Елімізде 1,2 млн адам ПТР-тесттен өтті – Ақтаева

19 Маусым 2020, 18:44
1877
Бөлісу:
Елімізде 1,2 млн адам ПТР-тесттен өтті – Ақтаева

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ләззат Ақтаева бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте елдегі ПТР-тесттерге қатысты ақпаратпен бөлісті.

Осы жылдың наурыз айынан бастап коронавирус инфекциясы бойынша 1 271 471 зертханалық зерттеу жүргізілді. Яғни, осынша адам ПТР-тесттен өтті. Бұл – адам ағзасындағы вирустың фрагменттерін анықтауға мүмкіндік беретін молекулярлық биологиялық әдіс. 13 наурыздан бастап 18 маусымға дейін бір миллионан астам адамнан тест алынғанын атап өттім. Эпидемияның даму деңгейіне қарай зертхананың қуаттылығы мен тесттер саны ұлғайтылды, - деді ол.

Ләззат Ақтаева сәуір айының алғашқы жартысында тәулігіне 5 мың адам, екінші жартысында тәулігіне 14 мың адам ПТР-тесттен өткенін мәлімдеді. 

Қазіргі уақытта зертханалық зерттеу қуаттылығы – тәулігіне 28 мың ПТР-тесттен өту көрсеткішіне жеткен. Зертхана саны 56-ға артты. Оның ішінде санитариялық-эпидемиологиялық қызметте 25 зертхана болса, жеке медициналық зертханалардың саны 13, медициналық ұйымдардың зертханаларының саны – 14, - деді ол. 

Айта кету керек, зертханалардағы тест-жүйелері жеткілікті.

Қазіргі таңда тест-жүйелерінің қалдығы – 501 мың. Оның ішінде мемлекеттік зертханаларда 300 мыңнан асады. Бұл – 18 күндік қор. Қосымша зертханалардың қуаттылығын тәулігіне 35 мыңға дейін жеткізу көзделген. Ол үшін үкіметтік резерв есебінен тиісті жабдықтар, сондай-ақ, 1,2 млн тест-жүйесі сатып алынады, - деді Ақтаева.

Өзгелердің жаңалығы