Ресей президенті Владимир Путин сәрсенбі күні Украина Қарулы күштерінің (ҚК) шабуылынан кейін алғаш рет Курск облысына барды, деп хабарлайды BAQ.KZ РБК-ға сілтеме жасап.
Ресейдің мемлекет басшысы әскери формада Курск әскерлерінің басқару пункттерінің біріне барып, әскери шенеуніктермен кездесу өткізді. Ресей Қарулы күштері Бас штабының бастығы Валерий Герасимов Путинге ұрыс аймағындағы жағдай туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, украин күштері Курск облысында қоршауға алынған.
Герасимовтың мәліметінше, Ресей армиясы Украина әскерлері басып алған Курск облысының 86 пайызын қайта бақылауға алған. Ол Киевтің Курск облысында стратегиялық плацдарм жасап, Донбасстағы Ресей күштерін осы жаққа аударуды жоспарлағанын, бірақ бұл әрекеттері сәтсіз болғанын айтты.
Сонымен қатар, ол Украина ҚК-нің Курск облысындағы шығындарының 67 мың адамнан асқанын, 400-ден астам әскери тұтқынға алынғанын мәлімдеді. Герасимовтың айтуынша, соңғы бес күнде Ресей әскері 24 елді мекен мен 259 шаршы шақырым аумақты қайтарып алған. Кей жерлерде Ресей күштері Украинадағы Сумы облысына кірген.
Путин кездесу кезінде 1949 жылғы Женева конвенциясын еске салып, әскери тұтқындарға гуманизммен қарауды тапсырды. Дегенмен, ол Курск облысының бейбіт тұрғындарына қарсы қылмыс жасағандарды террорист ретінде қарастыру керектігін айтты. Сонымен бірге, шетелдік жалдамалылар әскери тұтқындарға арналған Женева конвенциясына жатпайтынын атап өтті.
Ресей президенті Курск облысы жақын арада толықтай "жаудан азат етілуі" тиіс екенін мәлімдеп, мемлекеттік шекара бойында қауіпсіздік аймағын құруды ұсынды.
БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, Путин соғыс басталғалы алғаш рет камуфляж киіп шыққан. Бұған дейін ол әскери кездесулерге костюммен қатысып келген.
12 наурызда Ресей әскері жарты жыл бойы Украина ҚК бақылауында болған Курск облысындағы Суджа қаласын толықтай басып алды. Украина әскері кері шегінген.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Украина әскері Курск облысынан, атап айтқанда, Суджа қаласынан шегіне бастағаны туралы хабарлаған болатынбыз.