Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тергеуші – құқық қорғау органдарының маманы. Оның жұмысы өте жоғары жауаптылықты қажет етеді. Бүгінгі мақаламыз осындай қызметтің жүгін абыроймен атқарып жүрген Ішкі істер министрлігі Тергеу департаменті Аймақтық бақылау басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі полиция подполковнигі Берікбол Есмаханов жайында болады.
Берікбол Есмаханов Алматы қаласында туған. Бірақ балалық шағы қазіргі Түркістан облысы, Арыс ауданына қарасты Саналы елдімекенінде өткен. Ата мен әжесінің (дүниеден өткен) ең үлкен немересі болғандықтан олар кейіпкерімізді 6 айлық кезінен бауырларына басып өсірген, мектеп бітіргенше осы кісілердің тәрбиесінде болған.
Берікбол Есмахановтың туыстарының арасында ешкім полицияда қызмет етпеген.
Кейіпкеріміздің екі ұлы және екі қызы бар.
Білім мен қызмет
2004 жылы Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетін «заңгер» мамандығы бойынша тәмамдағанмын. Полицияда қызмет ету туралы ниет диплом алған соң, 1 жылдан кейін ғана пайда болды. Осында жұмыс істеу өз таңдауым болды. Елордада тергеу саласында қызмет ету мен үшін үлкен абырой. Сондықтан дұрыс таңдау жасағаныма разымын, - дейді тергеуші.
Қызметке алғаш келген жас маманға бағыт-бағдар беріп, жол нұсқайтын тәлімгері болады. Осы ретте Берікбол Есмаханов өзінің тәлімгері туралы айтып берді.
Тәлімгерім Астана қаласы Алматы аудандық ІІБ Анықтау бөлімінің бастығы Маусымбаев Ерлан Ерсенұлы болған (қазір ІІМ зейнеткері), себебі алғаш рет анықтаушы болып қызмет етіп, 2008 жылы Нұр-Сұлтан (ол кезде Астана) қаласы ІІД Тергеу басқармасына тергеуші лауазымына ауысқан болатынмын. Ал ІІМ Тергеу департаментіне 2011 жылғы сәуірде ауыстым, - деп айтты ол.
Есмаханов қазіргі уақытта Аймақтық бақылау басқармасында қызмет атқаратындықтан, бекітілген тергеу бөліністеріне мүмкіндігінше тәжірибелік көмек көрсетіп жүр.
...Білген ердің бол шәкірті,
Білмегенді қыл шәкірт,
Үйренуге қылма намыс,
Үйретуге болма кер – деп Ш. Құдайбердіұлы атамыз айтқандай, жүгінген тергеушілерге білгенімді үйретіп, өзім бұрын қылмыстық істерді тергеуде оң нәтиже берген, қазіргі тілмен айтқанда пайдалы «лайфхактармен» бөлісіп тұрамын, - дейді тергеуші.
«Балаларым біраз уақытқа дейін жатырқап жүрді»
Айтпасақ та белгілі жағдай, тергеу саласының ең басты ерекшелігі нормадан тыс жұмыс кестесі. Сондықтан менен: «жұмысың өзіңе ұнай ма, қалай шыдап жүрсің, үнемі, тіпті мереке, демалыс күндері де жұмыстасың, жиі іссапарда жүресің, мұндай жұмыстың не керегі бар?» деп сұрақ қойғандарға әзілмен: «Маған өзімнің еркін график бойынша жұмысым ұнайды. Қаласам таңғы 7-де жұмысқа келемін, қаласам үйге түнгі 00.00-де қайтамын, ал қаласам үйге бармай, жұмыста қаламын» деп жауап беремін, - деп күлді Берікбол Есмаханов.
Айтуынша, екінші ерекшелік - жұмыстың қызығы.
Қылмыстық істерді тергеу қатты ұнағандықтан, көбінесе өзімнің жеке және отбасылық шаруаларымды ұмытып кететінмін немесе екінші жоспарға ысырып қоятынмын. ІІМ Тергеу департаментінің Тергеу басқармасында қызмет атқарған 9 жылдың 6 жылға жуығын іссапарда, яғни басқа облыстарда қылмыстық істерді тергеумен өткіздім. Отбасымды ең ұзақ 6 ай көрмеген кездер де болды, нәтижесінде ең кішкентай балаларым мені ұмытып, біраз уақытқа дейін танымай жатырқап жүрді, - дейді маман.
Тергеуші мен тергеу
Тергеушінің жұмысы о бастан жеңіл емес екені белгілі. Жалпы ішкі істер органының тергеу бөлінісінде 17 жыл, оның ішінде ІІМ Тергеу департаментінде 11 жыл қызмет атқарған уақыт аралығында бірқатар реформаны бастан кешірдік. Тергеушінің жұмысы 2015 жылы Сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірыңғай тізілімі жүйесі енгізілгелі едәуір көбейді. Мысалы, 2015 жылға дейін қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арыздарды криминалдық полиция және учаскелік полиция қызметкерлері қарастырып, процестік шешімдер қабылдау мүмкіндігіне ие болған. Яғни тергеуге дейінгі тексерісті жүргізіп, қылмыс құрамы анықталмаған жағдайда қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы шешім қабылдайтын, - дейді маман.
Сөзінше, өзгерістер енгізілгелі мұндай шешім қабылдау түбегейлі жойылып, тиісті арыздар бойынша процестік шешімдерді тек тергеуші мен анықтаушы қабылдайтын болды.
Алайда бұған қарамастан, бұл өзгерістің қылмыстық істі тергеуде тиімді және пайдалы жағы басымырақ болды. Себебі бұл - электрондық жүйе. Қолданысқа бұдан басқа да заманауи ақпараттық жүйелер енгізілді, олардың барлығы тергеушінің жұмысын жеңіл әрі жедел етіп жатыр. Мысалы, бұрын қылмыстық іс бойынша қажетті мәліметтер - адамның сотталған-сотталмағаны, наркологиялық және психиатриялық есепте тұратын-тұрмайтыны сияқты мәліметтерді тиісті мекемелерден сұрататынбыз. Ал қазір мұндай мәліметтерді ешқайда жүгінбестен, кабинетте отырып ақпараттандырылған жүйеден санаулы минуттарда, тіпті секундтарда алу мүмкіндігі бар, - деп толықтырды Берікбол Есмаханов.
Қызметтегі қызықты оқиға
Тергеуші 2015 жылы үздік тергеуші атануына себеп болған қызықты оқиғамен бөлісті.
2014 жылы қоғамдық резонанс тудырған аса ірі көлемде мемлекеттің ақшалай қаражатын жымқыру фактілері бойынша ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты қылмыстық істі тергеп, сотқа жолдадық. Тергеу барысында тәркіленіп, тыйым салынған 10 000 АҚШ доллары бар болатын. Жыл соңында іс бойынша сот үкімі шығып, сотталушының біреуі (аталған соманың иесі) кінәсін толық мойындауына, әрі мемлекетке келтірген мүліктік шығынды толық өтеуіне байланысты қамаудан босатылды және сот оған шартты түрде жаза тағайындап, тәркіленген 10 000 АҚШ долларын оған қайтару туралы шешім шығарды. Үкім заңды күшіне еніп, 2015 жылғы наурыз айының басында Тергеу департаментіне орындауға, яғни ақшаны қайтару үшін жолданды. Сөйтіп ол адамды шақыртқанымда, ол өзіне тиесілі 10 000 АҚШ долларын алғаны туралы қолхат жазып беріп, сый ретінде өзімде қалдыруды ұсынды. Алайда мен бас тартқан соң, ол жартысын, кейіннен бір бөлігін алуымды өтінді. Алуға арым бармай және заңсыз болғандықтан бас тартып, бір тиын да алмастан, ақшаны қолына ұстатып шығарып салдым, - дейді тергеуші Берікбол Есмаханов.
Арада 20 күн ұзамай маған үздік тергеуші атағы бұйырды, оған қоса құны 5 000 АҚШ доллары болатын «швейцарлық» қол сағаты мен 5 000 АҚШ доллар ақша табысталды.
Осы оқиғалардан кейін, бұрын туысқан ағамнан естіген: «бұрыс және арам жолмен келген пайдадан нәпсіңді жеңіп бас тартсаң, осындай немесе одан да көп пайда көп ұзамай ойламаған жерден дұрыс, адал жолмен келеді. Ал егер біріншісін таңдасаң, екіншісі бұйырмайды» деген сөздері есіме түсті. Енді осыдан арсыздыққа және заңсыздыққа жол беріп, ұсынылған «сол 10 000 АҚШ долларды алғанымда ақыры қалай болар еді?» деген сұрақ туындайды. Әркімнің жауабы әртүрлі болар, ал менің ойымша, алған ақшаның берекесі болмай, адал жолмен келген марапаттан құр қалушы едім, - дейді маман.
Берікбол Есмаханов бос уақытын отбасымен бірге серуендеумен, кітап оқумен өткізеді және аптасына 2-3 рет таңғы 06.00-де жүгірумен айналысады.
Тергеуші қандай болуы керек?
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп Абай атамыз айтқандай, қиындықтарға мойымай тек алға ұмтылу керек. Абай Құнанбаев пен Шәкәрім Құдайбердиевтің өлеңдерін көбірек оқуға ақыл-кеңес берер едім. Себебі бұл кісілердің жазған еңбектері түсініп оқыған адамға тәрбиелік жағынан әсері мол және күнделікті өмірде мотивация береді, - деп түсіндірді ол.
Тергеуші Берікбол Есмаханов қазіргі заманның тергеушісінің бойында қандай қасиеттер болуы керегін айтты.
Менің ойымша, қазіргі заманның тергеуші әмбебап, яғни жан-жақты, кәсіпқой болуы керек. Бұл қасиеттерге ие болу үшін көп оқу қажет. «Тәрбиесіз алынған білім, адамзаттың қас жауы» - деп Әл-Фараби бабамыз айтқандай, ең бастысы, тәрбиелі болу керек. Тәрбиелі адам жақсы адам. Марқұм атам былай деп айтушы еді: «Адамның ең жақсысы ешкімге зиянын тигізбей, пайдасын тигізгені.Қайда болсаң да пайдасы тиетіндердің қатарынан бол». Өзімнің алдыма қойған мақсатым - ІІМ зейнеткері атанып, балаларымның тәрбиесіне көп көңіл бөліп, қоғамға пайдамды тигізу, - деп сөзін қорытындылады тергеуші Берікбол Есмаханов.