Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандық Юлия Путинцева Цинциннати WTA 1000 турнирін жеңіспен бастады. Бұл туралы ҚТФ баспасөз қызметі хабарлады.
Әлемнің 36-ракеткасы Ю.Путинцева бірінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 51-орында тұрған қытайлық Чжан Шуаймен кездесті. Небәрі 46 минутқа созылған матчта қазақстандық теннисші айқын басымдылық көрсетіп, 6:2, 6:0 есебімен жеңіске жетті.
Ол бәсеке барысында 2 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Қарсыласы 1 эйспен ғана шектеліп, брейк жасай алған жоқ. Бұл спортшылардың өзара кездесулеріндегі есеп теңесті – 2:2. Ю.Путинцева екінші айналымда әлемнің 6-ракеткасы, чехиялық Каролина Плишковамен шеберлік байқасады.