Алматы прокуратурасы "ҚазМұнайГаз" жаңа инвестициялық бағдарламасының жарнамасы жалған екендігін ескертеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алматы қаласы Медеу ауданының прокуратурасы әлеуметтік желілерде «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның инвестициялық бағдарламасы туралы жалған жарнаманы анықтады.
Бейнежазбада азаматтарға іске қосылған жаңа мемлекеттік "ҚазМұнайГаз" платформасына қаржы салып, 100 мың теңгеден дивиденд алуды ұсынады. "ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы" АҚ-ның мәліметіне сәйкес таратылған ақпарат шындыққа жанаспайды. Осыған байланысты прокуратура азаматтардан тағы да қырағы болуды және жасырынған қаржы пирамидасы болуы мүмкін түрлі ойдан шығарылған жарнамаларға бой алдырмауды сұрайды, - делінген прокуратура хабарламасында.
Өз кезегінде құқық қорғау органдары заңсыз инвестициялық ұйымдардың қызметін анықтау және жолын кесу шараларын қабылдауда.