Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өз түлектерін оқытушылық қызметке қабылдау – утопия. Бұл туралы әкімшілік құқық және әкімшілік процесс бойынша ТМД кеңістігінде танымал халықаралық сарапшылардың бірі, М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университетінің профессоры Роман Мельник Фейсбуктегі парақшасында жазды.
Инбридинг дегеніміз студент, магистрант, докторанттың өзі оқыған университетінде оқытушы болып қызмет етуі. Ибридинг, ең алдымен, университеттің жұмысына, дамуына кедергі жасайды, жаңа ғылыми идея мен креативті көзқарастың жойылуына алып келеді, — дейді Роман Мельник жазбасында.
Инбридинг ұғымы көптеген елдердің академиялық жүйесінде жиі кездеседі. Профессор Мельниктің айтуынша, кешегі түлек өзіне сабақ берген профессорлар мен доценттерге тәуелді. Жас ғалым тәлімгерлерінің ғылыми көзқарастарына күмән келтірмейді, сын да айта алмайды. Нәтижесінде ғылыми зерттеулердің сапасы төмендейді.
Өз түлектерін оқытушылық қызметке қабылдау саясаты — академиялық инбридинг, посткеңестік кеңістіктегі елдерде кең тараған. Олардың ойынша, өзіміздің түлек «сырттан келгендерге» қарағанда сенімді, оқу орнының ішкі жүйесін, тарихын, дәстүрін біледі. Бұл пікір — таза утопия ,- дейді Роман Мельник.
Профессор жазбасында Стэнфордтың профессорлық құрамы бойынша мысал келтіріпті. Стэнфордта 42 Нобель сыйлығы лауреаты жұмыс істейді, оның тек 5-еуі өз түлегі екен.
Университет нарықтағы үздік кадрлар үшін күресіп, оларды іздеп тауып, жұмысқа шақырып, шығармашылығына қолайлы жағдай жасауы керек. Сонда университеттің бойына «жаңа» қан жүгіреді. Әлемдік деңгейдегі университеттер инбридингке қарсы саясат ұстанады. Сол оқу орнында ғылыми дәреже алған адамдарды университетке жұмысқа қабылдауға заңмен тыйым салынған ,- дейді ол.