Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ресей президенті Владимир Путин "Ана капиталын" көбейтуге уәде беріп, жәрдемақыны бірінші бала өмірге келген сәттен төлеу керектігін айтты.
Ол екінші сәбиді дүниеге алып келгені үшін отбасыға 616 мың рубль жәрдемақы төленуі тиіс деді. Бұл туралы Путин 2020 жылға арналған Жолдауын халыққа жариялау кезінде мәлім етті.
Ресей басшысы өз сөзін ең әуелі әлеуметтік мәселелерден бастады. 2020 жылдан бастап бірінші баласын өмірге әкелген ата-ана 466 мың рубль алатын болды.
Ал екінші баласы үшін қосымша 150 мың рубль төленеді, сөйтіп ресейліктер 616 мың рубль жәрдемақы алуы тиіс. Бұдан басқа, үшінші баладан кейін мемлекет ипотека алған баспананың 450 мың рублін жауып береді.
Себебі, мемлекет жаңадан отбасы құрған жастарды қолдауы керек. Олардың өмірге бала сүйіп, баспаналы болуына мүмкіндік жасау қажет. Қазірдің өзінде екінші баланы өмірге әкелген отбасы үшін қолдау жеткіліксіз көрінеді, – деді Владимир Путин.
Ол «Ана капиталы» бағдарламасы 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылатынын жеткізді.
Сондықтан да Путин 2020 жылдың 1 қаңтарынан бері 3 жастан 7 жасқа дейін төленетін ай сайынғы жәрдемақы көлемін қайта қарастыру керектігін тілге тиек етті.