"Зеленскийдің билікте отыруы заңға сай емес" – Путин

28 Наурыз 2025, 10:35
944
Бөлісу:
"Зеленскийдің билікте отыруы заңға сай емес" – Путин
Фото: www.kremlin.ru

Ресей Президенті Владимир Путин Украинада уақытша сыртқы басқару енгізу мүмкіндігін Біріккен Ұлттар Ұйымы мен бірқатар елдердің қатысуымен талқылауды ұсынды. Бұл басқару Украинада сайлау өткізу үшін қажет болуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ Кремльдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Путиннің айтуынша, Украинадағы азаматтық билік заңды емес, өйткені Зеленскийдің легитимділігі жоқ, демек, оның билігі де заңсыз.

Негізінде, БҰҰ, АҚШ, еуропалық елдер және біздің серіктестерімізбен бірге Украинада уақытша басқару енгізу мүмкіндігін талқылауға болар еді. Бұл демократиялық сайлау өткізу, елге халық сенім артатын, қабілетті үкімет әкелу және содан кейін олармен бейбіт келісім туралы келіссөздер бастау үшін қажет. Осындай үкіметпен әлем мойындайтын заңды құжаттарға қол қоюға болады. Бұл – тек бір нұсқа. Басқа жолдары да болуы мүмкін, бірақ бұл да бір шешім. БҰҰ тәжірибесінде мұндай жағдайлар болған, – деді Путин.

Сонымен қатар, ол қазіргі Украина билігінің заңдылығына күмән келтірді.

Украина Конституциясына сәйкес, атқарушы билік өкілдерін президент тағайындайды. Ал қазіргі мемлекет басшысы легитимді емес. Егер ол заңсыз болса, онда басқалары да солай. Осы жағдайды пайдаланып, Украинадағы неонацистік топтар жаңа қару-жарақ алып, өз қатарларын кеңейтуде. Бұл елді басқару фактісін олардың қолына өткізіп береді. Осындай жағдайда олармен қалай келіссөз жүргізуге болады?, – деді Ресей президенті.

Әскери іс-қимылдарға тоқталған Путин Ресей қарулы күштері барлық стратегиялық бастаманы өз қолына алғанын мәлімдеді.

Луганск халық республикасының 99 пайызы азат етілді. Донецк, Запорожье және Херсон облыстарының 70 пайыздан астамы бақылауға алынды. Біздің әскерлеріміз күн сайын жаңа аумақтарды және елді мекендерді азат етуде. Біз баяу, бірақ сенімді түрде қойылған барлық мақсаттарға жетіп келеміз. Жақында ғана айттым:" Енді оларды түбегейлі жеңетінімізге негіз бар", – деп түйіндеді сөзін Кремль басшысы.

Өзгелердің жаңалығы