Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Твиттердегі парақшасында жазды.
Бүгін түстен кейін Президент коронавирус індетіне қарсы іс-қимыл жөнінде жиын өткізіп, елде эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға қатысты бірқатар тапсырма берді. Соның ішінде мониторингтік топтардың жұмысын реттеу қажеттілігіне тоқталды.
Прокуратура жанынан рейдтер кезіндегі бұзушылықтарға қатысты шағымдарды қабылдайтын Call-орталықтар ашылу керек. Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия әкімдіктермен бірлесіп мониторингтік топтардың жұмысын реттеулері тиіс. Шектеулер мен соңғы рейдтер еш нәтиже бермеуде. Керісінше қоғамда әлеуметтік шиеленісу тудыруда. Кейде мониторингтік топтар тексеруді таңдап жүргізеді, ашықтық жоқ. Бір мекемелер тексеріліп, бірі мүлдем тексерілмей жатады, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.Президент бұл бағытта отандық бизнестің ұстанымы өте маңызды екенін алға тартты. Өйткені, ұжымдық иммунитет қалыптаспай, санитарлық шектеуді толығымен алып тастау мүмкін емес. Қызметкерлермен және олардың отбасы мүшелерімен түсіндіру жұмысын жүргізу қажет.
Тұрғындардың індетке қарсы иммунитетін көтеру жұмысы тиімді ақпараттық түсіндіру шараларымен қатар жүруі керек. Осы маңызды жұмысқа кәсіби мамандарды, жаппай екпе салуды қолдайтын белсенді азаматтарды тартқан жөн, - деп айтты Қасым-Жомарт Тоқаев.