- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Прокурор МИБ төрағасы Сәуле Жұбаниязоваға қанша жыл сұрады?
Прокурор МИБ төрағасы Сәуле Жұбаниязоваға қанша жыл сұрады?
24 Қыркүйек 2026, 11:45
Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысында Прокурор Саяжан Серікова МИБ төрағасы Сәуле Жұбаниязованы кінәлі деп танып, оған екі жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы іс бойынша тергеу аяқталғанын, сотта жәбірленушілер, куәлар, мамандар мен сарапшылардан жауап алынғанын, техникалық қорытындылар мен сараптама нәтижелері зерттелгенін мәлімдеді.
Прокурордың айтуынша, істегі негізгі мәселе – қайғылы жағдайдың не себепті болғанын және жауапты тұлғалар өз міндетін тиісінше орындағанда оның алдын алуға болар ма еді деген сұрақ.
Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 8 қарашада тұрғын үйдің қасбетіндегі қаптама кірпіштер опырылып түскен. Оқиға салдарынан бір адам қаза тауып, тағы бірнеше адам жарақат алған.
Мемлекеттік айыптау тарапы Сәуле Жұбаниязова МИБ төрағасы ретінде кондоминиумның ортақ мүлкін тиісті жағдайда ұстауды және қауіпсіз пайдалануды ұйымдастыруға міндетті болғанын алға тартты.
Жұбаниязова үйдің техникалық жағдайы мен қасбетті жөндеу қажеттігі туралы білген. Алайда ғимараттың жағдайына тиісті бақылау ұйымдастырмай, қауіпті ақауларды дер кезінде анықтау мен қажетті шараларды қабылдауды қамтамасыз етпеген, - деді прокурор.
Мемлекеттік айыптаушы оның өз міндеттерін тиісінше орындамауы ауыр зардаптарға әкелді деп есептейді.
Прокурор сотталушының осы саладағы нормативтік талаптарды толық білмегенін де атап өтті. Алайда айыптау тарапы бұл жағдай оны жауапкершіліктен босатпайды деген ұстаным білдірді.
Көппәтерлі тұрғын үйді басқаруды өз мойнына алған адам өз міндетін қалай орындау керегін білмегенін алға тартып, жауапкершіліктен босатыла алмайды. Тиісті басқарудың мәні – ықтимал проблемаларды алдын ала анықтап, ауыр салдар туындамай тұрып қажетті шараларды қабылдау, - деді прокурор.
Прокурор қандай жаза сұрады?
Мемлекеттік айыптаушы Сәуле Жұбаниязованы ҚР Қылмыстық кодексінің 254-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп тануды сұрады.
Прокурор соттан оған екі жыл мерзімге бас бостандығын шектеу, үш жылға кондоминиум нысандарын басқаруға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Бұл шектеу МИБ, ПИК, КСК және тұрғын үйді басқарудың өзге де нысандарына қатысты болмақ.
Сонымен қатар прокурор Жұбаниязоваға пробациялық бақылау кезеңінде бірқатар шектеу қоюды ұсынды. Оның ішінде уәкілетті органды хабардар етпей тұрғылықты жері мен жұмысын өзгертпеу, ойын-сауық орындарына бармау, сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін рұқсатсыз үйден шықпау, сондай-ақ пробация қызметінің рұқсатынсыз басқа өңірлерге және Қазақстаннан тыс жерлерге шықпау бар.
Егер сотталушының тұрақты жұмысы болмаса, мемлекеттік айыптаушы Қылмыстық кодекстің 44-бабына сәйкес оны жыл сайын 100 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартуды сұрады.
Сондай-ақ үкім заңды күшіне енгеннен кейін Жұбаниязованы 10 күн ішінде пробация қызметіне тіркелуге міндеттеу ұсынылды.
Прокурор: Ең қатаң жазаны сұрамаймыз
Мемлекеттік айыптаушы жаза тағайындау кезінде сотталушының жеке басына қатысты деректер де ескерілгенін айтты.
Прокурордың сөзінше, Жұбаниязова бұған дейін сотталмаған. Оның кәмелетке толмаған балаларының болуы және қылмысты алғаш рет жасауы жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде көрсетілді.
Ал жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Болған жағдайдың салдары қайтымсыз болғанымен, мемлекеттік айыптау ең қатаң жаза тағайындауды талап етпейді. Жаза болған оқиға үшін кек алу емес, жасалған қылмысқа мемлекеттің заңды әрі мөлшерлес реакциясы болуы тиіс, - деді прокурор.
Жәбірленушілерге қанша өтемақы сұралды?
Мемлекеттік айыптаушы азаматтық талаптарға қатысты да өз ұстанымын білдірді. Прокурор сотталушыдан жәбірленушілерге өтемақы қорына 10 АЕК көлемінде мәжбүрлі төлем өндіруді сұрады.
Жәбірленуші Қалиеваның азаматтық талабын ішінара қанағаттандыру ұсынылды. Атап айтқанда, өкілдік шығындар мен материалдық залалды толық өтеу, ал моральдық зиян үшін 3 миллион теңге өндіру сұралды.
Ал Нұрпейісова бойынша прокурор материалдық залалды 5 миллион теңге көлемінде өтеуді, ал талаптың қалған бөлігін қанағаттандырусыз қалдыруды ұсынды.
Сондай-ақ заттай дәлелдемелердің тағдырын Қылмыстық-процестік кодекстің 118-бабына сәйкес шешу сұралды.
Сот жарыссөзі жалғасып жатыр. Соңғы шешімді сот шығарады.
Бұған дейін Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысында оның күйеуі Әділет Зейнел жәбірленуші мәртебесінде қалатыны хабарланды.
Еске салайық, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тұрғын үйдің фасадындағы кірпіш қаптамасы құлап, бес адам зардап шеккен. Олардың арасында оқиға орнына жедел жәрдем құрамында барған фельдшер Ұлдана Мырзуан да болды. Ол алған ауыр жарақатынан 18 қарашада ауруханада көз жұмды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Сот сарапшыны қайта шақырту туралы өтінішті қанағаттандырмады.
Ең оқылған:
- «Бақыт ақшада емес»: Банкоматтан шыққан жазуы бар теңге талқыға түсті
- Несие төлей алмай жүргендерге жаңа мүмкіндік: Қазақстанда ереже өзгереді
- Шайдың құрамында бояғыш бар-жоғын қалай анықтауға болады?
- Семейде 19 жастағы студент қызды өлтіріп кетті: Күдікті ұсталды
- Қарағандыда көршісіне жала жапқан зейнеткерге жарты миллион теңге айыппұл салынды
Аида БАТУХАН