Психолог өзгеге жайлы болу үшін мінезін өзгертіп жүргендерге кеңес берді

3 Тамыз 2023, 15:10
2092
Бөлісу:
Психолог өзгеге жайлы болу үшін мінезін өзгертіп жүргендерге кеңес берді
Фото: фильмнен скрин

Адам мінезі қалай қалыптасады? Жас өсе келе ол өзгере ме? Ананың жүкті кездегі жай-күйі бала дүниеге келген соң мінезіне әсер ете ме? Осы және басқа да сұрақтарға психолог Ақгүл Молдабекова жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Адамның мінез-құлқына тұрған ортасының әсері қандай? Орта өзіне ұқсатып, өзгертіп жібере ме әлде басқа да себептер бар ма?

Мінезге келгенде темпераментке басымдық беріледі. Темперамент - қан арқылы берілетін процесс. Ол 4 түрге бөлінеді: холерик, сангвиник, меланхолик, флегматик. Мәселен ынжықтық, баяу қимылдау немесе шапшаң әрекет ету. Сондай-ақ, әр адамда типологиялық форма болады. Карл Юнг секілді тұлғалар типін сегізге бөліп қарастырсақ 1, 2, 5 типке мінезі қоғамның ықпалы нәтижесінде қалыптасқан адамдарды жатқызады. Мысалы баланың темпераменті ашушаң, шапшаң, белсенді болуы мүмкін. Яғни, холерик. Бірақ оның бұл қасиеті ата-анасына ұнамады делік. Мұндай жағдайда бала қысымға ұшырайды, ұрыс естиді. Осы сәтте балада қоғамдық ортада берілген мінез құлықтың ықпалына сай іс-әрекеттер қалыптаса бастайды. Мысалы кей адамдардың сыртқы бейнесіне қарасаңыз ол белсенді, ширақ деп ойлайсыз. Ал ісінің өнімсіздігін көргенде ойыңыздан айнып қаласыз. Балада бейсаналы түрде қалыптасатын іс-қимыл да болады. Оған ортасының «туыстарына тартқан ұрлықшы, мылжың» деген сөзі әсер етеді. Мұны ғылыми тілде проэкция деп атайды. Әлгіндей ауыр сөзді бүлдіршінге ата-анасы да айтуы мүмкін. Бір-біріне көңілі толмайтын ерлі-зайыптылар баласына «сен анаңа тартқансың», «сен әкеңе тартқансың», «ынжықсың», «үндеме», «аузыңды жап» деп ауыр сөздер айтады. Екеуі де баланың жағдайын ойламайды. Мұндай кезде терапияны бала психологиясына кері әсер етуші ересектерден бастаса артық етпейді.

- Ананың жүкті кездегі жай-күйі бала дүниеге келген соң мінезіне әсер ете ме?

Бұл рас. Бұл мәселе психотерапияда қарастырылады. Алдымен ананың ренжіп, көңіл күйінің болмауына не әсер етті, соны анықтаған абзал. Оған отбасындағы түрлі келеңсіз жағдай себеп болуы мүмкін. Мұндайда ұрыс-керіс, түсініспеушілікке тап болған нәзік жанды сабырға шақыру жеткіліксіз. Ол болған келеңсіздіктермен тікелей жұмыс істеуі керек. Яғни, жағдайдың салдарымен емес, себебімен күрескені жөн.

-Қанға сіңген әдетті өзгертуге бола ма?

Адамның мінезін өзгертуге болады, бірақ темпераменті сол қалпында қалады. Реніш, ерегісу салдарынан туындаған мінезден құтылу үшін терапия қабылдау қажет. Бұл өте ауыр процесс. Мысалы баланың әкесі маскүнем болды делік. Анасы баласын көргенде ішімдікке салынған күйеуі есіне түсіп, баласына намысқа тиетін сөздер айтады. Мұны ауыр қабылдаған бүлдіршін анасына ерегесіп, мүлдем басқа мінез көрсете бастайды. Кейін бұл әдетке айналып, баланың бойына сіңіп кетуі мүмкін. Міне, терапияның көмегі осындай тұста айқын аңғарылады. Жүре қалыптасқан мінездің түп төркініне үңілуге көмектеседі. Нәтижесінде адам өзін жеңіл сезінеді.

-Жақсы әдет қалыптастыру үшін не істеу керек?

Мінезі жиі ұрыс-керіске себеп болатын жандар бар. Бірақ мұны мойындап, терапияға жүгінетіндері өте сирек. Егер бұл іске шын ниеттенсе өзі ойлағандай нәтижеге жететіні күмәнсіз. Ол үшін әр адам өз ішіне үңіліп «бұл шынайы мінезім бе, әлде қалыптасқан мінезім бе» деп ойлануы шарт. Жүре қалыптасқан мінез болса оған нендей жағдай әсер еткенін, кім себеп болғанын зерделеуі керек. Мінезді өзгертудің тағы бір жолы бар. Ол үшін жоғары интеллект керек. Дегенмен бұл процесс терапиядан да күрделі.

Тәжірибемде мінезін өзгелерге жайлы адам болу үшін өзгерткісі келетіндерді де кездестірдім. Көбі мұның теріс жағын ескермейді. Соның кесірінен шынайы болмысынан айырылады. Мәселенің астарына үңілсек, кінә өзінде емес араласатын ортасында болып шығуы әбден мүмкін. Оған қоса адамдар мінезінің пайдалы-пайдасыз жағын сараптай алмайды. Көбі қызуқандық пен ашушаңдықты нашар мінез-құлық санатына жатқызады. Бірақ адам өзін-өзі қорғау керек болған кезде осы мінезінің пайдасын байқайды. Көп сөйлемейтін жандардың дау-дамайдан алшақ жүретіні де сөзімізге тұздық бола алады.

Дағды қалыптастырудың да мінезді өзгертуге септігі мол. Мәселен белгілі бір ортада өзіңізді сабырлы ұстаймын деп шешім қабылдадыңыз. Бірақ ойыңыз жүзеге аспай жатыр. Олай болса байыпты болуды еске салатын істі жасауға әдеттеніңіз. Мысалы, қолыңызға резеңке тағып алып, сабыр сақтау керек кезде резеңкені тартып қалыңыз. Егер адам бір істі 20-21 күн тұрақты түрде жасаса, бұл оның әдетіне айналады. Соны ескерсек, 1 айға жуық уақытта сіз ұнамсыз мінезіңізден арыла бастағаныңызды аңғарасыз.

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы