірлесіп тиімді шешуге бағытталған сервистік модельге аударылады.
Реформа шеңберінде барлық үдерістерді бюрократизациялау, цифрландыру және оңтайландыру біздің жүйемізді жетілдіруге, қылмыстың жасалу және өсу себептерін анықтауға, олардың алдын алу мен болдырмау шараларын қабылдауға мүмкіндік береді. Сондықтан да осы іске жұмыла кірісіп жатқан жайымыз бар. жауапты жұмысқа кадрларымыздың барлық күш-жігерін, білімі мен біліктілігін пайдаланатын боламыз, - деп атап өтті Арманбек Баймурзин.
Полиция департаментінің бастығы тиімді реформаларды жүзеге асыратын, қағаз есептер үшін емес, адамдардың игілігі үшін жұмыс істейтін уақыттың келгенін атап өтті. Полиция қызметкерлеріне қойылған міндеттерді тиімді орындауға ықпал ететін оңтайлы жағдайлар да жасау қажет.
Полицияның сервистік моделін жүзеге асыру туралы жан-жақты ақпаратты Жамбыл облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Рахымберді Әшкеев те хабарлады. Ол бұл жерде құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы негізгі буын болып табылатын учаскелік полиция инспекторларына басты рөл бөлінгенін жеткізді.
Біздің бастамамыз бойынша неғұрлым криминогенді аудандарда және адамдар көп жиналатын қоғамды орындарда заманауи стационарлық полиция бекеттері орнатылуда, қоғамдық орындарда тәртіп сақшыларының тұрақты болуының ықпалы әрі нәтижесі қамтамасыз етілуде. Өкінішке орай, биылғы қаңтардағы оқиғалар кезінде олардың көпшілігі жойылып, тоналды. Бүгінгі таңда төрт модульді бекет жұмыс істейді. Олар «Тектұрмас», «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешендерінің аумағында, Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында және Шөлдала алқабында. Мұның барлығы өңірдегі маңызды нысандар санатына жататынын да ескерген жөн. Ол орындарда қызметкерлеріміз тәулік бойы жұмыс істеп, азаматтарды қабылдау үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Жұмыс барысына қажетті техника орнатылған, деректер базасы қосылған, - деді Рахымберді Әшкеев.
Жамбыл облысы полиция департаменті автоматтандыру және байланыс басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Еркін Сақыбаев білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт ұйымдарының бейнебақылау жүйесі, жаппай бейнебақылау енгізудің пайдасы мен әсері, Тараз қаласы полиция басқармасы жедел басқару орталығының жүйесін қалпына келтіру жұмыстары жайында баяндады.
Тараз полиция басқармасының жедел басқару орталығы мен аудандық полиция бөлімдері кезекшіліктерінің жүйесі мұқият әрі сапалы түрде қалпына келтірілуде. Нақтылай айтқанда, аймақтарға 4 128 бейнебақылау камерасы орнатылды, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін полиция бөлімшелеріне тағы 1218 бейнебақылау камерасы қойылып, қосылды. Енді «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешенінің 48 бекетін орнату жұмыстары жоспарланып отыр. Сонымен қатар, облыстың барлық 443 мектебі бейнекамералармен, 128 дабыл түймелерімен қамтамасыз етілген, - деді жауапты маман.