Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қабырғасы сынып, бүйрегі алынған: Науқасты аяусыз соққыға жыққан санитарға үкім шықты

Бөлісу:
 BAQ.KZ архиві/ Бауыржан Жуасбаев
Фото: BAQ.KZ архиві/ Бауыржан Жуасбаев

Қостанайда айықтыру орталығында науқасты қатыгездікпен соққыға жыққан санитарға сот үкімі шығып, 4 жылға сотталды. Жәбірленушінің қабырғалары сынған, бүйрегі алынған. Оқиға шілде айының соңында Детоксикация орталығында болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тергеу мәліметінше, санитар Ғалымжан Тіжбаев палатаға жеткізілген 61 жастағы қала тұрғыны Ратмир Қаюмовты аяусыз соққыға жыққан. Ол науқастың басы мен денесіне бірнеше рет тепкен. Салдарынан жәбірленуші өміріне қауіп төндіретін ауыр жарақат алған: қабырғалары сынған, сондай-ақ бір бүйрегін алуға тура келген.

Сотталушы өзіне тағылған айыпты мойындамаған және өзін ақтауды талап еткен. Алайда мемлекеттік айыптаушы кінә толық дәлелденгенін, бейнебақылау жазбалары соны айқын көрсететінін айтып, санитарды 5 жылға бас бостандығынан айыруды және пациенттерге күтім жасауға тыйым салуды сұраған.

Қостанай облыстық сотының хабарлауынша, сот айыпталушының жеке басын, қылмыстың ауырлығын және жәбірленушіге келген зиянды өтеу үшін шара қолданбағанын ескеріп, үкім шығарды.

ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 1-бөлігі бойынша – денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактісі үшін сот айыпталушыға 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жаза қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеледі. Сонымен бірге оған 5 жыл бойы пациенттерге күтім жасауға байланысты қызметпен айналысуға тыйым салынды, - деп мәлімдеді облыстық сот.

Өзгелердің жаңалығы