Профессор: Қаңтар оқиғасына әділ саяси баға берілгені көп сұраққа нүкте қойды

11 Қаңтар 2024, 14:36
1040
Бөлісу:
Профессор: Қаңтар оқиғасына әділ саяси баға берілгені көп сұраққа нүкте қойды

Жазушылар одағында Президенттің «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты сұхбатына қатысты алқалы жиын өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Қаламгерлердің жиынын Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов өзінің алғысөзімен ашып, сұхбаттың маңыздылығына тоқталып өтті.

Сұхбатта зиялы қауым өкілдері, қазақ ойланатын дүниелер жазылған. Мемлекет басшысы өткен жылға баға беріп, келер жылы атқарылатын біраз шаруаға тоқталды. Түрлі салада тың бастамалар қолға алынып, жүйелі жұмыс жүргізілді. Ел экономикасына серпін беретін бастамалар жүзеге асты. Инфрақұрылымды жаңғырту, өнім өнімділігін арттыру бағытында мақсатты міндеттер қойылды. Бұл мақала халықтың ойында жүрген сұрақтарға жауап берді деп ойлаймын. Осы ретте, ақын-жазушылардың елімізде болып жатқан жаңалықтар мен елдегі өзгерістерге үн қататын жандар екенін білеміз. Күні кеше 35 жазушы стипендия алды. Өнер адамдарына 70-ке жуық стипендия бөлінеді. Соның тең жартысын қазақтың жазушылары алып отыр. Бұдан бөлек 6 қаламгер Қазақстан халық жазушысы деген атақ алды. Бұл ақын-жазушылардың мерейі тасып, халық ықыласына бөленіп жатқанын аңғартады, - дейді Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов. 

Белгілі ақын-жазушылар да Президенттің сұхбатына қатысты өз пікірлерін білдірді.

Ел ішінде сұхбаттың мазмұнын талдау, ой қосу, пікір айту кең көлемде жүріп жатыр. Бұл өте орынды, болашағына үлкен үмітпен қарайтын қоғам үшін елдік талқылау мемлекеттің өркендеуі үшін ауадай қажет. Әрқашан да сабырлы, салмақты, таразы басын тең ұстап, ашығын, адалын айтатын Мемлекет басшысы бұл жолы да қоғамда пайда болған көп түйткілдердің, елдің көкейінде жүрген көп сұрақтың барлығын жасырмай, бүркемелемей, анығын, әділін айтып, тыңғылықты, тарқата жауап бергені қалың елдің көңілінен шықты. Осындай сын сағатта, алмағайып заманда, әсіресе, бітеу жарадай болып жарылғалы тұрған күрделі кезеңде мемлекеттік, ұлттық, халықаралық саясаттың өзекті тұстарына тоқталып, ықтималдығы мол қауіп-қатерлердің де ауанын аңғарып, өз ой-пікірін ұстамды, шашып-төкпей, ашық білдіргенін тек игілікке балаймын. Сұхбат барысында осыдан екі жыл бұрын ғана өткен Қаңтар оқиғасына әділ, адал әрі дер кезінде саяси баға берілгені көп сұраққа нүкте қойды. Қауіптің тамыры, түбірі туралы көп ойланып, салмақтап, сабырлы ұстамдылықпен ой-пікірін білдірген Президенттің сөзі барлығымызға сабақ болады деп ойлаймын, - дейді профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының хатшысы Қансейіт Әбдезұлы.

Өзгелердің жаңалығы