Психикалық денсаулық орталығының науқастары аштық жариялады

17 Мамыр 2023, 20:27
1426
Бөлісу:
Психикалық денсаулық орталығының науқастары аштық жариялады
Фото: BAQ.KZ

Павлодар облыстық психикалық денсаулық орталығының 16 пациенті аштық жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің хабарлауынша, мәжбүрлі түрде ем қабылдап жатқан 16 адамның тамақтанудан бас тартқаны туралы ресми хат келген.

Науқастар денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына өзгерту енгізгісі келетінін жеткізді. Яғни, ем алу кезінде демалыс алу мен жақындарымен көрісуге рұқсат алғылары келді. Бұйрық бойынша бұған дейін емдеу барысында режимді бұзбай, әдепті болған науқастарға демалыстар берілген. Шешімді дәрігерлер комиссиясы қабылдаған. Ал 2020 жылы бұйрыққа өзгерту енгізілді. Бұдан былай сот шешімімен мәжбүрлі демалысқа жіберілген азаматтарға демалыс берілмейді. Науқастар тамақтану рационын ұлғайтуды да сұрады. Дегенмен, бұйрық бойынша тамақтандыруға арналған азық түрлерін көбейтуді өтініп отыр. Мәселен, қант көбірек салынса дейді. Жеміс-жидек үлесін көбейту туралы айтты, - дейді психикалық денсаулық орталығының жетекшісі Кахан Иманбеков.

Мәселенің анық-қанығын білу мақсатында науқастармен ортақ әңгіме жүзеге асырылды. Кездесуден соң 5 адам райынан қайтып, тамақтанды. Қалғаны нан мен май алып, бөлмелеріне оралды.

Бұл – аштық емес. Науқастар осы әрекет арқылы бар болғаны талаптарын жеткізгісі келді. Мұнда азаматтар сот шешімімен мәжбүрлі түрде есірткі және ішімдік тәуелділігінен емделіп жатыр. Кездесуге қатысқан прокуратура, денсаулық сақтау мекемелерінің мамандары әр науқастың талабын тыңдады. Мамандар бұйрыққа өзгерту енгізу және демалыс беру туралы хаттарды салалық мекемеге жолдады, - дейді орталық жетекшісі.

Қазіргі уақытта орталықта 140 ер азамат пен 20 әйел ем қабылдап жатыр.

Өзгелердің жаңалығы