Профессор: Медициналық ұйымдармен соттасу көбейді

3 Қараша 2020, 17:40
2736
Бөлісу:
Профессор: Медициналық ұйымдармен соттасу көбейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін «Астана медицина университеті» КеАҚ «Медициналық ұйымдар мен пациенттер арасындағы дауларды шешуде медиацияны қолданудың мәселелері мен болашағы» тақырыбында онлайн дөңгелек үстел өткізді. 

Ондағы мақсат – денсаулық сақтау саласындағы дауларды сотқа дейінгі реттеуді медиация тәртібімен енгізу бойынша ҚР Жоғарғы Сотының пилоттық жобасын іске асыру туралы сарапшылар қауымдастығына ақпарат беру, денсаулық сақтау саласындағы дауларды шешу үшін медиацияны қолдану тәжірибесін және денсаулық сақтау саласындағы даулы және жанжалды жағдайларды шешудің баламалы тәсілі ретінде халықтың медиация институтына деген сенімін арттыру, медициналық дауларды шешу, сондай-ақ медициналық қызметкерлер мен студенттер арасындағы жанжалдарды шешу дағдыларын жетілдіру мақсатында университеттің Медиация (Татуласу) орталығында медиацияны қолдану тәжірибесін құру, медициналық ұйымдар мен пациенттер арасындағы дауларды шешуде медиацияны қолдану проблемалары мен келешегін анықтау, талқылау.

«Астана медицина университеті» КЕАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Бақытжан Әбдірайым адамдардың медициналық ұйымдарға қарсы сотқа жүгіну жағдайлары күн сайын артып келе жатқанын айтады.

Біздің елде және тұтас әлемде болып жатқан соңғы оқиғаларға байланысты денсаулық сақтау саласы тек халық үшін ғана емес, мемлекет үшін де маңызды құндылықтардың біріне ие бола бастады. Қазіргі таңда халықтың медициналық қызмет көрсету сапасын төмен бағалауы көрініс тапқан. Медициналық ұйымдарға қарсы сотқа жүгіну жағдайлары күн сайын артып келеді, дәрігерлерге қатысты қылмыстық істер саны да өсуде. Бұл ретте, мемлекеттік саясат жанжалдарды сотқа дейін немесе соттан тыс реттеу жолымен дауды шешу санын ұлғайтуға немесе тараптар арасында өзара келісімге қол жеткізуге бағытталған. Бүгінгі таңда медицина саласындағы қақтығыстар негізінен сотта қаралады. Сонымен бірге, сот органдары оларды қандай да бір төтенше шара ретінде қабылдайды. Өз кезегінде, тараптардың мұндай дауларды шешудегі бейбіт келіссөздері тараптардың бір-бірімен дұрыс қарым-қатынас жасай алмайтындығымен, соның ішінде өзара реніш пен талаптардың болуына байланысты, ал тараптар үшін дауларды шешудің соттан тыс тәсілдері белгісіз немесе оларға сенбейтіндігімен күрделене түседі, - деді ол.

Пофессордың айтуынша, Қазақстан Республикасында медиация институтының 2011 жылдан бастап дауларды шешудің тиімді тәсілдерінің бірі ретінде енгізілгеніне қарамастан, бұл институт құқық қолдану жағынан медициналық тәжірибеде тиісті деңгейде насихатталмады.

Бұл іс-шара денсаулық сақтау саласындағы дауларды шешу үшін медиацияны қолдану тәжірибесі бойынша пікір алмасу және саланың өзекті мәселелерін талқылау мақсатында сұхбат алаңы ретінде қызмет етеді. 

Айта кету керек, дөңгелек үстелге медициналық және сот қоғамдастығының өкілдері, медиаторлар, практик-заңгерлер, медициналық-заңдық университеттердің ғылыми-педагогикалық қызметкерлері және медициналық дауларды шешуде медиацияны қолдану тәжірибесін зерттеуге қызығушылығы бар мамандар қатысты.

Өзгелердің жаңалығы