Профессионалдар. Сот сараптамасы мамандары

13 Ақпан 2024, 09:38
683
Бөлісу:
Профессионалдар. Сот сараптамасы мамандары
Фото: кейіпкердің архиві

Сот сараптамалық зерттеулер қылмыстың да, өзге бағыттағы істердің де айғақтарын нақтылауда маңызды орынға ие. Осы орайда аталған маңызды салада қызмет атқарып жүрген Астана қаласы бойынша Сот сараптамалары институтының директоры Бақытжан Байтілесовпен әңгімелесудің орайы келген еді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Бақытжан Төленұлы, бүгінгі әңгімеміз қоғам үшін маңызды тақырып саналатын сот сараптамалары саласына қатысты болса деймін. Әуелі өзіңіз қызмет ететін Астана қаласы бойынша Сот сараптамалары институтының жалпы қызметіне тоқталсаңыз.

- Әрине, сот сараптама саласы қоғам үшін өте маңызды сала десек қателеспейміз. Ол осы сала қызметіне жүгінетін барлық органға да, тіпті қарапайым тұрғындарға да белгілі. Ал бұл саладағы институтымыз атқаратын жұмыстың ауқымдылығы айтпаса да түсінікті болар деп ойлаймын. Институтымыз жаңа ғимаратқа көшкелі бері бізге Астана қаласынан бөлек, алыс-жақын өңірлерден келетін сараптамалардың саны да артып отыр. Сарапшылар зерттеу жұмыстарын уақытылы орындауға барын салып жұмыс істеп жүр.

- Сот сараптама саласы барлық жерде бірдей болса керек. Дегенмен Астанадағы институт несімен ерекшеленеді?

- Институт өзінің заманауи инфрақұрылымымен және заманауи құралдарымен танымал. Институт Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген істердің кең ауқымын қарастыра отырып, қарқынды жұмыс істеп тұр. Біздің мекеме қылмыстық тергеуден бастап, азаматтық дауларға дейінгі әртүрлі істер бойынша сот сараптамалары мен сараптамалық зерттеулерді жүргізуге жауапты. Олардың жұмысы сот процесінде шешуші болуы мүмкін айғақтарды ұсына отырып, сот процесінің ажырамас бөлігі бола алады.

- Жоғарыда институттың жаңа ғимаратқа көшкенін айттыңыз. Әрине, жаңа, жайлы ғимаратта отыруды кім жек көрсін. Дегенмен жаңа ғимарат сіздердің қызметтеріңізге, яғни сот сараптама саласына бейімделіп салынған ба? Яғни жаңа ғимараттың мүмкіндіктері жайлы айтсаңыз?

- 2022 жылғы 14 желтоқсанда салтанатты түрде ашылған Астанадағы сот сараптамалары институтының жаңа ғимараты біздің мүмкіндіктеріміз бен өндірістік әлеуетімізді күшейте түсті. Қазір институт заманауи мекеме ретінде әлемдік стандарттарға сәйкес келетін озық технологиялармен жабдықталған. Қазіргі кезде Әділет министрлігі бекіткен сараптама мамандықтарының тізбесінде көрсетілген зерттеу түрлерінің 52-сі Астана қаласы бойынша Сот сараптамалары институтында жүргізіледі.

Жаңа ғимаратта сот-медициналық, гистологиялық, химиялық-токсикологиялық және молекулалық-генетикалық сараптамалар жүргізіледі. Мұнда күрделі жағдайларға, биологиялық зерттеулерге, габитологиялық, трасологиялық және баллистикалық зерттеулерге арналған мамандандырылған бөлімдер, сондай-ақ, мәйіттердің әртүрін зерттеуге арналған мәйітхана бөлімдері мен қорғаныс киімдерін сақтауға және мәйіттерді өңдеуге арналған орындар бар. Сонымен қатар институтта химиялық, биологиялық және молекулалық-генетикалық зертханалар, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларын, көлік құралдарының жағдайларын зерттеу, психологиялық бағалау, құжаттарды сараптау және бейнефонографияны талдау салалары қамтылған.

- Тамаша! Бір сөзбен айтқанда жаңа ғимаратта сот сараптамасын сапалы жасауға барлық мүмкіндік жасалған дейсіз ғой?

- Дәл солай!

- Ал осындай матриалдық мүмкіндікті толық пайдалана алып отырсыздар ма? Яғни сот сараптамасын сауатты жүргізетін маман бар ма? Біліктілікті арттыру бағытында қандай жұмыстар жүргізіп жатырсыздар?

- Кадрлардың біліктілігін арттыру мәселесін Қазақстан Үкіметі мен халықаралық білім беру мекемелерінің бірлескен жұмыстарына жүгіну арқылы бағалай аламыз. Мысалы, 2016 жылдан бастап Лондон Корольдік колледжінің құрамына кіретін King's Forensics орталығы Қазақстан Үкіметімен еліміздегі сот төрелігі секторын ғылыми ілгерету бойынша ынтымақтастық жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл серіктестік King's-Bolashaq құқық және зияткерлік меншік саласындағы бағдарламасын әзірлеуге жол ашты. Қазақстанның әділет саласындағы мамандарының әртүрлі тобы аталған бағдарламаға қатысады. Әсіресе, сот сарапшылары өз біліктіліктерін арттыруға өте белсенді. Нәтижесінде әлемнің жетекші университеттерінде өз дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін беделді бағдарлама «Болашақ» халықаралық стипендиясына ие болды. Бағдарламаға қатысушылардың алды Институтқа өз әріптестерімен бөлісуге болатын жаңа әрі қызықты идеялармен оралып, қызметтерін жалғастыра бастады.

Дегенмен, біздің мамандардың біліктілік арттыру жұмыстары мұнымен шектелмейді. Қазақстандағы университеттердің зертханаларымен қоса алыс-жақындағы шетелдік ғылыми орталықтармен тығыз байланыста.

- Бақытжан Төленұлы, әңгімемізді сот сараптама саласының қазіргі қоғамдағы рөліне бағыттасақ. Әсіресе әлеуметтік желілерде жиі кездесетін шиеленістер мен жалпы жаһандық қақтығыстар жайлы. Жалпы цифрлық кеңістіктегі ақпараттар сот сараптамасына қалай әсер етеді? Оны айғақ ретінде пайдаланасыздар ма?

- Жаһандық қақтығыстар туындаған кезде дезинформация мен цифрлық ақпараттардың өсуі байқалады. Әлеуметтік желілер мен медиа кеңістігі қайшылықты ақпараттар алаңына айналады және дәл осы жерде сот- сараптамасы іске кіріседі.

- Демек әлеуметтік желідегі жазбалар сот сараптамасына алынады дейсіз ғой? Мұндай жағдайларда сот сарапшылардың алдынан шығатын мәселелер туралы толығырақ айтсаңыз?

- Негізгі мәселелердің бірі – сандық дәлелдемелердің көлемі мен сенімділігі. Қақтығыс кезінде әлеуметтік желілер суреттерге, бейнелерге және әртүрлі мәтіндерге толады. Мұндай кезде цифрлық материалдардың шынайылығын анықтау мен сот сараптамасының озық әдістерін қолдану керек болады.

- Бүгінде әлем алдында үрей тудырып отырған қылмыстың тағы бір түрі – психобелсенді заттардың таралымы. Жалпы психобелсенді заттармен жұмыс істеу кезінде кездесетін негізгі қиындықтар қандай?

- Негізгі қиындық деп психобелсенді заттардың құрамының үнемі өзгеріп отыруын айтуға болады. Өндірушілер заңды айналып өту үшін психобелсенді заттардың құрамын жиі өзгертеді, бұл сарапшылардан оларды анықтау әдістері мен тәсілдерін үнемі жаңартып отыруды талап етеді. Сондықтан үнемі біліктілікті арттырып отыру маңызды.

- Мұндай қитұрқылық қылмыс әлемінде көп шығар? Десе де сіздердің ұзақ жылғы тәжірибелеріңіз бұл мәселені оң шешеді деген ойдамын.

- Иә, дұрыс айтасыз. Сот сарапшылары психоактивті заттарды анықтау мен талдауда шешуші рөл атқарады. Бізде мұндай нысандардың химиялық құрамын дәл анықтау үшін газ хроматографиясы және масс-спектрометрия сияқты күрделі әдістері қолданылады. Институт бұл бағытта тәулігіне 24 сағат демалыссыз жұмыс істейді десек болады.

- Психобелсенді заттарды зерттеудегі сот сараптамасының тиімділігін арттыру үшін қандай қадамдар жасалып жатыр?

- Химиялық талдау және токсикология саласындағы үздіксіз оқыту және білімді жаңарту маңызды. Біз, сондай-ақ, жаңа психобелсенді заттар мен оларды зерттеу әдістері туралы ақпарат алмасу үшін халықаралық ұйымдармен байланыс орнатып, ынтымақтастықта жұмыс істейміз. Сондай-ақ Сот сараптамалары орталығының біліктілікті арттыру іс-шараларына институт сарапшылары белсенді қатысады.

- Биыл Тәуелсіздік алғанымызға 33 жыл болды. Мемлекет үшін аз уақыт болар, ал адамдар үшін аз уақыт емес. Тәуелсіз елімізде қылмыс болмасын деген тілекпен, соңғы сұрағымды қойсам деп отырмын. Тәуелсіздік алғалы бері сот сараптамасы саласында қандай өзгерістер болды? Әсіресе азаттығымызды нығайту жолындағы сот сараптама саласының алар орны жайлы айтсаңыз?

- Тәуелсіздіктің тұғырын әділетті қоғам ғана нықтайды. Ал сот сараптамалық зерттеуі әділ қоғамды қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Сот сараптамасы сот төрелігін жүзеге асырудың объективті және ғылыми негізін қамтамасыз етеді.

Яғни сот сараптамасының мәні – ғылыми негізде шындықты анықтауға мүмкіндік беру. Сот төрелігінде кінәлілердің жазалануын және кінәсіздердің ақталуын қамтамасыз етуді білдіреді. Дәл және бейтарап сот сараптамасын ұсына отырып, біз әділ және ашық сот ісіне үлес қосамыз.

- Бұл Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта нақты қалай іске асып келеді?

- Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап Сот сараптамалары орталығы филиалы болатын Астана қаласы бойынша сот сараптамалары институты өз құрылымы мен ғылыми әлеуетін нығайту жолында. Сондықтан сот сараптамасы бұл процестің маңызды бөлігі десек қателеспейміз. Сот сараптамасы жоғары стандарттарды сақтай отырып, қоғамдағы әділеттілік принциптерін нығайтады. Осылайша тәуелсіздікті және қоғамдық балансты сақтауға үлесімізді қосамыз. Меніңше, сот сараптамасы осы тұрғыда тәуелсіздіктің тұғырын тіктеуге атсалыса алады.

- Сұқбатыңызға рақмет!

Өзгелердің жаңалығы